Жолаушылар тегін интернет желісіне қолжеткізді

интернет Бұдан былай Қарағанды автобустарында интернет желісі тегін. Қарағандылық жолаушылар «WiFi Bus» кең көлемді жобасын ресми түрде сынап көрді. Жоба аясында қалалық автобустарға “3G WiFi-роутерлерді” әлемдік желіге тегін қосуға мүмкіндік беретін арнайы аспаптар орнатылды. Қарағандыдағы «№3 Автобус паркінің» 24 көлігі осы қондырғылармен жабдықталды. Алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарланып отыр. «Смартфондар, планшеттер және басқа да құрылғылар қолданысқа дендеп енгелі жылдамдығы жоғары мобильді интернетке деген сұраныс та арта түсті. Біз мұндай жобаны республикалық көлемде алғаш ашқан компаниямыз. Қала тұрғындары үшін жылдам интернет ұсынып қана қоймай, олардың таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік сыйлаймыз» дейді “Beeline Қазақстан” компаниясының бас атқарушы директоры Тарас Пархоменко. «Автобуста желіге тегін қосылу – жұмысқа немесе оқуға барар жолдағы уақытты ұтымды пайдалану мүмкіндігі. Біз осындай қызықты да пайдалы жобаны іске қосқан “Beeline Қазақстан” компаниясының бастамасын қолдаймыз. Бұл бастама қалалық қоғамдық көліктегі қызмет сапасын жақсартып,жолаушылар санын арттыра түсетіні күмәнсіз» дейді Қарағанды облысының жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Сәбит Оспанов. Бұған дейін бұл жоба сынақ ретінде Петропавл қаласында іске қосылып, кейіннен тәжірибе барысында Көкшетау, Түркістан, Орал қалаларында жалғасын тапты. Бүгінгі таңда Қостанай, Атырау қалаларында сынақ жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатса, Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар және басқа қалаларда дайындық жұмыстары басталып кетті. Бекжан БАҚЫТҰЛЫ, Қарағанды облысы