Азамат Тәжаяқов сотқа "лаңкестің досы" болғаны үшін тартылды
2014 ж. 18 шілде
1433
0
Азамат Тәжаяқов сотқа "лаңкестің досы" болғаны үшін тартылды. Отандасымыздың қорғаушысы Бостондағы теракт бойынша өтіп жатқан сот отырысында осылай деп мәлімдеді.
Америкалық "Boston.com." басылымы жазған мақалаға жүгінсек, екі жақты пікірталас кезінде адвокаты Азаматты "ол бар болғаны колледждің аңқау студенті ғой" деп, ақтап алмақ болған.
Прокурорлар болса, Азамат Тәжаяқов Джохар Царнаевтың марафон кезінде бомба жаратынын біліп, айғақ заттарды қасақана жасырды деген пікірінен қайтар емес.
Мақалада прокурор Джон Капиннің сөздері келтірілген. Ол Азаматты "досын қорғамақ болды" деп айыптайды.
Болжам бойынша, сот әлі 2-3 аптаға созылатын сыңайлы.
Еске салсақ, қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев Бостондағы лаңкестік әрекетке қатысы бар деп айыпталып отыр. Кінәлары дәлелденсе, әрқайсысы 25 жылдан арқалауы мүмкін. Диас Қадырбаевқа қатысты сот отырысы қыркүйек айында басталады.