Пошташылардың жағдайы қашан түзеледі?
2014 ж. 18 шілде
1845
0
Маусымның 17-сі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков «Қазпошта» АҚ Алматы филиалының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
«Жақында Мәжілісте Қазпоштаның жұмысы жайлы заң жобасы қаралды. Қазпошта Халықаралық пошта байланысы одағының талабына сәйкес болуы үшін бас оператор ұлттық емес, тағайындалған оператор мәртебесін алды. Ендігі кезекте Қазпоштамен кез келген пошта байланысы бәсекеге түсе алады. Алматы поштасының жұмысы қаншалықты өзекті, нарық стандарттарына сәйкесе ала ма? Осы мәселелерге көз жеткізуді мақсат тұтып отырмын»- деді депутат.
Жазылбековтің айтуынша, пошта саласында қызметкерлердің мәртебесін жоғарылату, жалақысын көтеру сияқты шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының депутаттары бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Кейбір орындарда басшылардың жалақысы миллион теңгеден асып жығылса, қатардағы пошташының алатыны небары он мыңнан аспайды екен. Осындай әділетсіздік туралы мәселе көтерген депутаттар осы сала жұмысына жан жақты назар аударып, жергілікті жерлердегі пошта жұмысын жіті бақылауға ала бастады. Оған қоса, пошта туралы жаңа заң жобасына тиісті өзгерістерді де ұсынып отыр. «Күзде заң жобасы қайта қаралады. Сол кезде осы проблемалардың бәрі жан-жақты талқыланатын болады» - деді депутат.
«Алматы поштасы үнемі Парламент депутаттарының назарында. Жақында «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері де келіп кетті. Өйткені, біздің филиалдың өзі ҚР Президенті стратегиясын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқаруда. Халықтың жағдайын жеңілдету үшін қызмет көрсетудің сапасын арттыруда. Заң шығару билігі пошта қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелеріне үнемі көңіл бөліп отырады» - дейді филиал директоры Бекжігіт Бекбердиев.