Бес жасар "батыр" апаннан бес бөлтірік алып шықты!..
2014 ж. 17 шілде
2644
4
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Төкен Қасымбеков ақсақалдың Ақжол есімді немересі бес жасында қасқырдың апанына кіріп, бес бөлтірікті алып шыққан екен. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газеті жазады.
Газеттің жазуынша, бұл оқиға осыдан 4-5 жыл бұрын болған. Бір-екі жолдасымен аңға шыққан Дәурен жылап қалмаған соң Ақжолды да өзімен бірге ала кетеді. Күні бойы қасқырдың соңына түскен аңшылар бір кезде оның апанының үстінен шығады.
Қаншықтың апанда жоқ екеніне көздері жеткен олар ұзын таяқпен түрткілеп, түбінде бөлтіріктер бар екендігін анықтайды. 4-5 метрлік апанды қазып алуға уақыт тар, ал алмаса ертең бөлтіріктердің де қаскүнем болып, малға шабары сөзсіз, ендеше, алмай кетуге болмайды.
Апанға қолдары сыйғанмен еңселері бойламаған үлкендер бес жасар Ақжолдың кіргенін қалайды. Бірақ баланы қасқырдың апанына кіргізуге кімнің дәті шыдар? Алайда, "Кіресің бе?" деп жорта сұрағанда жүзі жайнап тұратын өжет бала: "Кіремін!" деп жанып кетеді. Тіпті, ұмтылып тұрған соң қолшам ұстатып, әкесі оны тар апанға сүңгітіп жібереді. Жер бауырлаған бала әлгіндей болмай, көзден ғайып болады.
Әлде не болып кетер екен деп қорқа соққан әке апанға қарап, аңырап қала береді. 4-5 метр тереңдіктің ішінде не бары, тіпті, түк болмаса да топырақтың опырылып құлап, баланы басып қалу қаупі бар екені белгілі.
Сондықтан жүрек күпті. "Әй, не көрдің" десе бала: "Мыналар маған фонариктерін жағып тұр", депті. Қолшамның жарығына бөлтіріктердің көздері жарқырап көрінеді емес пе. Сәби соны "фонариктер" деген екен.
"Ол фонарик емес, күшіктердің көздері ғой, қорықпа, алып шық" дейді мындағылар дем беріп. Батылданып кеткен бала ырылдаған бөлтіріктің бірін желкесінен қыса ұстап, артымен шегініп, алып шығады. "Тағы да бар ма?" десе: "Әлі көп", - деп қайта кіреді.
Сөйтіп, жүрек жұтқан батыр қасқырдың бес бөлтірігін алып шыққан екен. Бұл қазақтың кең даласына күнделікті көрініс болғанымен қатардағы оқиға емес. Қасқырдың апанына бес жасар баласын енгізуге батылы барған әке де, қорқуды білмей, қараңғы жерге қойып кеткен бала да осал емес.
Осы, Төкең үйінің ауласында тағы бір бөлтірік байлаулы тұр. Ауылдың көптеген иттері әлгінің иісінен қорқып, айналып қашады екен.