Вице-министр таксимен жүреді... (фото)
2014 ж. 17 шілде
1727
1
Кеше Астанада кезекті атышулы процесс басталғанын хабарлаған болатынбыз. Айыпталушы орындығында бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов.

Қаржы полициясы лауазымды шенеунікті құрылыс компанияларымен ауыз жаласып, бюджеттің 1 миллиардттан астам теңгесін қымқырды деп айыптап отыр. Ал бұл қыруар қаржы Шығыс Қазақстандағы мектепті салуға жұмсалуы тиіс болатын.
Бірнеше мәрте кейінге қалдырылған атышулы процесс айыпталушы қалағандай Алматыда емес, ақыры Астанада басталды деп хабарлайды КТК арнасы.
Басты күдікті бұрынғы Білім вице-министрі, сотқа үйінен келді. Себебі Саят Шаяхметов басқа парақорлар сияқты изоляторда емес, үйқамақта жүр. Салқынқанды болып көрінгісі келгенімен, сот табалдырыгын аттағанда-ақ Шаяхметовтың қобалжығаны білініп қалды.
Ал шатылып жатқан шенеунікпен құрылыс компаниясының басшысы үйқамақта отырса, олардың екі сыбайласы кісенмен жеткізілді.
4 сыбайласты орға жыққан Өскемендегі болашақ инженерлерді әзірлейтін мектептің құрылысы. Білім ордасын тұрғызуға бюджеттен 3 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған.
Тергеу материалдарына сүйенсек, қызмет бабын асыра пайдаланған Шаяхметов құрылыс компанияларының басшыларымен ауыз жаласып, нысанға бөлінген 1 млрд-тан астам теңгені қалтаға басыпты.
Алайда олардың ешқайсысы да кінәларын мойындаған жоқ.
Ал Шаяхметовтың адвокаты үйқамақта отырған айыпталушының жүріп тұру уақытын ұзартуды сұрады. Себебі шенеунік жұбайлық міндетін орындай алмай, кәмелет жасына толмаған 3 баласына, жүкті әйеліне бас көз бола алмай қиналып жүр екен.
Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сөйтіп әкелік те, некелік те міндетін орындай алмай жүрген экс-вице-министр үйіне көңілсіз қайтты.
Жеке көлігін көрсеткісі келмеді ме, әйтеуір соттан шыға сала көшенің қақ ортасында тұрып такси тоқтатты. Таксиге мініп үйіне қайтқан Саят Шаяхметов енді алдағы бірнеше ай бойы осы жерге тұрақты түрде келіп тұрмақ.
Ал орынбасары істі болған соң көп ұзамай сол кездегі Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов отставкаға жіберілген болатын. Дәл осы Жұмағұловтың кезінде Шаяхметов Қазақ ұлттық университетінде проректор болып жүрген жерінен вице-министр дәрежесіне дейін көтерілген болатын.
Енді оның 3 сыбайласымен бірге 1 миллиард теңгені жегені дәлелденсе, дүние- мүлкі тәркіленіп кемі 12 жылға абақтыға жабылуы мүмкін.