Судья мен адвокаттың төбелесі!..
2014 ж. 16 шілде
1662
0
Қарағандыда судьяны сапалақпен ұрған заңгерге қатысты сот отырысы жалғасуда. Ал жапа шеккен судья Арай Алшынбековтың өзі сотта төбе көрсетпей жүр деп хабарлайды КТК арнасы.
![]() |
|
Фото: nv.kz |
Жауап алынған басты куәгер Алшынбековтың арызына сәйкестендіріп түсініктеме бергенімен, бейнетаспадағы жазба барлығын өз орнына қойғандай болды. Өзін өзі қорғап жатқан Евгений Танков судьяның ар-ожданына нұқсан келтіргенін мойындағынымен, істен судьяға күш көрсетті деген баптың алып тасталуын тағы талап етті. Мына кадрлар куәгер мен жәбір көрген судьяның айтқандарының көбіне кереғар. Олар заңгер Танковтан оңбай таяқ жедік деген болатын. Оқиғаға қатысы жоқ болса да, сол процестегі қарсы тараптың өкілі Игорь Митиннің де жұдырыққа ерік бергені байқалады. Бірақ енді ол араша түстім деп ақталуда.
Ал осы қақтығыста "шынашағымды жаралап, жан сауғаладым" деген судья Алшынбеков заңгердің темір торға қамалғанын қалайды. "Алшынбеков сол оқиғадан соң әріптестерімен кеңесе отырып, арызды қайта-қайта 4 рет жазды. Одан кейін де берген түсініктемесін бірнеше рет өзгертті. Бір жолы бармағым жараланды десе, екіншісінде менімен алысып жүргенде қабырғаға қысып алдым дейді. Ал куәгер Игорь Митин тіпті мен судьяны қабырғаға лақтырғанда қабырға қақырап кетті деп тұр", - дейді сотталушы Евгений Танков.
Евгений Танков сапалақпен салып жібергенін мойындаса да, бұл әрекеттің күш көрсетті деуге келмейтінін айтады.
Оның ойынша, іс "сотты сыйламау" бабы бойынша қаралуы тиіс. Жалпы, соттың өзі бір қызық болып барады. Шағымданушы келген жоқ. Ал оны жақтап сөйлеген Митин өзін бейнекамереға түсіруге қарсы. Мына кадрлерде заңгердің қолындағы камераны судьяның жұлып ап, жерге ұрып сындырғаны анық байқалады. Ондағы жазба бүтін қалғанымен, істегі айғақтардың қатарына кірмепті. Әйтпесе, одан да көп нәрсеге көз жеткізуге болар еді дейді заңгер.
Евгений Танков судья Алшынбековтың даулы шешімдері мен көптеген құйтырқы әрекеттері осы қадамды жасауыма түрткі болды дейді. Жалпы, Қарағанды судьяларының көбі заңгердің алдында білімсіздігін байқатып, талай масқара болған.
Кезінде бір судья Танковтың ұсынысы бойынша іске куәгер ретінде 15-ші ғасырда өмір сүрген кардинал Решельені шақыртып, тарихи тұлға келе алмай қалғанда кәдімгідей ренжіпті. Сондықтан өзін атарға оғы болмай жүрген судьялардың қолына кезекті рет түскен Танковтың жағдайы не боларын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.
