ҰЛЫ НҰРТАС ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

1
1529
«Қолым таза!
Жүзім таза!
Арым таза!»
Н.Оңдасынов

Есімі көп айтылмай, ерлікке пара-пар қайраткерлік еңбегі лайықты бағаланбай келе жатқан Алаш ардақтыларының бірі – Нұртас Оңдасынов. Орда бұзар отыз төрт жасында, 1938 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына сайланған, бұл жауапты лауазымды қызметті табаны күректей он үш жыл бойы мінсіз атқарған Нұртас Дәндібайұлы туралы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелердің тасқа басылып, халық жұртшылыққа тарала бастауы тәуелсіздік жылдарының еншісіне бұйырды. Әсіресе, «қолымда қаншама билік болса да, біреуден көк тиын пара алмадым – Қолым таза! «Үштіктің» біреуі болып адамдардың сыртынан қол қойып, жала жаппадым, ешкімнің қанын мойныма жүктегенім жоқ – Арым таза! Адамдарды атаға, руға, жүзге бөлмедім – Жүзім таза!» – деген сөздері құранның сөзіндей риясыз қабылданады.

Қабырғалы қайраткер Хру¬щ¬евтың асыра сілтейтін әп¬е𬬬ба¬қан саясатымен келісімге келмей, Оңтүстіктегі мақталы үш ауданның Өзбекстанға бері¬луіне үзілді-кесілді қарсы¬лық білдіріп, Мәскеудің Қазақ елінің келешегіне кесапатын тигізетін басқа да көптеген шешімдеріне қарсы ымырасыз позиция ұстанады. Үкіметті басқарған кезеңде, қайраткерлік қызметінің Гурьев облысын басқаруға арнаған соңғы сегіз жылында мұнайлы өңірдің, жалпы, республиканың индустриялық дамуына мұрын¬дық болған, баға жеткісіз бағдарламалардың бастауында болады. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбай¬ұлының естелігіндегі мынадай деректерге назар салайық:

«Хрущевтың 1962 жылдың лайсаң ақпанындағы Алматыға келген даңғаза сапары тұсында Н.Д.Оңдасынов ұсынып жү𬬬¬ген мәсе¬лелер арнайы мәжілісте қаралды. Барлығы да Маңғыс¬тауға байланысты екен.

Оңдасынов: «Маңғыстау табиғи ресурстарға, әсіресе, мұнайға бай, оны барлау мен игеруді қатар жүргізуіміз керек» дейді. Хрущев: «Бізге Сібірдің мұнайы да жетеді. Маңғыстауға күніміз қарап тұрған ештеңе жоқ» дейді.

Оңдасынов: «Маңғыстаудың өн бойы толып тұрған құрылыс материалы. Ұлутасты елімізде енді қанат жая бастаған құрылыс ісіне кеңінен пайдалану керек» дейді.

Хрущев: «Осы заманғы құрылыс индустриясының наны – сенің қайдағы бір табиғи тастарың емес, темірбе¬тон. Неткен кертартпа надан адамсың?!» деп зіркілдеп ала жөнеледі.

Оңдасынов талайдан бері құпия әзірлік жасап, одақтық министрліктердің аузын алып та қойған соңғы ұсынысын – Маңғыстауға Мақаттан теміржол тарту керектігін айтады. Хрущев оны тыңдағысы да келмей, орнынан тұрып кетеді. Бұны көріп Оңдасынов та қатқыл әңгімеге көшеді. «Бұл ұсыныстарым өтпейтін болса, облыстың жағдайы осы мүшкіл күйінде қалады. Оны көріп, басшы болып отыра алмаймын» деп, жұрт алдында қызметтен бас тартады.

Қаһармандық драмаға лайық осы саяси сахнадан Нұртас ағаның нар тұлғасы мен бар болмысын түгел аңғаруға болады. Бірақ, озбыр бастық, соның өзіне неге ұнамайтын себебін ашып айтпай, бұлталаққа салып, бұрмалап көрсетеді. Бір кезде тың игеруге Оңдасыновтың кертартпалықтан емес, ұлтжан¬дылықтан ұмты¬лмаға¬нын Хрущев жақсы біледі».

Ежелгі Жиделі-Байсынның киелі Түркістан төрінде дүниеге келген, саналы ғұмырында адалдық пен әділдікті, ұлт мүддесін ту көтеріп өткен қайраткердің туған жерінде атыраулық азаматтар мұражай ғимаратын тұрғызды, Астана, Алматы, Шымкент пен Мақтааралда көшелер мен орта мектептерге есімі берілген. Жақында Шардара ауданының жұртшылығы биыл туғанына 105 жыл толуы құрметіне төрт қақпалы шаһарға Сарыағаш жағынан қақ жарып кіретін даңғылға Нұртас Оңдасынов есімін беруге лайық деп шешті. Бұл ізгілікті іске аудан әкімі Марғұлан Марайым ұйытқы бол¬ғанын атап өткеніміз абзал. Мерекелік жиында қай¬рат¬кердің өмірдеректерін, мұра¬ларын отыз жыл бойы зерттеп, жинап, кітап шығарып жүрген астаналық қаламгер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева ханым, Түркістан қалалық Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы, «Нұртас Оңдасынов» қорының жетекшісі Жарыл¬қасын Әзіретбергенов, кентау¬лық, шымкенттік ардагерлер Исахан Жұмабаев, Сейіткамал Жүнісов, аудан әкімі Марғұлан Марайым, Шардара аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тәңірберген Ағманов, ардагер ұстаз Жамал Төлешова, алматылық жас ғалым Осман Ардақ және басқалар жүрек¬жарды лебіздерін білдірді. Шар¬дара орта мектебінде зиялы қауыммен кездесу өтті. Осы күні артында «Ұлт ұрпағы – тілі, дәстүрі, салты! Осыдан нәр алған адам ғана өз ұлтының өкілі бола алады» деген қағидалы ойлары мен «Қазақша – арабша», «Қазақша – парсыша» сөздіктер қалдырған тұғырлы тұлға әруағына ас беріліп, құран бағышталды.

Нұртас Оңдасынов Үкімет басқарған жылдары Мырзашөл мен Қызылқұм, Шардара мен Жаушықұм өңірлерінде жаңа суармалы жерлер игеру, Сырдарияны бөгеп, су қоймасы мен су электр станциясын салуға арналған бағдарламалар жасатқан. Ұлы Отан соғысы араға кіріп, Н.Оңдасынов арманы өткен ғасырдың 50-ші, 60-шы жылдары ғана жүзеге асырыла бастаған. Мерекелік шараға қатысушылар Шардара су қоймасы мен электр станциясына елім, жерім, ұлтым деп өткен қайраткердің есімін беру туралы толғамды ой-пікірлерін ортаға салды.
Жұмабек МҰҚАНОВ,
«Шардара тынысы»
газетінің бас редакторы, Қазақстанның
құрметті журналисі
№43-44   20.11-27.11.2009 ж.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз