Өзіне қол жұмсаған ұстаз әкімді кінәлап хат қалдырған...
2014 ж. 10 шілде
2503
3
Қарағанды облысында лицей ректоры орынбасарының өліміне туыстары аудан әкімін айыптап отыр. Өйткені, бір апта бұрын асылып қалған ұстаз артына қалдырған ақырғы хатында өліміне аудан әкімі себепші деп жазып кетіпті.
Көзі тірі болса, 25 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған Кәрім Ахметов бүгін 52 жасқа толатын еді. Гүлжан Ахметова әкесін осыдан 3 жыл бұрын тұрмысқа шығар алдында соңғы рет көріпті. Уақыттың қалай зымырап өткеніне өзі де таң. Ата-анасына биыл келуді жоспарлаған ол әкесінің жерлеуіне әрең үлгерген.
"Мен үш жыл көрмедім. Биыл ғана көрем деп едім. Ол кісі мұндайға бармас еді. Әкімнің кесірі", - дейді марқұмның қызы Гүлжан Ахметова.
25 жыл бойы Ақтоғай аудандық лицейінде ректордың орынбасары болып қызмет атқарған ол өзіне қол салардың алдында айғақ зат қалдырыпты. Ақ қағазға жазылған хатта "өліміме аудан әкімі кінәлі" деп жазған.
Бір жапырақ қағаз қалдырған отағасының бұл әрекетін 28 жыл отасқан жары Өрік те аудан басшысынан көріп отыр. Айтуынша, соңғы кезде марқұм әкімнен қысым көрген.
"Әкім қыспақтады. Ол көп нәрсені айта қоймайтын. Мен алдап сұрап алатынмын", - дейді марқұмның жұбайы Өрік Күсенбаев.
2 шілде күні таңғы сағат ондар шамасында қараңғы қорада Кәрім Ахметов өмірінің жарығын мәңгіге сөндірді. Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ғана марқұм кезекті рет аудан әкімімен тілдескен екен. Қаралы отбасы, жазым болған жақындарының көңіл күйі дәл сол кездесуден кейін бұзылғанын айтады. Сөздерінше, бірнеше айдан бері аудан басшысы ұстазды әкім болуға мәжбүрлеп келген. Үлкен атаққа қызықпаған ұстазды шенеунік тіпті, қорқытуға дейін барған көрінеді.
"Мен сразу білдім, әкім екенін. Тергеушілерге бірден айттым ол әкім деп. Айқайладым. Өйткені әкім маза бермейтін", - деді марқұмның ұлы Арнұр Совет.
Марқұмның ақырғы хатында кінәлі деп көрсетілген әкімнің өзін түсірілім тобы жұмыс орнынан таба алмай қайтты. Қалай десек те, істің ақ-қарасын тәртіп сақшылары да анықтап айтуға асықпай отыр. Сондықтан бақилық болған ұстаздың өліміне кімнің кінәлі екені әзірге белгісіз қалып отыр.