Мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларға әлем елдері қызығуда
2014 ж. 10 шілде
1799
1
Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын тудыруда - Ә. Байменов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар бүгінде әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын тудыруда. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов Таиланд Корольдігінің Мемлекеттік қызмет жөніндегі комиссия офисі Бас хатшысының орынбасары Висоот Праситсиривонгсемен кездесу барысында айтты.«Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар бүгінде әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын тудыруда. Бүгінгі кездесу барысында Таиландтық делегацияның басшысы Қазақстанның «А» корпусын құрудағы тәжірибесі үлкен қызығушылық туғызатынын атап өтті. Және болашақта мемлекеттік кадрлар дайындау жұмысында екіжақты әріптестікке баса назар аударылатын болады», - деп атап өтті ол.Айта кетейік, кездесу барысында Агенттік төрағасының орынбасары Әли Көмекбаев пен Таиланд делегациясы басшысы В. Праситсиривонгсе мемлекеттік қызмет саласында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ә. Байменов өз кезегінде меморандумның маңыздылығы туралы айта келіп: «Бүгін қол қойылған меморандум екі елдің арасында ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуге, мемлекеттік қызметкерлерді оқытуда, ақпарат, білім және тәжірибе алмасуда үлкен көмек болады», - деді.
В. Праситсиривонгсе Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы жетістіктерін атай келе, «А» корпусына ерекше тоқталып өтті.
«Біз Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынас орнатқанымызға қуаныштымыз. Екі жақтың да бір-біріне үйретері көп. Бізді әсіресе қызықтырған «А» корпусын құру тәжірибесі болды. Бұл біз үшін үлкен мысал бола алады», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, В. Праситсиривонгсе мырза Таиландтың Астанада мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб шеңберінде екіжақты және көпжақты ынтымақтастық орнатуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты. Келіссөздер нәтижесінде, Таиландтық делегация аталмыш хабтың құрамына кіруге өтініш берді. Осылайша Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб қатысушыларының саны 29 мемлекетке жетті.
Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы
inform.kz