Оразада тегін автобустар жүре бастады
2014 ж. 09 шілде
1841
1
Рамазан айы басталғалы шымкенттіктерге кейбір қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетіп жүр. Тұрғындар орталық мешіт ұйымдастырып, жергілікті кәсіпкерлер қолдаған бұл шараға разы.
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында рамазан айы басталып, жұрт 30 күндік ораза ұстап жүрген кезде тегін автобустардың жүре бастағанына қуанған адамның бірі – қала тұрғыны Нағима Бегалдиева.
"Ораза ұстап, екі баламмен әбіржіп бара жатамын. Тегін автобустардың жүре бастағанын естігенде қуанып кеттік. Бұл халыққа да жайлы, 50 теңге болса да көмек", – дейді ол.
Өзін Сандуғаш деп таныстырған орта жастағы адам да бұл бастамаға риза болғанын айтады.
"Қасиетті айда халыққа жақсылық істеп, жолгеріні тегін жасап жатыр. Күнде бір автобусты тегін жүргізсе де – үлкен көмек. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын тапса, дәстүрге айналса қандай жақсы", − дейді ол.
"КЕЙДЕ БІРНЕШЕ АВТОБУС ТЕГІН, КЕЙДЕ ЖОҚ"
Азаттық тілшісі Шымкентте жолаушыларды тегін тасыған көліктің біріне – 69-автобусқа мініп көрді. Кешке дейін қызмет көрсеткен автобус сол күні таңертең аялдамаға жарты сағат бұрын келді. Көлікте Болат есімді жүргізуші мен орталық мешіттің Талғат есімді өкілі болды. Мешіт өкілі жолаушыларға рамазан айы туралы әңгімелеп, сұрақтарына жауап берді.
Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің айтуынша, облыстық орталық мешіт ұйымдастырған бұл шара – халық Рамазан айының артықшылығын, қасиеттерін ұғынсын деген мақсатта туындаған.
"Жергілікті кәсіпкерлер бұл шараға қолдау танытып, бірі екі-үш күнге, енді бірі 30 күнге қоғамдық көлікті өз қаржысына жалдап, тұрғындардың тегін жүруіне мүмкіндік туғызды. Ораза басталған 28 маусымнан бері қаладағы 14 автобуста жолаушылар тегін жүрді", – деді Бейбіт Мырзагелдиев.
Имамның айтуынша, қай автобустың қай уақытта тегін болатынын алдын ала ешкім білмейді. Кәсіпкерлер автопаркке қанша автобусқа тапсырыс береді, сонша тегін автобус шығады. Кей күндері бірнеше тегін автобус жүреді, кейде бірде-бір автобус та тегін жүруге шықпайды.
Облыстың бас имамының сөзінше, қоғамдық көлікті жалдаған кәсіпкерлер аттарын атамауды сұраған – сондықтан олармен сөйлесу мүмкін болмады. Бейбіт Мырзагелдиев қоғамдық көліктен бөлек шілденің 23-інен 24-іне қараған кезде болатын Қадір түнінде 40-50 жеңіл көлікті қаланың әр шағын ауданына бөліп, қарт адамдарды үйлеріне апаруды жоспарлап отырғандарын да айтты.
Қазақстанда бұған дейін де ораза кезінде жұртқа тегін көлік ұсынған кәсіпкерлер болған. Мәселен, бірер жыл бұрын Семейдегі такси паркі рамазан айында мешіттегі тарауық намазынан кештете шыққан тұрғындарды үйлеріне автобуспен тегін тасыған еді.