ИІЛМЕЙТІН ИРАН

d182d0b5d0b3d0b5d180d0b0d0bd-d184d0bed182d0be

Иран еліне сапар жасаймын деген ойымда жоқ еді. Белгілі қаламгер-журналист, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, сыйлас ағамыз Марат Тоқашбаев хабарласты. «Иран елі шақырып жатыр, уақыт тауып барып келуіңе болады. Иран елшілігі хабарласады» дегенде бірден келістім. Енді ше, бала жастан Фирдаусидің «Шахнамасын» (Тұрмағанбет Ізтілеуов аудармасы), кірпіштей кітапты сүйретіп, оқып жүретінбіз. Енді сол Шығыс жұлдыздарының еліне, Фирдауси мен Рудакидің, Хафиз бен һаямның, Сағдидың еліне сапар шегіп келу кімнің де болса арманы емес пе?

d182d0b5d0b3d0b5d180d0b0d0bd-d184d0bed182d0be5

ЖОЛ БАСЫ

Артынша Иран елшілігі мәдениет бөлімінен Әсия есімді қарындас хабарласып: «Сізбен біздің бастық кездескісі келеді, қай уақытта келе аласыз?» - деп, уақытты белгіледік.

Ертеңіне Иран елшілігі мәдениет бөлімі бастығы Саттари мырзамен кездестік. Иманжүзді жігіт екен. Иран елі, парсы поэзиясы туралы, парсы елінің қазақ мәдениеті мен руханиятына әсері жөніндегі ойларымды ден қоя тыңдады. Өзі де араласып қойып отырды. Мамандығы мәдениеттанушы екені әңгімесінен байқалып тұратын зиялы азамат екен. Төлқұжатымды алып қалып, жылы жымиып шығарып салды.

Сонымен сапарға шығатын кез де келді. Бір қиыны Тегеранға дейін жалғыз өзім барады екенмін.

Бұрын көрмеген жол, оның үстіне Біріккен Араб Әмірлігі арқылы, Дубай қаласына барып, әрі қарай өзге ұшаққа ауысып отырады екенмін. Қайтар жол да солай көрінеді. Сонымен тәуекел деп тартып кеттім.

ДУЫЛДАҒАН ДУБАЙ ӘУЕЖАЙЫ

Қиындықтың көкесін Дубайда көрдім. Алматыдан 4 сағат 20 минут ұштық. Түнгі 23.20-да Дубайға қондық. Астанамен уақыт айырмашылығы 2 сағат екен. Ұшақтан сыртқа шыққанда Дубайдың түнгі ыстық жалыны шарпып қарсы алды. Тура бейне моншаға кіргендегі ыстық жалын.

Ұшақ алдына келіп көлденең тартылған көлемді автобусқа кіргенде ұрып тұрған салқын лептен бірден бойыңды жинап аласың.

Дубайды шөлге орнаған ертегідегі ғажайып қала дерсің.

Түнгі оттары жарқырап, көздің жауын алады. Әдемі әуежайы әлемдегі ең үлкен әуежай болып саналады екен. О шеті мен бұл шетіне жаяу жүрсең, бір-екі сағатсыз жете алмайсың. Ішінде такси де жүр.

Жылжымалы жол зырғып тұр. Көбісі сонымен кетіп барады. Қиындық бірден басталды. Бірінші терминалдан үшінші терминалға өту керек. Ол бір құдайдың азабы екен. Қайнап жатқан сан тарау жолдың біріне қате түсіп кетсең, біраз уақытыңды жоғалтып барып, шаршап- шалдығып қайта ораласың. Жөн сұрайын десең, бұл жерде араб тілі мен ағылшын тілі ғана қатынас құралы. Біздегі билік өліп қала жаздап, жанталаса қорғайтын орыс тілі бұл жерде ешкімге керек емес, бір адам да сөйлемейді екен. Ағылшын тілін үйретпеген баяғы мектебімнен бастап (біз неміс тілін оқыған едік), инсти- тутты да біраз кінәлі етіп алып, ақыры өзімді сыбадым. Басында Дубайда 3-4 сағат боласың дегенде«уақытымды қайтіп өткіземін?» - деп, Дубайдағы қазақтарды санай бастаған басым, енді сол уақытта Тегеранға баратын терминальды тауып алып, тіркеуден

өтіп үлгерудің өзі мұң болды. Бір кезде етжеңді келген, терлеп-тепшіген сары кісінің қолындағы Қазақстанның көк паспорты көзіме оттай басылды. Жетіп барып, жөн сұрасам, өзіміздің орыс ағайын екен. Көк паспортты көккөз орысты көргенде көкемді көргендей қуанғаным-ай... Дубайда демалып, елге қайтып бара жатқан жерлесімнің білетіні де шамалы екен. Дегенмен, әуежай қызметкерлерінің көмек көрсетуге дайын екенін айтып көңілімді демдеп қойды. Әрине, бәрі асығыс, тез қоштасып, сәт сапар тілеп кетіп қалды. «Сұрай-сұрай Меккеге барасын» - деген мақалды өте жақсы көріп, және соған имандай сеніп, өз жобаммен тарта бердім. Иә, әуежай қызметкерлеріне «3-ші терминал» дегенді түсіндіріп, ұзақ-сонар жолаушылар көшіне ілесіп кете бардым.

«Бұл не деген ғажайып алып ғимарат!»- дейсің таңданып. Жолдорбасын асынып алған денелі бір кісіден сұрап едім, ол да Тегеранға барады екен, жабыса кеттім. Ол да араб-ағылшын тілін білетін-білмейтінімді сұрады. Білмейтінімді естіген соң, қайтып сөз қозғамады. Ақыры іздеген Тегеран кассасын тауып, тіркелген соң ғана көңілім орнына түсті.

Әуежайда күтіп отырып, жолаушыларды көзбен шолып қоямын. Ішінен қазақстандық кездесіп қалса екен деген дәме ғой...Әйелі, қызы бар, бәрі хиджаб киген. Қазақтың қараторы қызына ұқсаған, бірақ хиджаб жамылған қыз да жан-жағына қарағыштап отыр. Ол да қонақ болуы керек деп топшыладым.

Дубай уақыты бойынша 3 маусым күні түнгі 01.55-те Тегеранға баратын алып лайнерге отырдық.

Ішінің өзі 400-ден аса жолаушы сиып кететін бір ауыл секілді. Әр орындықта телеэкран тұр. Неше түрлі кинолар көрсетеді екен.

Әуесеріктер аққұба келген, сары шашты шетелдік қыздар. Көптен күткен құдасын көргендей қуана күліп амандасып, асты-үстіңе түсетіні жақсы екен. Зуылдап тұр бәрі.

ТЕҺРАН

Ұшқанымызға 2 сағат өткенде, таңғы 5.15-те Техранға түстік. Астанамен уақыт айырмашылығы 1 сағат 30 минут. Енді жағдайым не болады екен деп келе жатырмын.  Қазақстандағы Иран елшілігі қызметкерлерінің айтуы бойынша күтіп алуы керек.

Қағылез келген сақалды қара жігіт қолына ағылшынша жазу жазып алып тұр екен, «дәу де болсаң, мені күтіп тұрған шығарсың?» деп қасына жетіп барып «Қазақстан» дедім. Басын қайта-қайта изеп, қуанып кетті.

Мені тұрғызып қойып, тағы біреуді іздеп тұр. Қазаққа ұқсайтын қара торы қыз да бізге жақындап, әлгіме сөйлесе кетті. Ол да Тегеранға бара жатқан құрметті қонақ екен. Екеумізді ертіп алған жолбасшымыз әуежайдан шыққан соң, тағы бір жігітке жетектетіп жіберді. Ол екеумізді көлігіне отырғызып алып, қалаға тартты.

Жанымда отырған қыз Тунистен екенін айтып жатыр. Мен Қазақстаннан екенімді білдірді. Әдемі бір күліп алып, арап, фарсы тілдерін білетінімді сұрады. «Орыс тілі» деп едім, ол да білмейтінін білдірді. Хиджаб жамылған Тунис қызы тұнжырай түсті де, тұмшаланып алып, қайтып сөйлемей қойды.

Әуежайдағы қиналған қиналған ба, әдемі қыздың алдында тілім байланғанда тіл білмейтініме қатты өкіндім... Алматыға барған соң, бірден ағылшын тілін үйрену курсына жазылмасам ба деп қоямын...

Бір жарым сағаттай жүріп Тегеранға кірдік. Отары жарқыраған 16 қабатты «Эфгалан» (Теhран) қонақүйіне алып келді. Жайлы бөлмеге кіріп, жайғасқанда барып, қатты шаршағанды сезініп, қалың ұйқыға кеттім.

ТІЛМАШ ТАБУ

Таңетең тұрып, астына түссем, ағылған халық. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Бұл жерде де тілдің керектігін білдім. Өзімше ойлап келген «тілмаштың» төбесі де көрінбейді. Бәрі «фарсы не ағылшын тілін білесің бе?» деп сұрайды. Бір кезде дембелше келген сақалды жігіт жетіп келіп, «Қазақстан» деп сұрады. «Иә» дедім қуанып кетіп.

Әзірбайжаннан екен. Туған бауырымды көргендей шүйіркелесе кеттік. Бакуде шығатын «Hасс» (Хажы) журналының бас редакторы екен. Sкесі орыс тілінің мұғалімі екен, орысшасы – тәп-тәуір. Ал Иранның мемелекеттік тілі – парсы тіліне ағып тұр. Сөйтсем, шығыстілінің маманы екен. Содан кеткенше менің тілмаш інім болып шыға келді. Екеуміз түрік (қазақ- әзербайжан) тілі мен орыс тілін араластырып, жақсы сөйлесіп кеттік.

Иранда бейсенбі, жұма -демалыс күндері. Жұмыс күні сенбіден басталады екен. Баяғы қазақтың «сөздің басы - бисмиллә, істің басы - сенбі» дегені босқа айтылмаған екен ғой деген ойға келдім.

Айтпақшы, бұлардың апталары ғана емес, жалпы күнтізбесі бөлек. Хижра жылы бойынша оларда қазір 1389 жыл!..

АлдыменСыртқы істер министрлігіндегі халықаралық конференцияға қатыстық. Парсы тілінде өтті, арасында ағылшын тілі де қосылып отырды. Синхронды аударманың құлақшасын киіп едік, тек ағылшын тілінде екен... Қасымдағы Әли ініме қуат берсін деп мен отырмын.

Түркиядан келген ғалым ағылшын тілінде сөйледі. Оған көп қошемет көрсетті. Конференцияда хиджаб киген әйелдер де көп. Талдырмаш қызынан таяқ сүйенген кемпіріне дейін жүр. Әли айтқан болу керек, Ирандағы әлемнің алты тілінде хабар тарататын белгілі «Саhар» телекомпаниясының тілшісі Елдар (әзірбайжан екен) келіп, орыс тілінде сұхбат алды. Иран елін шах монархиясынан құтқарушы революцияның ұлы көсемі Имам Хомейнидің бүгінгі дамыған парсы елі мен әлем тарихындағы рөлі туралы пікірлерімді білдірдім.

Имам Хомейни секілді елі үшін етігімен су кешіп, от пен суға түсіп соғысқан, 16 жыл елден тыс қуғында жүріп, ақыры монархияны құлатқан, Алла қолдап, халық соңынан ерген Ұлы Имам Хомеинидей көсемі болса, кез-келген ел бақытты болар еді дедім. Иран мемлекетіне қазақстандықтар да қолдау білдіретінін айттым. Елдар риза болып қалды.

СПИКЕРДІҢ ОРЫНДЫ ӨКПЕСІ...

Ертеңіне Мәжіліс үйіне келдік. Барлық телефон, флешка атаулыны қақпаның сыртына қалдыруға тура келді. Пирамида пішінді өте үлкен ғимарат екен. Іші түгелдей, барлық жиһазы, орындық-үстелі жасылмен боялған. Қабырғасы ақ мәрмармен қапталыпты. Төрде екі сурет, ұлы көсем Имам Хомейни мен бүгінгі елдің діни жетекшісі Аятолла Хаменейдің портреттері ілулі. Барлық үстелде компьютер мен сөйлеу, есту, аударма құралдары самсап тұр. Баспасөз баянын дайындап қою жағынан ғана кішкене кемшілік бар екен. Кімдер сөйлепт жатқанын өзің құлшынып, сұрап алмасаң, біле қоймайсың.

Мәжіліс есігінен ағылшын тілі, яғни мемлекеттік тілден өзге тіл сығалай да алмай қалды. Ал бізде керісінше, мемлекеттік тіл мемлекеттік мекемелердің бәрінің де есігінен аттай алмай жүргенін ойлап, Техранның мәжілісінде отырып терең күрсінуге тура келді...

Бір-екі кісіден соң спикер Ларежани ұзақ сөз сөйледі. Барлығы да сөзін Құран оқудан бастайды.

Парсы тілінің әуезділігі сондай, мінбедегі шешен сөйлеп емес, жыр оқып тұрғандай әсер етеді екен. Бір де бір рет қағазынақараған жоқ.

Иманды жүзі ғалым, жазушыларға келеді екен.. Өзін еркін ұстайтыны анық байқалады. Қасымдағы Әли әлсін-әлсін аударып қояды арасында. Титтей Израйль әбден еркінсіп алды дейді спикер. Неге оған Иран мен Түркиядан басқа бір де-бір мұсылман мемлекеті ескерту айтпайды, деп біраз елдерді, Малайзия, Индонезия, Әзербайжан, т.б. мемлекеттерді, араб елдерін тізіп шықты. Қанша құлағымды түргенмен, біздің ЕҚЫҰ-ға төраға Қазақстанымызды аузына да алған жоқ... «Мынау неге ел қатарлы бізге де өкпе айтпайды-ей! Шамасы бізді мұсылман елі деп ойламайды-ау, өзі...» - деп, біраз қызынып қалдым...Сөзі біткенде бәріміз орнымыздан тұрып, Аллаға мадақ айттық. Біздегідей «ду қол шапалақтау» жоқ... Бүкіл журналисттер скипер Ларежаниды қоршап жібермей қойды... Сонысына қарап, Ларежанидың салмақты саясаткер екенін бағамдауға болады. «Ресейдің Есеп комитеті төрағасы Степашинді бәріміз білеміз, өзіміздің Есеп комитеті төрағасын білесіздер ме?» деп, Әлихан Бәйменов айтқандай, мен өзіміздің спикерді ойлап отырдым...

Мәжіліс үйінің қабырғасында қаптап тұрған портреттерді спикерлер екен ғой десем, олай емес, бәрі соғыста қаза тапқан шахидтер екен.

Көшелерде де тұтас қабырғаларға дейін алып тұрған соғыста елі үшін құрбан болған батырлар суреттері. Міне, нағыз патриотизмге баулу деп осыны айт! Ал бізде ше, арақ-шарапты жарнамалаған «хуторянкалардың», т.б. суреттері төбеңнен төніп, жібермейді...

Ираннан үйренетіндеріміз көп екен.

 

алғасы келесі 19 шілде, 2010 ж.санда)

Қазыбек ИСА