Абай ескерткіші Астананы асқақтата түсті

d184d0bed182d0be-d0b0d0b1d0b0d0b9        

Бас қаламыз Астананың туылған күні қарсаңында ҚР Туризм және спорт министрлігі ғимаратының нақ алдынан ұлтымыздың Ұлы ақыны Абай  Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

           Салтанатты жиынға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал  Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат  Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігі  басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі  Иманғали Тасмағамбетовтер қатысып,  ұлы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиын барысында сөз сөйлеген  ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Бұл – халқымыздың біртуар  ұлы перзенті, дана Абайға бас иіп,  құрмет көрсету ғана емес, барлық қазақстандықтардың рухын көтеретін салтанатты күн. Ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес  мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман  классигіміз Абайға тағзым ету – біз үшін  аса жоғары мәртебе, - деді.

             Стилобаттан, тұғыр мен мүсіннен  тұратын монументтің жалпы биіктігі – 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Таза қоладан құйылған мүсіннің салмағы – 10 тонна. Айта кету керек, ескерткіш авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. Ескерткішті  жасау кезінде мүсінші Абайдың азаматтық ұстанымы мен имандылығын, даналығын, оның сөз өнерін шебер  меңгергендігін және соңына қалдырған әдеби мұрасын халық қаншалықты   бағалайтынын көрсетеді.