Атазаңды белден басыпты

0
628

           

 Ақтау қаласының сыртындағы  №172/1 қатаң режимдегі колониядан 22 маусым күні ауыр қылмыс  жасаған 21 сотталушы қашып  шыққан болатын. Оларға сырттан қаруланған топ көмектесіпті.

            Жазасын өтеушілердің мұндай  әрекетке баруына мекеме басшыларының қатысы бар болуы мүмкін деген күдік бар. Ішкі істер министрлігінің  баспасөз қызметі күдікті деп танылған түзеу мекемесінің бірнеше  басшысының қамауға алынғандығы  туралы ақпар таратты.

            Ізін суытып үлгерген 13 қылмыскердің соңынан 5 тәулік бойы  жүргізілген іздестіру жұмыстары өз  нәтижесін берді. Олар Ақтаудан жүз шақырымдай қашықтықтағы Шетпе  ауылына жақын жердегі Қызылсай  шатқалынан табылды. Қашқындар әуеден тікұшақ арқылы бақылап  жүрген құқық қорғаушылардың көзіне  түскен. Тез арада оқиға орнына «Арлан» және «Сұңқар» арнайы жасақтары  жеткізілді. Оларды құрықтау оңайға түскен жоқ. Арты үлкен атысқа  ұласты. Ішкі істер министрлігінің  мәліметіне сүйенсек, шатқалда 17  адам жасырыныпты. Олардың 13-і  сотталғандар болса, қалған төртеуі – оларға көмектескендер екен. Бірақ  қолға түскен сотталушылардың  бірнешеуі енді жер басып жүрудің  қажеті жоқ деп санаса керек, сол арада жарылғыш құралдармен өз-өздерін жарып жіберіпті. Ал, төртеуі оқтан  жарақат алып, облыстық ауруханаға жеткізілді. ҚР   ІІМ баспасөз қызметінің  жетекшісі Қ.Жұманов қылмыс жасады деген күдікпен мекеме басшысы, жедел  бөлімнің бастығы, мекеме бастығының кезекші көмекшісі ұсталып, уақытша  қамауға алынғандығын жеткізді.

           Ендігі жерде түзеу мекемелерінің  лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР  Қылмыстық кодексінің 316 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуда.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз