«Отырар» – орны бөлек туынды

           Таяуда  Астанадағы  «Фолиант» баспасынан «Отырар»  кітап-альбомы   жарық көрді.

            Жинақта қасиетті Отырар  өңірінің тарихы,  географиясы мен этнографиясы,  мәдениеті мен өнері түгел қамтылған. Сонымен бірге «Отырар өрендері», «Өлкетану өрісі» айдарларымен осы өңірден шыққан  немесе киелі өлкенің тарихын жаңғыртуда айрықша еңбек сіңірген тұлғалардың,  ақын-жазушылардың суреттері мен өмірбаяндары беріліпті. Белгілі ақындардың Отырар жайлы өлеңдері де бұл  жинақтан табылады.

            Өскелең ұрпаққа берері мол осындай құнды дүниені шығаруда «Фолиант»  баспасының директоры Н.Исабековтің  еңбегі орасан зор.

            Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен  өткен «Отырар» кітап-альбомының таныстырылымында сөз алған ҚР Президенті  Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің  орынбасары, жазушы Әлібек Асқар қасиетті мекен турасында кеңірек сыр   шертетін бұл туындының орны бөлек  екенін атап көрсетті.

              Жиын барысында сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов өзінің Отырар өңірінде қызмет еткенін  Алланың сыйы деп білетінін тілге тиек етті.

              Тарихшы, археолог Д.Тәлиев болса,  Отырардың жанында Пышақшытөбе, Алтынтөбе, Марданкүйік, Көкмардан, Дастарбасы деп аталатынын қалалардың болғандығын атап айтты. Ақын Серік  Тұрғынбектің «Отырар туралы ой» атты өлеңі көпшілік көңілін бір серпілткендей  еді.

                  ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омарұлы өз сөзінде аталмыш жинақтың Елбасының  бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарыққа шыққанына  тоқтала келіп, мұндай игі іске Мұхтар Құл-Мұхаммед басқаратын Мәдениет министрлігінің тікелей қолдау көрсеткенін атап көрсетті.

                Жинақ авторы, ҚР Президенті  сыйлығының иегері, танымал журналист Еркін Қыдыр барлық қазақ мақтаныш  ететін қасиетті Отырардың бұл кітапта жұртшылыққа бейтаныс қырларының  ашыла түскендігін жеткізді.

                  Орны бөлек туынды болып табылатын «Отырар» кітап-альбомы оқырманның ерекше ықыласына бөленері анық.