Жас ұрпаққа берері мол жиын

0
831

Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтың 100- жылдық мерейтойына (1910-1964 ж.) арналған «Қазіргі жоғары білім берудің мәселелері: жетістіктері және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

             Халықаралық конференцияда  Украинаның Аматыдағы Бас консулы Л.М.Протасов, Қазақстандағы  Үнді елінің төтенше және өкілетті елшісі Ашок Саджанхара,  Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан,  Өзбекстан елдері бойынша ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Сергей Лазерев тәрізді  жоғары мәртебелі лауазым иелерінің  құттықтау хаттары оқылды. Сонымен бірге ғылыми жиынға Каир университетінің академигі Mahmoud  F. Hegazi (Мысыр), University of  Cincinnati өкілі Gerald Matthews  (АҚШ) сияқты бірнеше ғалымдармен қатар ҚазҰУ-дың философия  және саясаттану факультетінің  деканы А.Т.Құлсариева, психология ғылымдарының докторы Қ.Б.Жарықбаев және Т.Т.Тәжібаевтің  дәрісін тыңдаған шәкірті, психолог Р.Х.Хисматуллина бастаған көптеген  ғалымдар арнайы баяндама жасады.

            Р.Хисматуллина өз сөзінде  “Төлеген Тәжібаев көзі тірісінде нағыз ғалым қандай болуы керек деген қағиданың терең сырын түсіндіріп кеткен ізетті жан”  деп атап өтті. Ал “Ел тарихындағы  адам өмірі” атты тақырыпта баяндама оқыған ҚазҰУ профессоры Толқын Құлсариева: “Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Қазақстанның ғылым- білімінің мықты бекінісі – әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің атына заты сай басқарушылары, жетекшілері болған. Солардың арасында келіскен келбетімен болсын, жанып өткен жұлдыздай ғұмыр жарығымен болсын Төлеген Тәжібаевтың  орны бөлек. Ол кісінің өмір жолы біздің алтын ұямыз ҚазҰУ-дың тарихы, мемлекет тарихымен біте  қайнасып жатқандығын, университетке қаншалықты маңызды көңіл  бөлетіндігін көрсетеді. Қазақстанның  тұңғыш сыртқы істер министрі бола жүріп біздің университетімізге ел басына күн туған кезде жетекшілік еткен Тәжібаев соның куәсі”, – деген  пікірін жеткізді.

            Конференцияға қатысушылар  қазіргі жаһандану жағдайында Қазақстанның жоғары білім беру  саласындағы инновацияның дамуын, білім саласының философиялық және әлеуметтік-саяси, психологиялық-педагогикалық мәселелері аясында ой бөлісті.     Сонымен бірге  Қазақстан болашағының интеллектуалды дамуы үшін бәсекеге қабілетті мамандардың біліктілігін  арттыру мәселелері де сөз болды.

               Т.Тәжібаев Қазақстан  ғылымының жан-жақты салаларының қалыптасып, дамуына  үлкен үлес қосып кетті.Ол Ағарту ісіндегі халық комиссарының орынбасары, Қазақ ССР Сыртқы  істер министрі, ҚазҰУ ректоры, ҚазҰУ педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі,  Мәдениет министрі, Қазақ ССР Министрлер Советінің Председателінің  орынбасары, Үндістандағы СССР  елшілігінде кеңесші қызметтерін атқарған. Сонымен бірге 50- жылдары Қазақстанда психология, педагогика, этнопедагогиканың  қайнар көзін ашқан адам.

             Сондай-ақ, Қазақстаннан тыс  Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және т.б. елдерде ұлттық білім  саласының дамуына ерекше  көңіл бөлді. Ол үлкен ғылыми жұмыс атқарды, аспиранттардың жұмыстарын басқарып, докторлық және кандидаттық жұмыстарға оппонент болды. Төлеген Тәжібаевтің тікелей атсалысуымен республикада психология және педагогика саласы  бойынша көптеген мамандар дайындалды. Ғылым, білім саласында  және басқа да елді толғандырған  мәселелер аясында баяндамалар,  ғылыми, публицистік мақалалар,  газеттік публикацияларды жазу арқылы да, мәңгілік мұра қалдыра  білді. Сондай-ақ ғұлама ғалым жастарды тәрбиелеудегі патриоттық  және мәдени мәселелерге баса назар  аударып, ұлттық өнердің дамуына  үлкен үлес қосты.

         Конференция барысында  Төлеген Тәжібаевтың өмірбаянынан  бейнероликтер көрсетіліп, ҚазҰУ- дың философия және саясаттану  факультетінде Т. Тәжібаев атындағы дәрісхана ашылды.

            Сондай-ақ, Т.Тәжібаевтың 100  жылдығы қарсаңында жарық көрген  ІV томдық жинақ жұртшылық назарына ұсынылды. Осы тұста кітаптың  ІІІ-томы Қазақ университетінің  баспасынан, ал соңғы ІV- Томы «Тұран» баспасынан шыққандығын айта кеткеніміз жөн.

Гүлмира САДЫҚОВА

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз