ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЛАЙ?

kvota0604          

Қызылорда қаласымен қанаттас  жатқан Тасбөгет қыстағындағы Көшi-қон департаментiне қарасты бейiмдеу орталығында тұрып жатқан алыс-жақын шет елдерден келген оншақты отбасының  «жыры» әлi ащы iшектей со-зылып, бiтпей келедi. Олардың  бірқатарының Қызылордаға  келгенiне 7-8 жылдан асты. Бiрақ, сонда да олар қоныстанған үйлерiн төрт табандап босатпай отыр. Неге?

            Елбасымыздың шет елдегi  қандастарымызды атамекенiне шақырған, «үй беремiз, болмаса үй салуға қаражат беремiз» деген хабарын естiген соң, сырттағы бауырларымыз жылы орнын, жұмысын тастап берi қарай құстай ұшқан. Ұлттық ар-намыс, жiгер жетектеп Қазақстанға, соның iшiнде ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған  Қызылордаға алдымен ат басын   тiреген. Тiптi Қазақстанға жетуге асыққаны сонша, көшi –қонға   керектi құжаттарын да толық  жинауға мұршалары болмаған.

           «Аштан өлмеспiз, өз елiмiз, өз  жерiмiз ғой» деп тұрғылықты жасап  жатқан жерiнен тiркеуден шығып,  кiндiк қаны тамған жермен қош  айтысқан.

            Әрине, асығыстық,  шалағайлық кiмге опа берген?

            Келе сала көшi-қон басқармасына  құжаттарын тапсырғаны құрысын, оларға берiлетiн жеңiлдiк /квота/, тиiстi мемлекеттiк көмек  бұйырмапты. Көбiсiне «1991 жылдың 16 желтоқсанына дейiн  осында тұрды, әлi тұрып жатыр» деген анықтама қағаздың жоқтығы аяққа тұсау болған.

             Сөйтiп, әне-мiнемен жүргенде  «Қазақстанның азаматы» деген  хабар есiгiн қаққан. Отандастарымыз оған әуелде бөрiгiн аспанға  лақтырып қуанған. Бiрақ, бұл қуаныш су сепкендей тез басылыпты. Себебi - ендi бұларға квота  берiлмейдi. Сылтау - «Қазақстан  Республикасының азаматы».  «Оу, ағайындар, өз елiм, өз жерiм деп атамекенге келдiк.  Құжаттарыңды тапсыр дедiңдер, тапсырдық. Ендi бұларың қалай?», - деп алғашқыда облыс тағы көшi- қон басқармасының бас шыларына қайта-қайта кiрiп, есiгiн тоздырған,  жоғарыға арыз да жазған. Алайда  оларынан түк шықпаған. Мiне, содан берi бұлардың төбесiне  қара бұлт үйiрiлді. Дауыс көтеріп  келушiлердiң айтатындары «үйдi  босат, сiздерге тиiстi емес. Сiздер  оралман емессiздер, Қазақстан  азаматысыздар» дейдi. Ал олардан  бұлар да қалысар емес. «Бiздер  не, қаңғыбаспыз ба, үйсiз-күйсiз  жүрген. Қазақпыз. Отырған  жерiмiзден осы елдiң заңына, Президентке сенiп көшiп келдiк. Алған  квотамыз не баспанамыз жоқ. Үй  тұрғызар қаражатымыз тағы жоқ.

           Сонда қайда баруымыз керек  осынша бала-шағамызбен?» дейдi  бұлар суға кетiп бара жатып тал  қармаған кiсiдей.

             Ең болмаса етек-жеңін жинап  алғанша паналай тұрсақ дұрыс болар еді дейді олар. Жергiлiктi билiк  «отыра берiңдер»деп рұхсат берсе,  жөн болатындығын да жасырғысы келмейді. Несiн жасырайық,  кейбіреулері Сыр елiнiң даңқын шығарып жүрген сол меценаттары бiздей «пақырларға» баспана  салып беруге қол ұшын созбас па екен деп үміттеніп те қояды.

            Олардың мұнысын терiс Дей  алмаймыз, пенде ғой. Үйден қырық адым шыққан соң - кiм болсаң да  мүсәпiрсiң. Асылы, аунап-қунап  өскен жерiңнен қоныс аудару  кiмге оңай дейсiң. Қанша жұмаққа  барсаң да кiндiк қаның тамған жерiңнiң - Мысыр шаҺарыңның  шаңыты аспанға шығып жатса  да көкейден өше ме? Әсiресе, сәл оңаша қалсаң, мұңайсаң, қуансаң солардың бәрiн бiрге бөлiсетiн, құлын-тайдай шапқылап өскен достарыңды, қимас көршiлерiңдi қиялмен шарқ ұрып iздегенде, олардың тiзбектелiп көз алдыңа  келе қалатыны бар емес пе?Әне, сондайда қасыңда жылы қабақ танытып, маңдайыңнан сипайтын бiр пенде табылса, жүрегiң жарылып кете жаздамай ма? Табылмаса, неге келдiм екен деген күйге  түсетiнiң сiрә белгiлi.

           Неше уақыттан берi дауы  бiтпей келе жатқан, алыс-жақын шет елдерден көшiп келген қандастарымызға уақытша  тұруға берiлген бұл үйдiң «жасы» бiразға барған, бұрынғы бала  бақша ғимараты екен. Оның Адам қызығатындай сиқы да жоқ. Ескi. Iргетасы сонау алпысыншы жылдары қаланыпты. Осыдан-ақ, бұл үйдiң «өмiрiнiң» қаншалықты  қалғанын біле беруге болады.

— Сұрағыңыз орынды. Тасбөгеттегi үйдiң «жырын» қағазға түсiрсек, неше том боларын кім бiлсін? Бұл  жағдаймен облысқа келген әкiмдердiң де бәрi таныс. Өткен жылы аймақ басшысы мәселенi шешiп бе ремiз деген. Содан берi де бiраз уақыт өттi. Үйдiң құжаттары дайындалып жатыр. Айтылған сөз  жерде қалмас деп үүмiт етiп отырмыз, - дейдi облыстық көшi-қон департаментiнiң бастығы  С.Мырзабеков.

            Бiздiң бұл жолғы мақсатымыз   - департаментегiлердiң  кемшiлiктерiн көрсету емес,  кейбiр мәселелердің шешімін  табуға атсалысу, Сондықтан алдына келген құжаттарды аса зор  қырағылықпен тексеретініне  кiнә қоя алмаймыз. Мемлекеттiк қызметкер болған соң келушiлерге  Заң шеңберiнде, белгiленген тәртiп аясында қызмет ету-олардың әр  бiрiнiң төл мiндетi, оны бiлемiз.

            Дегенмен титтей кемiстiк табылса, бүкiл құжатты керi қайтарып  беретiндерiн кiм бiлмейдi дейсiң?

            Оны көшiп келгендерден сұрасаң  жыр қылып айтып бередi. Сосын жалынасың, жалпаясың.  Оған iсiң бiте қойса, қане... Мұны  соншалықты тәптіштеп айтып отырған себебiмiз, көздерi  жәутеңдеп, үлкен үмiт артып елге  келген қандастарымызға қолдан келсе, қол ұшын созса деген  үміт. Департаменттегiлердiң айтуына қарағанда,        Қызылордаға  егемендiк алғалы берi көшiп келген отбасы саны 3700-ден асып  жығылады екен. Яғни 18 мың  адам. Бұлардан, квотадан тысқары  тағы 1000-нан да көп отбасы яки 3 мыңға жақын жан атажұртқа  - Сыр елiмен қауышқан. Орта есеппен алғанда жылына мыңнан  астам қаракөздерiмiз осында - Қазақстанға оралуда. Ұзын-саны 20 мыңнан асып кетедi. Елге ел  келсе, құт деген осы емес пе?

          Алыстан аңсап, сағынып келген бауырларымыздың бәрi, желбуаздар айтқандай, мемлекет мойнына мiнген масылдар – шетiнен  кәрi-құртаң, бала-шаға, мүгедектер емес. Iшiнде тепсе темiр үзетiндерi,  бiлегi жуандары, бiлiмiмен мыңды жығатындары, талантымен елдi аузына қара татындары да табылады. Тиiстi орындардың бiзге Берген мәлiметiне қарағанда олар көшiп  келушiлердiң санының 55 пайызынан астам. Демек Қызылордаға  аз еңбек күшi келмегенi белгiлi.

            Ал ендi сол қандастарымыздың  мамандықтарына келетiн болсақ көпшiлiгiн яғни, 536-сын  мұғалiмдер, тәрбиешiлер, 300-iн  медицина саласының қызметкерлерi құрайды.    Сондай-ақ, 333  ауылшаруашылығы мамандары мен 500-дей кәсiпкерлерi де бар көрiнедi. Араларында Алла  берген түрлi дарын иелерi, он  саусағынан өнер тамған iсмерлерi де жетерлiк. Мiне, осынша iс  тетiгiн шешетiн кадрлардың бәрi  қазiр құтты жерiне келгелi не тындырып жүр? Олар өздері дәмiн  татқан мамандықтары бойынша Қызылордаға қоныс аударғалы  жұмыс iстеп жатыр ма? Мәселе - осында.

— Еңбекке жарамды 9763  адамның 8630-ы жұмыспен  қамтылды. 715-i зейнетақы,190-ы 18 жасқа дейiнгi балалар  жәрдемақымен қаматамасыз етілді. 57-i атаулы әлеуметтiк көмек алуға  қол жеткізді. Бұдан бөлек100-ден  астам қандастарымызға тұрғын үй көмегi берiлiп тұр, - дедi көшi-қон  департаментiндегiлер. Жөн-ақ.  Кабинетте отырып, осынша қомақты сандармен қарнымызды  тойдырған көшi-қондағылардың сөздерiне қарағанда, отандастарымыз расында да жемiстi  жұмыстар атқарып жатқандай көрінді бiзге. Алайда көшiп келген туысқандарымыздың айтқан  әңгiмелерiне құлақ салсаң, бұл мәлiметтерге жас баланың  қолына кәмпит ұстатқандай  алдарқатқанына сенгiң келмейдi.

            Неге? Негесi сол Қызылордаға  келгенiне 4-5 жылдан өтсе де жұмыс таппай, теңселiп жүрген  қандастарымыздың қатары, аудандарды айтпағанда, 700 мыңға  жақын халықтың үштен бiрi  тұратын бас шаһарында жетiп артылады.

— Егер жоғарыда айтылған  8 мыңнан астам адам жұмыспен  қамтылғаны анық болса, олар  қазiр қай жерлерде, не iстеп жатыр? Олардың отбасыларына  барып, хал-ахуалдарын бiлiп  тұрасыздар ма? - дедiк департамент директоры Салахидин Мырзабековке.

            Өкiнiшке қарай қойылған  сауал дарымызға басшыдан қанағаттанарлық, жа уап ала алмадық.  Егер бастық қара көздерiмiздiң  жағдайынан өзi айт қандай толық хабардар болмаса, онда  жоғарыдағы «8 мыңнан ас там  адам жұмыспен қамтылды» деген мәліметтерді қайдан алды екен?!

           Облыс әкiмiне, көшi-қон проблемасын зерттеп жүрген бiзге  берген мәлiметiнде ауыз толтырып  айтқан санның соңында сұрауы да  боларын бiлгені жөн еді. Ойлап қараңызшы, шынында   да отандастарымыздың осыншасы жұмыспен қамтылды дегенге кiмнiң де болса де сенгiсi  келе ме? Әрине, сенбейсiз. Бiздiң  сенбейтiнiмiз, күмәнiмiз өтiрiк   болса, Қызылордаға көшiп келген  кез келген қандастарымызбен тiлдесiп көрiңiз, не дер екен?!

            Айтуларына қарағанда әркiм  өздiгiнше тырбанып, жалынып- жалпайып, аға көкемен, дос- жарандарының арқасында  қызметке, жұмысқа iлесiп жатыр.

           Дейтұрғанмен олардың саны  саусақпен санарлықтай-ақ. Көбiсi  өлместiң қамымен ертелi-кеш,  бала-шағасына нан пұл табу үшiн жеке адамдардың жұмысын істеуге мәжбүр. Базар жағалап жүргендері  де бар арасында. Десе де «көшi- қон басқар ма сын дағылар не   бiтiрiп отыр?» дейтiн кейбiр ашулы  отандас тары мыз дың сөзiне ерiп, ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Мүмкiн депар таменттегiлердiң  көңiлi бiреу-жарымдарына иiп, жандары ашып, бауырмалдық жасап жат қан шығар. Алайда олардың  ондай «жомарттық» әрекеттерi  жоғарыдағы мәлi меттердiң орнын  толтыра ала ма?

          Әлбетте, бәрiне жұмыс тауып бер деп төбесiнен төнiп  тұрған ешкiм жоқ болар.Бiрақ тек Үкiмет белгiлеген квотаны  үлестiргендерiне рапортқа қол  қойғандай мәз болып отыра беру  – қазiргi мемлекеттiк саясатқа,  мемлекеттiк қызметкер деген атқа сай келе ме? Бiздiң оларға, мiндет  арта айтып отырған себебiмiз  облыстағы қандастарымызға жаны ашып, алдына түсiп жүгiрiп  жүретiн бiрден бiр жалғыз мекеме  болғаннан кейiн ғой. Әйтпесе не  ісіміз бар. «Айналдырған бес-алты  адамбыз» деп кабинеттен шықпай отыра бергеннен гөрi, ең болмаса  айына бiр рет аудандарға барып, «Халдарың қалай, қандастар» деп  сол жерлердегi бар бауырлармен амандық сұрасып тұрғанда, олардың төбесi көкке жеткендей  қуанып қалар едi. Әрi сол барған ауданда кiмнiң не iстеп жатқанынан,   қаншасының бар екендерiнен,  не болмаса кетiп қалғандарынан толық хабардар да болар едi ғой.

          Отандастарымыздың арасында құдайға шүкiр, нарық заманына  сай кәсiбiнен нәсiп табуды көздеп,  кәсiпкер болғысы келiп жүргендерi  де осы салада өздерiнше ептеп күн көрiп жатқаны да баршылық.

             Бiрақ ондайларға: «келсең келе ғой», - деп жылы қабақ танытып отырған жанашыр адамдар облыста жоқтың қасында. Бұған бәрiн  жiпке тiзбей-ақ, былтырдан берi «Тiгiн тiгемiн, қолымнан неше түрлi  өнер келедi» деп мемлекеттен несие сұрап жүрген Қырғызстаннан  келген iсмер келiншек Қарлығаш  Iлиясованы айтсақ жетедi. Қазiр оның қолөнер өнiмдерiмен  Қызылорда ғана емес бүкiл республика таныс. Астананың 10 жылдық   мерей тойында iсмерлiгiмен көпке  танылып қайтты. Көрген жандар шебер келiншектiң iсiне таңдана қарап, өнерiне риза болыпты.

             Сол Қарлығаштың алақандай  Қызылордада кәсiпкерті қолға алғысы келіп, екi жылдай «ана  жерге бар, мына жерге бармен» табаны тозғанын бiз жақсы бiлемiз.

           Кәсiпкерлiкке тиiстi қаражат  беретiн орындар болмашы нәрсенi сылтау етіп, осы уақытқа дейiн  алдарқатып келді. Таяуда ғана  қолына аз ғана қаражат алғанға ұқсайды.      Көшiп келгендердiң  бәрi шетiнен осы Қарлығаш  Iлиясовадай етi тiрi болса қанекей. Ал оның да бармаған жерi,  баспаған тауы жоқ қой. Сонда қой аузынан шөп алмайтындары шенеуниктердiң айтқанына  алданып жүрсе, не iстеуi керек?

                Қолдарында табақтай дипломдары бола тұра олар кiсi есiгiне  телмiрiп жүре бере ме? Мiне осындайда көшi-қондағылар шырылдап, тиiстi орындармен сөйлесiп, несие алып беруге көмектескенде  қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болар едi олардың.

— Өткен жылдан берi  атамекеніне оралушылар сиреп  кеттi - дейдi департаменттегiлер.   Оның себебi Үкiмет тарапынан  2007 жылы квота алушыларға  10 баллдық жүйе енгiзiлгендігі.  Мұның бәрі келушiлерге терiс әсер  етiп тұрған көрiнедi. Олардың айтуына қарағанда ең көп он балалы  отбасылар, сосын Қазақстанға керектi зәру мамандықтарға ие кадрлар болса, жоғарғы баллға  ие болады екен. Қалғандары да қарап қалмайды «конкурстан»  өтедi, тек келушiлер көбейiп кетсе  «сен кейiнiрек тұр, мыналардың жеңiлдiктерi басым, жоғары  деуге жақсы. Болмаса бүйтiп ат үркiтудiң не қажетi бар?! Мiне осыны естiп, әрi үй, не жер ала алмай,  қаңғып жүрген ауылдастарының  хал-ахуалынан құлақтары түрiк  алыстағы қандастарымыз не iстерiн бiлмей, дел-сал күй кешуде.

- Бiзге көшiп келгендердiң  кейбiреулерi елiмiздiң басқа жақтарына — Алматы, Шымкент, Тараз сынды қалаларға  көшiп кетiп қалған. Оларға неге  кетесiң деуге құқығымыз да жоқ. Өйткенi ендi Қазақстанның  азаматы, - дедi бастық сөзiн әрi  қарай жалғап.

— Бірақатарымен қарым-қатынасымыз бар, бәрiмен  емес. Расын айтсақ көбісінің немен айналысып жатқанынан  хабарымыз жоқ. Оған себеп  тiркелген үйлерiнде көбiсi жоқ қазiр. Қазақстанның қай жерiнде  жүргенiн білмейміз. Оның үстiне оларды шарқ ұрып iздеп жатқан  бiз жоқпыз. Есiк ашып келсе,  құшағымыз ашық.

            Бұл, бұл ма, соңғы жылдары  көшiп келушiлердi жергiлiктi жерге тiркеуге алу көп нәрсеге бөгет  болып, жанға тиiп тұрғаны айдан  анық. Бұрындары, дәлiрек айтсақ, осыдан екi-үш жыл бұрын дереу  тiркеуге тұрып, уақыт оздырмай  квоталарын ала беретiн.          Кейiнгi  уақытта көшi–қон полициясы тарапынан екi ай, кейде одан көп  уақыт ата-тегiңдi тергеп, бiлiп  алмайынша, қандастарымызға  анықтама қағазы берiлмейдi.

            Онсыз атажұртыңның азаматы  болуға рұқсат жоқ. Мiне осындай  келеңсiздiктер қандастарымыздың  қабырғасына қайыстырып тұр.

           Соншама уақыт көшi–қон полициясына телмiрiп «Квотам қашан  келер екен» деп жата беретiндей  Қызылордада олардың бәрiнiң  әкесiнiң, не туыстарының үйі жоқ қой.    Қалада уақытша  тұратын бейiмдеу үйi тағы жоқ.

          Барының өзi жоғарыдағы -  Тасбөгеттегi жағдайда. Базарға  барып қаражат табайын десе,  полиция қызметкерлерi тынным  бермейді. Сөйтiп, өздерi аз ғана тиын-тебенмен келген жандар  қалталарындағы ақ ша ларын тауысып, қайтып келместей халге түседi.

          Бұл елге тезiрек жетсек деп отырған  алыс тағы қаракөздерiмiзге оңай  ма? Өйткенi, олардың жат ел дегi  жағдайлары да көңіл көншітпейді. Көшiп келiп, жағасы жайлауда, көңiлдерi көкте жүрген кейбiр  көзi ашық қарияларымыздың Қазақ стан Үкiметiне өкпелерi қара  қазандай. Елдегi қан дас тарымызға  берiлiп жүрген зейнетақы  саласындағы әлеуметтiк теңсiздiктерге ашынады олар. Кешегі кеңес үкіметі тұсінда сонша жыл  мұғалiм бол дым, бала оқыттым.

            Атамекенге келгенде алатын  зейнетақым мұндағылардыкімен  салыстырғанда әлдеқайда төмен  деп мұңын шағады олар. Бірақ  еңбек өтiлiм олардан кем емес.

           40 жылдан астам көз майымды  тауысып, бала оқытқаным ба,  әлде жазығым сыртта, өзге елде болғаным ба деп ашынады зейнеткерлер. Мұндай жағдайдан көшi –қондағылардың хабары  бар. Алайда олар «бұл жағы бiздiң қолымыздан келмейдi» деп бастарын ала қашады. Олары дұрыс.  Көшiп келушiлер жақсы, орынды  сөз айтты екен деп өз беттерiмен зейнетақыны көбейтуге жергiлiктi жердiң құқықтары жоқ. Бұл белгiлi жәйт. Оны Парламент,  Үкiмет шешедi. Мұндай шағымдар  республикалық газет беттерінде жиі жарияланып тұрады. Алайда, әншейiнде адам құқықтарын  аяқ асты етпейiк деп шырылдайтын Заң шығарушы орган  - Парламенттегiлер қазiр мұны ауызға алып жатқан жоқ. Үлкен  жиындарда «Қандастарымызға  өйтiп жатырмыз, бүйтiп жатырмыз. Жылына 20 мың қандамысызды  отанымызға шақырып отырған әлемдегi 3 мемлекеттiң бiрiмiз» деп  министрлiктегiлер мақтанышпен  есеп бередi. Дұрыс. Өте дұрыс. Бiр  қуанарлығы араларында, «қой,  неге шақырасың» деп жатқандары жоқ. Келсiн. Оған бәрiмiз қол соғып қуанамыз. Ал келген  қандастарымызға жоғарыдағыдай  әлеуметтiк теңсiздiктiң орын алып  тұрғанын «жырлап» әрi қолдап  тиiстi орындарға шыққанда, көшi- қондағыларға қандастарымыз рахметтен басқа сөз айтпас едi. Сонда бұл жағдай қашанғы жалғаса  бередi? Оның шегi, мерзiмi бар  ма? Елге көшiп келген азаматтарды бұлай алалау мемлекеттігімізге  сын емес пе?  Тағы бiреулерi айтады. Сырта еңбек етiп тәуелсiздiктен кейiнгi  алған наградаларымыз – қазақ  елiнiң мемлекеттiк наградаларымен бiрдей неге теңестiрiлмейдi.?

            Мәселен, Өзбек станға, Қырғызстанға еңбегi сiңген мұғалiм, дәрiгер  дегендей тағы басқа құрметтi  атақтар. Осылар Қазақ станның  осындай құрметтi атақ тарына жеңілдік жағынан теңес тi рiлсе  қайтер едi? Қанша айтқанмен бiз де өз бойымыздағы күш –жiгерiмiздi, талантымызды, бiлiмi мiздi, қоныс басқан жерiмiзде өзгелерден озық екенiмiздi көрсетiп, жұмыс iстедiк, марапатқа ие болдық қой. Бiздiң бұл өнегелi еңбектерiмiздiң жемiсiн атажұрттағы бауырларымыз бiлiп, үлгi-өнеге тұтулары керек емес пе? Әлбетте, омырауымыздағыларды ешкiм шешiп алып жатқан жоқ. Десе де адал еңбекке берiлген марапат қай салтанатты жиындарда  аты аталып, көпшiлiктiң алдында тиiстi қошеметтеулерге ие болса артық болмас деген ой келедi - дейдi қариялар жағы.

           Шынында да олардың бұл  ұсыныстары пендешiлiкпен айтылған сөз емес, құлақ қоятындай проблемалар. Бiз  өз ұлтымыздың елiм, жерiм  деп көшiп келген өкiлдерiне өз iшiмiздегiлермен қатар қойып,  алаламай, араларын бөлмей, теңдей құрмет көрсететiн болсақ одан мемлекетiмiз соншалықты шығын көрер ме екен. Бiле бiлсек көбiнiң жарық дүниеде санаулы ғұмырлары қалды.

              Олай болса қандастарымызды бұлай азғана зейнетақымен алдарқатып, шеткерiлетпей, барынша қамқорлық жасағанда,  адам құқықтарын шектеу де болмас едi. Солай емес пе? Қазақстан  Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн отандастарымыздың да құқықтары  қазақстандықтармен терезесi  тең қорғалуы тиiс қой.    Кеңес өкiметi  тұсында кiм, қайда еңбек етпедi?!

           Өткен жылы елiмiзде  «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Онда көптеген сәттi iстер қолға алыныпты. Әсiресе,  көшiп келушiлерге арнайы үй- жай салу, оларды бiр жерге топтастыру сияқты оңтайлы  жұмыстар өте орынды болған.

            Құптарлық. Соған байланысты  бiздiң аймағымызда бiрқатар оң  iстер қолға алынбақшы. Қаланың  бiр шетiндегi Ақсуат аулынан отандастарымызға бәленбай гектар жер бөлiнедi деген жоспар  бар. Сол жерге барлық көшiп  келушiлер бiрыңғай орналасып, күн көретiнге ұқсайды. Дұрыс  шығар. Ал бiрақ олар ертең қалай  күнелтеді. Ол жерге қашан мектеп,  аурухана, балабақша салынады.

           Бәрi ертегiдегідей сияқты.Бiрақ,  әйтеуiр сонша жерден келген адамды Үкiмет аштан өлтiрмейтiн шығар  деген неттеміз. Иә, елiмiз егемендiк  алғалы қандастарымыздың тарихи Отаны- Қазақстанға  келушi керуен-керуен көш легi әлi тоқтаған жоқ. Сол көштермен  қаншама қазақтың мөлдiреген  қаракөздерi елге ағылып келiп жатыр. Қариялары бiр уыс топырақты қысымдап ұстап, елiме жеттiм бе деп көздерiне жас алса, жастары бойымдағы барымды  Қазақстаныма жұмсаймын деп кеуделерiн шаттық, қуаныш кернеп жүр. Ендеше атажұртты аңсап  алыстан келген ағайындардың санын әлi де көбейту үшiн жанды  жұмыстар жүргізсек, оларға деген  қамқорлығымыз осы болмай ма?!

 

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ.

Қарақалпақстанға еңбегі

сіңген журналист