ҚЫЗЫЛОРДАДА АЙМАНҚҰЛ АҚЫН ДЕГЕН КӨШЕ БАР…

         Естімеген елде көп, 100  пайызға жуық жергілікті халық тұратын Қызылорда қаласында Айманқұл ақын деген көше бар. Бұл бұл ма, қаланы араласаң И.Аманкелді, Қ.Абай,  А.Құнанбаев есімді кейбір  көшелер де табылады.

         Екі жүз жиырма мыңнан астама халқы бар Алаштың алғашқы астанасы - Қызылордада ат  беріп, айдар тағылған үш жүзге жуық көше бар. Бұлардың көлемі жағынан ең үлкені - Сұлтанмахмұт Торайғыровқа тиісті, ұзындығы – 6,5 шақырым.

         Ал саны көп, бірақ, ең «жасы кіші»  тұйықтардың бірі – Айманқұл ақын көшесі, оның ұзындығы екі жүз метрге жетер-жетпес. Алайда о заман да бұ заман қазақта талай ақынды білсек те, бүгінге  дейін Айманқұл ақын дегенді естісек құлағымыз керең болсын, еш естімеппіз, сірә. Сондықтан  былтыр ғана Алматыдан арнаулы тапсырыспен үш тілде қазақ- орыс-ағылшын тілдерінде әдемі әдіптеліп шыққан «Қызылорда көшелері» атты кітапты қолға алып, ақтардық. Ол кітапта Сыр елінің тумасы, қазақтың жырдариясы, ақиық ақын Әбділда Тәжібаевтың анасы Айманкүл Тәжібаева атындағы көше жазылған да, ал Айманқұл ақын көшесін кездестірмедік.

            Мұнан соң шаһардағы үлкен көшелердің бірі саналатын Ғани Мұратбаевқа кесе-көлденең  И.Аманкелді көшесіне көзіміз  түсті. Бұл - И.Аманкелді деген кім? Я болмаса қазақта халық  батыры Аманкелді Имановтан  басқа И.Аманкелді аттас белгілі батыр не қайраткер бар шығар  деп тағы ойландық. Бір қызығы осы көшедегі кейбір үйлерде ескі аты – Аманкелді жазуы әлі  сақтаулы-қағулы тұр екен. Сонда да, мүмкін, көшенің аты басқа  кісіге өзгеріп кеткен шығар  деп тағы жаңағы киіз кітапқа жүгіндік. Оның 20-бетінде «Аманкелді Иманов - халық батыры» деп жазылған есім бар да И.Аманкелді деген жоқ.  Екі ғасырға шамалас жасы  бар, ескі қаладағы көше аттарындағы сорақылықтар бұнымен шектелмейді. Бас  ақынымыз атындағы Абай даңғылы да жетісіп тұрған жоқ.

          Бұл көше аттарын әркім тұрғын  үйлеріне өздігінше жаза берген. Бір үйде – Абай, енді бір жерде - Абая. Айтпақшы осы Абай  демекші жақында қалаға қарасты Ақжарма, Талсуат ауылдарына  жолымыз түсіп барғанымызда  Қ.Абай есімді көшелерді көрдік.

           О, тоба!. Бұл қалай? Ең болмаса ұлтымыздың ұлы ақынының атында дұрыс жаза алмайтын болғанымыз ба? Қаладағы өріп жүрген қателер енді ауылға ауыз салыпты. Сынықтан басқаның бәрі жұққыш келеді деген осы  екен-ау?..

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ