Бейбіт Ыстыбаев: Жеңілгеніме әйелімнің еш кінәсі жоқ!
2014 ж. 02 шілде
2487
2
Қазақ күресінен "Қазақстан барысы" турнирі өз мәресіне жетті. Төртінші мәрте өткен бұл дүбірлі додада биыл ел күтпеген жәйттар, яғни сенсациялар көп болды.
Оның бірі 2012 жылы "Қазақстан Барысы", 2013 жылы "Еуразия Барысы" атанған Бейбіт Ыстыбаевтың екінші белдесуінде жеңіліп қалғаны, деп жазады "Алаш айнасы".
Бейбіт бірінші белдесуде Ақмола облысының алыбы Нұрлан Жамаловты қиналмай жеңген еді. Сөйтіп, Жамбыл облысының жампозы бабында екенін көпшілікке бір дәлелдеп бергендей болды. Бірақ, ол екінші айналымда күтпеген жерден Шығыс Қазақстан облысының балуаны Мұхит Тұрсыновтан жеңіліп қалды.
Белдесуді Бейбіт белсенді бастаған еді. Өзінен шамамен 35-40 келідей жеңіл Мұхитты ол алып ұрам деген сеніммен шықса керек, боз кілемде өзіне сенімді болды. Дегенмен, өз-өзіне деген сенімділік Бейбітті түбінде сәтсіздікке алып келді.
Ұрымтал тұстардың бірін сәтті пайдаланған "Жалын" лақап атты Мұхит қарсыласының аяғынан шалып, жеңіске жетті. Дәл осы сәтте "Сарыарқа" велотрегіне жиналған жанкүйер "гу" ете қалды. Өйткені, белдесудің соңғы секундттары өтіп, Бейбіттің жеңісті жұлып алуына уақыт та жетпейтінін біліп тұрды. Бұл нағыз сенсация, нағыз күтпеген жәйт-тұғын.
Жекпе-жек аяқталған соң Бейбіт еріксіз өзінің "қасқыр басты" терісін қарсыласына беріп, турнирді екінші айналымнан аяқтады. Ыстыбаев жеңілгеннен кейін ел арасында біршама алып-қашпа әңгіме де басталып кетті.
"Биылғы "Қазақстан Барысы" жоғары деңгейде өтті. Оны балуандар түгілі, шет елден келген қонақтар да айтып жатыр. Ұйымдастырылу деңгейі де, турнирдің өту деңгейі де жоғары. Балуандардың деңгейі өсіп қалғаны қатты байқалады. Сол үшін де алдыңғы жылдарға қарағанда биыл бәсекелестік те жоғары болды деп есептеймін", - дейді қара күш иесі Бейбіт.
Әрине, биылғы додадағы өз өнерім көңілімнен шықты деп бағалай алмаймын. Өйткені, әу баста мен кемінде финалға жетемін деп жоспарладым. Бірақ, іс-жүзінде бәрі де керісінше болды.
"Ол үшін мен ешкімге кінә таққым келмейді. Тағдыр ғой. Мен 2012 жылы "Алтын тұяқты" қанжығама басқан едім. Биыл өкінішке қарай оған қол жеткізе алмадым. Мүмкін солай болуы керек те шығар. Енді алдағы додаларға екі не үш есе жігеріленіп дайындалатын боламын", - деді Бейбіт әңгіме барысында.
Ал, қарсыласыма келетін болсам, Мұхит жақсы жігіт. Нағыз қара күштің иесі. Өздеріңіз де көрген шығарсыздар, ол өзінен 35-40 келі ауыр салмақтағы балуандарды алып жығып жатты. Мен оның жеңісі үшін өте қуаныштымын.
Негізі, маған шекесі тырысып жүретіндер ұнамайды, оларды көрсем бір нұқып алғым келеді, жалпысында адам деген көңілді жүруі керек қой, өзім көңілді жүргенді ұнатамын. Сондықтан да бұл турнирде жеңілдім мен деп ұнжырғамды түсірмеймін.
Қашанда халық көп үміт артып отырған адам сүрінсе, оны ақтап не даттап алудың амалын қарастырады жұрт. Менің жағдайым да дәл солай. Жеңілгеніме ешкімді кінәләмаймын.
Қазір әлеуметтік желілерде "Бейбіт отау құрған соң күші кеміп қалыпты" деген әңгіменің де жүріп жатқанын білемін. Бірақ, жеңілгеніме отбасымның да, әйелімнің де кінәсі жоқ! Ол өзімнің қателігім.
Кейбір жерлерде тактикам да дұрыс болмады. Сондықтан да жеңілдім. Айтқым келетіні, кінәлі адамды іздеудің қажеті жоқ. Оның орнына жаттығу жұмыстарын жасап, келесі турнирлерге тыңғылықты дайындалу керек.
Жамбылдық балуанның басты жоспары "Қазақстан Барысында" мүмкіндігінше сәтті өнер көрсету еді. Бірақ олай болмай шықты. Бейбіт енді шамалы демалып алып, отбасыммен бірге болатынын жеткізді. Балуан сосын жаттығу жұмыстарына қайта кіріспек.