ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

0
1400

Империялардың Түркі халық­тары­ның бірігуінен немесе Ислам дініндегілердің бір ұранның астына жиналуынан алаңдағаны сонша, ендігі жерде бұл идеялар мүлдем жат атаулар қатарына қосылды. Сол үшін де Түрікшілдікті «Пантуркизм», Исламшылдықты «Панисламизм» деп атады. Осы атауды өлердей жек көрушілер – орыс және қытай ғана болмастан АҚШ та оларды басты жаулары ретінде қарады. Әсіресе ХХI ғасырдың алғашқы жылдарында АҚШ-та жүз берген «11-қыркүйек оқиғасы» мұсылман қауымын қырғындаудың, оны жоюдың табылмас сылтауына айналды.

Осы арада хұндардың дәстүрін жалғастырған түріктердің «қорқы­нышты» еместігін дәлел­дейтін кейбір ерекшеліктеріне тоқтала кетуіміздің артықтығы болмас. Түріктерде мем­лекет қауіпсіздігі – әулеттің қауіп­сіздігі саналып, «халық – әскер, әскер –  халық» түзімі болған. Со­ғысқа аттанған жастарды өз әулеті қамтамасыз етіп отырған. Сол үшін де жастар өз әулетін қорғау арқылы мемлекетін сақтауға соғысқа аттанатын болған. «Әкелері қайтыс болған ұлдар аналары мен кіші бауырларын жанына алып, оларды бағып, қағуға, өсіріп қанаттандыруға міндетті болатын». Жесірлік, жетімдік болмайтын. Олардың панасыз, қорғансыз болуына немесе қаңғырып қалуына ешқандай жол берілмейтін. Жауынгерлер мен мемлекет басшылары бір ниетте қаймығып, мойымастан, қиындықтан бас тартпастан елін-жерін қорғау жолында берік ынтымақта өмір сүретін. Әулет, мемлекет болып ең әуелі әскерді қамтамасыз ететін.

«Көктүрік жазба ескерткіштерінде де түрік «атына» ерекше мән берілетін. Түріктің атын тәрк етіп, бөтен жұрттың атын қойғандарға қарсы тұратын. Тағдыр тәлейін, тоқшылық пен ашаршылықты бүкіл әулет бірге көріп, ыстығына күйіп, суығына төзетін. Әулет мүшелерінің қай-қайсысын болмасын «мен өліп кетсем, балаларым мен әйелімнің тағдыры қалай болар екен» деген күдік пен үрейлі сауал мазаламайтын еді. Өйткені, өзінен кейін оның отбасын кімдердің асырап, бағып-қағатыны жайында дәстүрдің жазылмаған заңы бар еді» («Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 10 том, 66 бет. Бахаеддин Өгел «Түрік мәдениетінің даму кезеңдері» мақаласы. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).

Ежелден-ақ адамдық, ар болмы­сымен ислам дінінің ұстанымы­на жақын текті халықтың мұсылман­шылыққа бет бұруы олардың адами қасиеті мен бір-біріне деген бауыр­малдығын бұрынғыдан да терең­детті. Бүгінгі әлемді тіксіндіруге мұ­­рындық болған алып-қашпа өсек­тердегідей емес, мұсылман тү­рік­тері бейбітшілік, тыныштық, адам­­гершілік ұстанымымен өздерін қор­­ғау, ар-ожданын жоқтау, намысын тап­татпау аясында күрес жүргізе білді.

Мейлі қалай болған күнде де бұл идеялық ағымдардың қалыптасуына көз жіберсек, империялар жағынан аса өзімшілдікпен жазылған тарих беттерінен мынадай деректерді оқи аламыз:   

 «Панисламизм – «Орисламизм» деп те аталады. IХХ ғасырға қадам қойғаннан кейін, батыс елдерінің отаршылдық ірге кеңейтуінің кесірінен мұсылмандар дүниесі ыдырай бастады. Ондағы ең азулы Осман империясы ішкі-сыртқы жақтан қыспақта қалып, күн сайын кетеуі кетіп құлдырап, күйреп жоғалу қаупіне тап болды. 1884 жылы ауғанстандық Шейх Жамаладдин ауғани ислам дініне реформа жасап, мұсылмандардың ынтымағын күшейтіп, «Қазауат» арқылы отар­шылық шапқыншылыққа қарсы тұруды дәріптеу арқылы «Пәнис­ламизм» негізгі иедясын ортаға қойып, Ислам діні «бүкіл дүниеге ортақ дін», ол мемлекет, ұлт, тіл, нәсіл шектемесіне ұшырамайды деп есептеп, бүкіл дүниежүзіндегі мұсылмандар ортақ шешім негізінде ортақ тұлға (ұмар) құрып, Халифаның біртұтас басшылығында сыртқы отарлық шапқыншылыққа қарсы тұрып, дербестік алмай тынбауды үндеді. «Пәнисламизм» қуаттамасы Осман империясы сұлтанының қолдауына ие болды, әрі сол тұстағы дүниежүзіндегі әр қайсы елдерде ислам партияларында, ұйымдарында және мұсылмандар қауымы арасында үндестік тапты және қолдауға ие болды. «Панисламизм» алғашында отаршылық шапқыншылыққа қарсы тұру сипатын алды.

«Пантүркизм» «Оспанизм» деп те аталады. Ол да IХХ ғасырдың соңғы жарымында қалыптаса бастаған. Ол мынадай жағдайда пайда болған: Патшалық Ресей үкіметі «Панисламизмдік» ірге кеңейтушілік саясат жүргізіп, басқа ұлт халықтарын жаныштады. Ресей топырағындағы Дадан ұлтының білімді жігі мәдениет арқылы сананы бірлікке келтіріп, ұлтшылдық ұйыстыру қуатын күшейтіп, тәрбие және тіл реформасын жүргізу арқылы түрік тілінде сөйлейтін ұлттарды бірлікке келген «түрік ұлты» етіп ұйымдастырып, Патшалық Ресей үкіметінің осы саясатына қарсы тұрмақ болды. Патшалық Ресейдің Дадан ұлты адамы Исмайл Гаспаринский 1883 жылы Ресейдегі мұсылмандар «тіл, идея, әрекет жақта да бірігуі керек» деп айқын атап көрсетті. Оның ізбасары Юсұп Ақшолла онан асып түсіп, түрік тілінде сөйлейтін ұлттар бірігіп, бірлікке келген «ұлт одағы» болып құрылуы керек дегенді ортаға салды. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін «Пантүркизм» Ресейдегі базарынан айырылып, Гаспаринский Түркияға кетті. Сонымен Пантүркизм ендігі жерде Осман империясы зиялыларының қолына өтіп, Осман империясының бұрынғы ұлы, нұр-шұғылалы күйін қайта гүлдендірудің рухани тірегіне айналып, бүкіл дүниежүзіне таралды» («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 244-245 бет).

Кейде адамзат қоғамында белгілі іс-қимыл басқалар жағынан бүркемеленіп, шектемеге ұшыраған сайын оны көтеріп шығушылар да табылып отырады. Сол секілді Панисламизм және Пантүркизм аталған Исламшылдық идеясы мен түрікшілдік идеясын жоғалтып жіберу де мүмкін емес еді. Тек өзіне төнген қатерден сақтану немесе аяққа тапталған арын жоқтау бағытында болса, бүгінгі сөзбен айтқанда шапқыншылық-терроршылдық мақсатында болмаса, әрине, әділетті күрес есептеледі.

«Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!»- деп Ататүріктің айтқанындай исламшылдық немесе түрікшілдік болса, ол адамзаттың өмір сүруінің алғы шарты негізінде туындаған әлемдік идея саналар еді. Оған «изим»-дерді тіркеп, үрке қараудың еш негізі жоқ.

 

ШЫНЖАҢДАҒЫ ИСЛАМШЫЛДЫҚ ПЕН ТҮРІКШІЛДІК

 

Тұран даласынан кеткен оғыз ұрпақтары саналатын түріктердің таяу заман тарихына көз жіберсек, сол оғыз тайпасының көсемі Ертоғырұлдың баласы Осман керемет дарынды туған ұл болып, 1299 жылы өзін селжуқ мемлекетінің мұрагерімін деп жариялайды да, билікті бір орынға шоғырландыра бастайды. Өздерін осман түркілері атайды. Бірте-бірте Осман империясы қуатты ел ретінде таныла бастады. Византия империясының орнына өз империясын тіктеген олар Константинопольді бұрынғы түркіше атауы бойынша Ыстамбул деп атап, оны астана етті.

XV-XVI ғасырға келгенде жерін екі есеге жуық үлкейткен Осман империясы Армения, Сирия, Палестина, Мысыр; Хыджаз; Алжирдің көп жерін басып алып, Жерорта теңізі айлағында жеке дара билік жүргізді. Оның Еуропа, Азия, Африка құрлықтарына жайылған сол кездегі жер көлемі 8 милион шаршы шақырымға жуық кеңейді. Осман империясы әлемдегі ең қуатты державаға айналды.

Түркілердің көбінің мұсылман болуына байланысты олардың түркілік бірлігінен қалса діндік жақындығығы да басым еді.

Қытайдың Чиң (Еженхан) патша­лығының соңғы мезгілінде Осман империясы мұсылман дініндегі түркілерді негіз еткен Шынжаң өңірімен болған байланысын күшейте түскен болатын.

Шынжаңдық қытай билеуші­лерінің мұсылман халқына тізе батыруы түркі ұлттарының біріккен тұлғасын қалыптастырып қана қоймай, езгіге, қанауға қарсы тұрып, азаттықты талап ету саяси санасын үздіксіз күшейте түскен еді. 1884 жылы Шынжаң өлке болып құрылғаннан кейінгі біраз жыл тыныш өтсе де, ортақ жауларына қарсы тұратын исламдық сана өзара үндестік таба бастады.

Шынжаң билеушісі Яң Зың­шин (1864-1928) 1912 жылы Іле төңкерісшілерін, 1913 жылы Құмыл, Тұрпан  диқандар көтерілісін, 1918 жылы Күшардағы Мәмтіли көте­рілісін жаныштаса, одан кейін таққа отырған Жин Шурын(1879-1941) әскери қосынды кеңейту, алман-салықты ауырлату, қағаз ақшаны көп тарату, мұсылман халықтарына қа­нішерлік саясат жүргізу жақта­рынан халықтың қарғысына ұшырады.

Осы кезеңде  Исламшылдық және түрікшілдік ағымы Шынжаңға бірі саудагерлер, бірі шетелден оқып келген оқушылар немесе қажыға барғандар арқылы кіре бастаған еді. Мысалы, ХХ ғасырдың бас шенінде Шынжаңдағы миллионер, атұштық бай саудагер Үсенбай шетелде сауда жасаумен бірге, Европаны аралап, Стамбулға талай рет барып, Исламшылдық және түрікшілдік идеясын мейлінше қабылдайды. Оның белгілі бет-беделіне байланысты айналасына деген әсері де аз болған жоқ. 1913 жылдың соңында Қашқардағы ішінара бай саудагерлер, ажылар, жүйеден Үсенбайдың туысқандары Обыл, Хасен Стамбулға барып, «Оспан империясы бірлікке келтіру және алға бастыру комитеті» орталығының бас жетекшісі Мұхамат Аталин патшаға сәлем береді. Аталин сол тұста Исламшылдық және түрікшілдік идеясын бүкіл дүние жүзіне таратуды міндет етіп, құпия ұйымға басшылық етіп тұрды. Ол қытай үстемдігіндегі Шынжаң жерінен келгендерге ерекше мән беріп, олар аттанарда Шынжаңға арнаулы дін ұстаздарын жіберуге мақұл болады («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 247 бет).

Шынжаңнан ең алдымен шетелге барған әр түрдегі ұлт қайраткерлері барған жеріндегі қоғамда ерекше зор беделге ие болды. Қоғам дамуына пайдалы көптеген істерді істеді. Мысалы, Үсенбай Шынжаңда туылған Чинхай төңкерісіне қатынасып және оны қолдап, төңкерістік армияға көмек қаржы беріп, армияның құрылуына көмектесті; ұлттық өнеркәсіп, сауданы дамытты; ұлттық оқу-ағартуды өркендетті және т.б.

Исламшылдық және түрікшілдік идеясын Шынжаң адамдары ырықты түрде жеткізіп тұрды. Қытай әміршілігіндегі Шынжаң өлкелік үкімет шетелдердің, әсіресе, Оспан империясындағы түріктердің дінге араласуына қатаң тиым салғандықтан Шынжаңға Исламшылдық және түрікшілдікті тарату идеясындағы түріктер алғашында оқу-ағартуды пайдалана отырып, жұмыс жүргізе бастады.

1914 жылы ақпанда “Осман империясын бірлікке келтіру, ілгерлету комитеті” жіберген Ахмет Мамел қатарлы жеті адам орыс жерінен өтіп Шынжаңға келіп, 14 наурызда Атұшқа жетті. Олар алғашында Қашқарда мектеп құрмақшы болды. Алайда, қытай билеушілерінің құзырындағы жергілікті әкімшіліктің басқаруы қатаң болғандықтан, ол ойынан қайтып Атұшқа педагогикалық училище және мейір-шапағат қорын құрды.

Мектепті Үсенбай басқарды. Ал Камел қатарлы жеті түрік клас жетекшісі болды және оқыту қызметін істеді. Олар оқу-ағартумен шұғылданумен қатар, Исламшылдық пен түрікшілдік идеясын барынша таратып, оқушыларды түрік Осман сұлтанын көсем етуге тәрбиелеп, оқушыларды түрікше ән айтуға ұйымдастырды. Мектепте Стамбулдан әкелінген баспа заводы құрылып, “Ұлы дін” журналы шығарылып, Исламшылдық және түрікшілдік идеясы үгіттелді. Осы тектес “Жаңа мектептер” Қашқар, Яркен, Хотан, Күшәр қатарлы жерлерде де құрылды. 1915 жылы жазда түріктердің Атұштан құрған жекелік мектебі әшкереленіп қалды. Тамызда Камел қатарлылар Қашқар дуанбасының тергеуіне ұшырады, қыркүйекте өлкелік үкімет бұйрық түсіріп Камел қатарлылардың ағартумен шұғылдануына тиым салып, қуғындады. Содан кейін Қашқар жергілікті үкіметі осы Педа­гогикалық училищені жаптырып тастады, әрі жер-жердегі мектептерге осы Педагогикалық ушли­щені бітіргендерден оқытушы қабыл­дамауды қатаң ескертті. Камел Қашқарда жүріс-тұрысына тиым салынғанымен, бірақ жер-жердегі мектептермен астыртын байланыс жасап тұрды. Сол тұста осы түркиялықтардың Шынжаңдағы қи­мылын Германия жағының адамдары сырттай басқарып, оларға иелік етіп тұрды. 1917 жылы наурызда Қытай мен Германияның дипломатиялық байланысының үзіліп қалуына байланысты бұл адамдар қорғаусыз қалып, Шынжаң өлкелік үкімет олардың іс-әрекетіне мейлінше тиым салды. 1919 жылы олар Германияның соғыс тұтқын­дарымен бірге Шынжаңнан қудаланды. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 249 бет).

Оспан имперясының Шынжаң өңіріне Исламшылдық пен түрікшілдік идеясын кіргізуінің енді бір тәсілі шетелден немесе Қытайдың өз жерінен Исламшылдық пен түрікшілдік идеясын дәріптейтін басылымдарды почтадан молынан жолдау болды.

Исламшылдық және түрікшілдік идеясының сіңуі мен таралуына Қытай билігіндегі Шынжаң өлкелік үкімет барынша тосқауыл қойды. Өлке бастығы Яң Зыңшин қарсы тұру шараларын атқаруға бұйрық берді.

(Жалғасы келесі санда)

 

Жәди Шәкен

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз