ХАКІМ АБАЙ МУЗЕЙІНЕ БАРДЫҢ БА?

d0b0d0b1d0b0d0b9

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңай жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы. Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Бұл сөз барлық қазақ баласының көкейінде тұруға тиісті қасиетті қағидаға айналуға қажет.

 

            Абай атты түбі терең, тағылымы таудай биіктікке жетудің сан алуан жолы мен соқпағы бар. Сондай бір соқпақ біздің оңтүстікте салынды, ол «Хакім Абай музейі». Әңгіме басын «Хакім Абай музейіне бардың ба?» дейтін сұрақ қоюмен бастауымыздың себебі де сол. «Хакім Абай музейінің» тұсаукесері өткен жылы, мемлекеттік тіл мерекесі күні, яғни 22 қырқүйекте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Араға ай өтпей жатып М.Жолдасбеков, М.Мырзахметов, Ш.Мұртаза, сонау Семейдегі Абай мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Т.Ибрагимов, т.б. бір топ зиялы қауым өкілдері қатысқан «Хакім Абай тағылымдары» атты әдеби кеш те дүркіреп өтті. Осылайша ұлт ақыны Абай  арқылы рухани төңкеріс, санадағы сілкініс басталып кеткендей. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан осы бір ізгілікті бастама одан әрі жалғасын таба ма? Қалың қазақ шоғырланған Шымкенттегі тамаша музейдің болашағын баянды ету үшін не істеуіміз керек? Әлде сол әдеттегідей әкім нұсқауын күтумен ғұмыр кешеміз бе? Сан алуан сұрақ алдыңнан анталап шығады.

                 Біздің ойымызша «Хакім Абай музейі» осы оңтүстік аймағындағы қасиетті қара шаңырақтың біріне айналуға тиіс, оған толық жағдай бар. «Хакім» араб тілінен енген сөз, «данышпан», «дана адам» деген ұғымды білдіреді, соңғы уақыттарда тіпті сирек қолданады десек те болғандай. Хакім деген сөздің ұғымы, берер ғибадаты жайындағы жауапты хакім, дана адам Абайдың өзінен іздедік және аз-кем таптық та. Данышпан Абай өзінің аса көлемді, ғылым-білім, имани ұғым, діни тәрбие жөніндегі терең толғаныстарын, олардың өзара сабақтастығын энциклопедиялық үлгіде түсіндіріп беретін 38 қара сөзінде хакім сөзін әлденеше рет қолданған. «Хаким, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта (араб-білу, тану) басқалар дүр», деп бір түйсе, тағы бірде «Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым» -деп түсіндіреді.

                  Қуанарлық жайт Абайтану жайындағы ізгілікті шаралар одан әрі жалғасын тапты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі, өнер мен мәдениеттің жанашыры Уәлихан Бишімбаев 2009 жылдың 18 қараша күні филология факультеті құрамында «Абайтану» ғылыми-оқу орталығын ашты, осы саладағы белгілі ғалымдарды топтастырып, абайтану ғылымын пән ретінде аталған факультеттің барлық мамандықтарына тиянақты түрде оқыту қолға алынды және бұл пәннің өзге де мамандықтарда оқытылу жайы алдағы оқу жылының жоспарында қарастырылуда. Абайтану ғылыми-оқу орталығы сонымен қатар аса үлкен ғылыми жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр, орталық жетекшісі болып оңтүстік өлкесіне белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақов тағайындалды. Ғылыми орталықтың алдағы уақытта атқарылатын ғылыми жұмыстарының сапасын арттырып, басқа да аймақтарға үлгі-өнеге көрсету үшін, уақыт талабы бәсекеге қабілеттілікті талап етіп жатқан мына заманда атқарылар істі биік белеске шығару үшін Абайтанудың академигі, белгілі ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов қызметке шақырылды.

                       Бұл күндері «Абайтану» орталығы өз жұмысын жаңа идеялармен, тың ізденістермен жүргізіп жатыр. Хакім Абайды жас шәкірт жүрегіне нұрлы сәулесімен құю аса жауапты және ғибратты қағидат.

                  Орталық жетекшісі С.Өмірзақовтың тікелей ұйымдастыруымен таяу күндері «Абайтану ғылымы: қалыптасуы, дамуы, зерттелуі» атты ашық лекция өтті, дәріс жүргізуші профессор Мекемтас Мырзахметов. Кең аудиторияда ине шаншар жер болмады. Абайтану тарихын білгісі келген шәкірттермен қатар факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы да мол қатысты. Өз ісінің маманы, «Абайтану тарихы» атты монографиялық монументальды кітаптың авторы Мырзахметов лекциясы өте тартымды, ғылыми дәлдікке толы тұжырымдармен сәтті шығып отырды. Сондай өнегелі, әсіресе ғылым жолын таңдаған шәкірттерге қарата айтылған келесі бір пікірдің маңызы ерекше деп айтуға болады. Бұл пікір мына бағытта өрбіді, кейбір ғалымдардың дана Абайды ғылыми дәреже алу үшін ғана зерттейтініне қынжылған ғалым «Абайға мәңгілік беріліп, соның ілімімен жүру керек» деген өсиет айтты. Бізді қуантқан жағдаят – автор осы кітапты одан әрі байытып, дамытып, толықтыруды көздеген екен. Дәлірек айтқанда абайтанудың бүгінгі тарихын да жазуды қолға алыпты. Сүйсінерлік іс. Абайтану тарихын әзірше ұстаз Мекемтас ағайдан жетік білетін мамандар жоқтың қасы десе де болғандай. Лекция аяқтала бере сан алуан сұрақтар қойылды, мағыналы, мазмұнды жауаптар айтылды. Абайтану тарихына бір лекция жеткіліксіз, бірақ ұзақ уақыт бойы жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан ғалым негізінен алғанда түйінді деген мәселелерді ғана қамтып сөйледі, бұл ұтымды шықты, себебі кез-келген әңгіменің бас-аяғы, мақсат-міндеті, тұжырымы болу керек қой. Соның өзінде Абай іліміне сусап отырған студент жастар қимай қоштасты, тіпті сұрақ қоюдан бәсекеге түсті десе де болғандай. Мекемтас ағайдың алдағы уақытта болатын мұндай лекциялары одан әрі қызықты болатынына сенім мол.

                 «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» - деп Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткендей қазіргі қазақ баласына ұлы ақын Абай шығармашылығын тереңдете оқытудың мәні мен маңызы аса зор. Тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстау үшін Абай мұрасын оқытудың маңызын айтып жеткізу мүмкін емес.

                   Мұның бәрін қайта-қайта айтып себебіміз «Абайтану ғылымы: қалыптасуы, дамуы, зерттелуі» деген тақырыппен өткен әңгімеде осы және басқа да сұрақтардың деніне жауап айтылды.

                  Осы дәрістің (лекция) тыңдаушысы болған біздерді сонымен қатар алаңдататын да, кейбір түсініспеушілік туғызған әңгімелер де айтылды және бұл әңгімелердің абайтануға қатысы барлары да, қатысы жоқтары да болды. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Әңгіме төркінін ұзартпай осы мәселелердің кейбірін шама-шарқымызға қарай ортаға салғанды жөн санадық. Алдымен абайтануға қатысты жайттарға байланысты. Ұстаз аға Мырзахметов абайтану тарихындағы «ақтаңдақтардың» бірі болып саналатын С.Мұқановтың 1923 жылы жарық көрген «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» атты әйгілі мақаласына кеңірек тоқталып, айырықша екпінмен атап көрсетті, сол аудиторияда отырған шәкірттер де, тіпті абайтану тарихын жетік білмейтін өзгелер де солай түсінді, бір сөзбен айтқанда біз аса ірі классик жазушы деп танып-біліп жүрген Сәбит Мұқанов Абай мұрасын игеруде теріс көзқараста болды дегендей қабылдады. Шын мәнінде сол жылдары небәрі 22-23 жастағы Мұқанов әлі оқымаған, сауаты төмен, күні кешегі азамат соғысын жеңіспен аяқтаған қызыл жауынгер, байларға, үстем тап өкілдеріне өлердей қас жас ақын еді. Сонымен қатар барлық қоғам солай, яғни үстем тап өкіліне қарсы шығып жатты, Ресей сияқты әдебиеті мен мәдениеті ілгері кетті дейтін елдің  өзі Пушкин, Толстой сынды алыптарын шыққан тегіне қарай бағалап жатты. Ресейдегі самалдың Қазақстанға дауыл болып жететіні сөзсіз. Сәбең де сол райда солақай кетті, құбылып соққан замана желі талай қазақ баласын адастырды. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ С.Мұқанов қателігін түсінді, 1937 жылдың аласапыраны жүріп жатқан кездің өзінде «Абай – халық ақыны» деген мәнді мақала жазды. Одан әрі 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай жарық көрген толық жинақтың 1-томына «Абай – қазақ халқының данышпан ақыны» деген алғысөз жазды. Жазушы Абай туралы жазуды, зерттеуді тоқтатқан емес, нәтижесінде 1964 жылы жарық көрген «Жарқын жұлдыздар» атты монографияның негізгі бөлігі (230 бет) Абай шығармашылығына арналған. Дала жүректі жазушы кейініректе «Ол кезде мен саяси шала сауатты едім, менің ол кездегі саяси білімім де, жалпы білімім де бастауыш көлемінде еді» (1942 жылы) деп ағынан жарылатын Сәбеңнің бастауыш көлемді біліммен жазған бір мақаласын шәкірттер аудиториясында қайта-қайта еске түсіру қажет пе, еске түсірген жағдайда да С.Мұқановтың Абайтану ғылымының негізін М.Әуезов сынды ұлы тұлғамен қатар тұрып жасағанын да одан әрі жасырмай айтуымыз қажет, тарих әділеттілігі үшін. Олай етпесек бүгінгі шәкірттер, болашақ әдебиетшілер солай қабылдап, кейінгі қоғамға дәл солай, яғни «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақала өлшемімен ғана түсіндіруі бек мүмкін.

                    Осы кездесуде сонымен қатар батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы жайында да көп айтылды. Ұлы Абайды ғана емес, қаһарман Баукеңді же жетік білетін ғалым ағадан тыңдаған қандай әңгіме болса да ғибратты. Бірақ Баукеңнің қолбасшылық қасиеті жайында айтқан ұстаз неге екенін қайдам Баукеңнің батырлығын өткен ғасырда өмір сүрген батырлармен салыстыра келіп, төмендегідей пікір айтты. «Қазақ халқының бұрынғы батырлары Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайды, Шапырашты Наурызбайды тек қана қазақ халқы білді, ары кеткенде түркі халықтары ғана таныды, ал Бауыржан Момышұлын дүние жүзі таныды». Бұл пікір де ойланатын мәселе. Біздің білуімізше Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды ержүрек батырлар және аты атала бермейтін сол заманның сан мың ержүрек жауынгерлері қазақ халқын жоңғар басқыншылығынан азат етті, қытай шапқыншылығынан қорғап қалды, бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтап қалған шын мәніндегі батырлар. Ал енді күні кешегі екінші дүниежүзілік соғыс жайындағы пікір әрқилы. Сол кездегі Ресей империясының бодандығында болған көп ел ол соғысты тарих парағынан сызып тастады, енді біреулері тіпті қаралы күндер, жылдар ретінде (Балтық жағалауы елдері) қабылдайды. Әлі де болса ол соғыстағы жеңіс күнін мереке етіп, батыр бабаларды еске түсіріп, құрметтеп жатқан да біздерміз. Түйіндеп айтқанда қазақ халқы да әділетсіз соғыстың құрбаны болды, «ұзында өші, қысқада кегі жоқ» неміспен не үшін соғысқанымызды қазір де тап басып айта алмаймыз. Бір елдің бодандығында жүріп, отарлап алған, құлдық қамытын кигізген орыс елінің тәуелсіздін сақтап қалу үшін жан алып, жан беріп соғыстық. Ол да бір ұзақ әңгіме. Өз заманының патриоты Баукең де сол келмеске кеткен кеңес қоғамы үшін «ата жаумен» (Жамбыл) шайқасты. Бауыржан бабаға мың рет тағзым, ал енді қазақ ұландарына берілген 99 батыр атағының бірін қимаған кеңес қоғамына не айтасың? Халық батыры атағын алған қаһарманның ерлігі халық жадында. Біздің айтпағымыз,  тағы да сол шәкірттер аудиториясында қазақ халқының шын мәніндегі тәуелсіздігін сақтап қалған батырларды Баукеңнен биікке кете алмады деген пікірдің қажеті бар ма?  Мен үшін Мекемтас ағай атап көрсеткен үш батырдың ерлігі Бауыржан батыр ерлігінен бір мысқал да кем емес, керісінше туған елімнің тәуелсіздігін сақтап қалғаны үшін олардың бәрін де дәл Бауыржан бабамдай қатты құрметтеймін, әрқашан биік ұстаймын, соның дәлелі ретінде өзіміздің облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қабанбайдан бұрын найзаңды, қай жерде жауға тіредің» (Бұхар жырау) деген тақырыппен мақала да жариялаған болатынбыз.

                  Бауыржан батырдың пікірі ретінде осы кездесуде ұстаз аға тағы бір пікірдің ұшын көрсетті. Ол әңгіме Баукеңнің С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафинге арнап берген бағасы, яғни аталған үш алыптың «топшылдығын» бетке басып көрсетуін атап көрсетті. Бұл әңгіме де шәкірт аудиторисына тым сай емес. Біріншіден «топшыл» деген сөзді әрқалай түсінуге болады, бірақ әйтеуір жақсы мағынада емес, тіпті ұстаз ғалым мына мәселені меңзеп тұр деуге де дәтім бармайды. Айтылған сөз, атылған оқ, бір кездері әдебиет алыптарына Баукең осылай деп «кінә» тағыпты. Менің ойымша бұл ресми, баспасөзде жазылып, хаттамен тіркелген құжат емес, екіншіден от ауызды, орақ тілді, бет-жүзіңе қарамай батыл сөйлейтін Баукең ондай бір әңгімені мүмкін айтып та салған шығар. Бірақ, бірақ, төл әдебиетіміздің классиктері ретінде танылған ол тұлғаларды «топшылдыққа», пенделікке қимаймын. Біздің, бүгінгі ұрпақтың олай деп топшылауына моральдық хақы жоқ. М.Мырзахметов батыр Бауыржан Момышұлының жақыны, туысы ретінде қасында жүріп осы әңгімені естіген жағдайда да бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізудің мүлдем реті жоқ.

               Олай дейтін себебіміз, дәл қазіргі уақытта шәкірттеріміз тым сенгіш, оқып білгеніне емес, «ұзын құлақтан» естіген қағыс әңгімеге құмарлау, одан үлкен біздер де сау емеспіз, ондай дерттерден, өкінішке орай әңгімені профессор Мырзахметов айтып жатса, әрине иланады.

                 Ойымызды түйіндесек, ойнап айтсаң шын көретін шәкірттер алдында шынайы, шындыққа жақын сөйлесек. Орта, арнаулы, жоғары оқу орындарының барлық бағдарламалық (типтік) жоспарына сай қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин шығармашылықтары тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де оқытылып келеді. Демек саналы ғұмырын, жыр жауһарын «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп өсиет еткен ұлы ақын, кемеңгер хакім Абайтану дәрісінде (лекциясында) «Жол тапқан бар қазақтың жүрегіне» Сәбит Мұқановтың «бастауыш біліммен» жүрген кезінде жазған бір мақаласын бүгінгі күннің өзекті мәселесі етіп қоздата берудің қажеті бар ма? Сонымен қатар батыр Бауыржанды биіктету жолында Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайды, Шапырашты Наурызбайды қазақ, алаш деңгейінде қалды деп бағалауға бола ма? Сонымен қатар туған әдебиетіміздің классиктерін «топшыл» (?) деп бағалауға қалай дәтіміз барады? Бұл сұрақтар мені де, менің шәкірттерімді қатты ойлантатыны сөзсіз. Ұмытып барады екенбіз, неге екені белгісіз М.Мырзахметов университетте болған осымен екінші кездесуінде де С.Қожанов пен Т.Рысқұлов сынды тұлғалардың арасындағы  бір қарым-қатынас жайында диссертация қорғаған бір ғалымның еңбегіне мән беріп, тоқталып жатты, Абайтану дәрістеріне мүлдем қатысы жоқ Қожанов, Рысқұлов сынды қайраткерлердің арасындағы қатынастың бұл лекция барысына нендей қажеттілікпен байланыстырғанын тағы да түсінбедік.

                Ой түйіндеуді, ой қорытындылауға жалғас­тырсақ. Айтпақ ойымыздың тұма бұлағы Абайдан басталды және кемеңгер ақын жайында айтылған Мұқанов пікіріне кеңірек тоқталдық, сол себепті тағы бір рет Мұқанов пікіріне жүгінсек: «Данышпандардың бәрі – ақын емес, ақындардың бәрі – данышпан емес, Абай – солардың екеуі де болды». Айтылған пікір – хакім Абай образының жарқын беттерін аша түседі. Бұл пікірді тағы бір пікірмен толықтырудың, сабақтастырудың өзі артық дүние.

 

Нариман Нұрпейісов

Филология ғылымдарының кандидаты,