Қаржы полициясының басшысы пара алған қызметкері үшін қызметінен босатылды
2014 ж. 30 маусым
1523
0
Алматы қалалық қаржы полициясы департаментінің бастығы Дүйсенов бағынышты қызметкері пара алғаны үшін қызметінен босатылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
"Ағымдағы жылдың 17 ақпанында агенттік төрағасының бұйрығымен Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы департаментінің бастығы Дүйсенов лауазымдық қызметтерін атқарудан шеттетілді. Бұдан бұрын агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасы кәсіпкерден 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара алу үстінде аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторын ұстаған болатын. Өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз ету жұмысы агенттік төрағасының жеке бақылауында. Сондықтан сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін бағынышты қызметкерлер жауапқа тартылған жағдайда оның басшысы да лауазымынан босатылатын болады", - деді ресми өкіл.
Казинформ