ЕЛ ТАРИХЫ еріккеннің еңбегі емес немесе Тарақты тайпасы туралы шындық неге бұрмаланды?

d0b6d0b0d0b9d0bbd0b0d1831

(Соңы. Басы өткен санда)

 

Бізде батырлық атадан балаға мирас болып, жалғасып келеді. Кешегі қанды қырғын Ұлы Отан соғысында құралайды көзге атқан мерген, бір өзі 400-ге жуық фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменовтың қаһармандығы ел есінде. Ол мәңгі даңққа бөленген.

Бұл елде заманында шешендіктің туын ұстаған Тұяқ Құмалақұлы деген кісі болған. Ол өзінің құдай берген дарыны арқасында шешендік-тапқырлығымен ешкімге есесін жібермей, үлкен жиындарда елінің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғай білген. Атақты Шөже ақынның Тұяқтың қоғамдық орнын жоғары бағалағаны мына өлең шумағынан айқын байқалса керек:

 – Ішінде Тарақтының Тұяғы бар,

Қырандай қанаты мен қияғы бар.

Жақсылар бабын тауып баға білсе,

Ел сұрап, би болғандай сияғы бар...

Бір жолы жиынға кешігіп келген Тұяқ сәлем берсе, дуанбасы Ыбырай тәкаппарланып қолын созбай, таяғын ұсыныпты. Сонда Тұяқ:

– Маған ұры иттің мойнына байлайтын кескек ағаштың керегі жоқ, –деп таяғын қағып жіберіпті.

Жамбастап қисайып жатқан Ыбырай басын көтеріп:

– Ат төбеліндей аз ғана Тарақты аттың түгіндей Алтай – Қарпықты екі күн күттіріп, жолынан қалдырдың. Өзіңді протоколдап аттырып, күліңді көкке ұшырайын ба? – дейді.

– Тарақты аз болса, өз ағайыны Алтай-Қарпықтан аз шығар. Бірақ, Қазаннан қаңғып келген естектен аз емес. Аспанға ұшсам көк тіреп ұшатын қанатым бар, қонсам жер тіреп қонатын құйрығым бар. Қанат, құйрықсыз аз ауыл естек, сен атылсаң құнсыз, жоқтаусыз кетерсің, – депті Тұяқ шешен.

-Ерлер ырғасып сынасады,

Ездер былғасып сынасады,– деген емес пе, – деп дуанбасы Тұяқтың сөзін кек тұтпапты. Шынында да Ыбырайдың ататегі қыпшаққа сіңген естек, татардың бір бұтағы екен.

Тағы да алқалы жиында Тарақтыны нағашы санап қалжың айтқан дуанбасы Ыбырайға ол былай жауап беріпті:

-Тарақтының орны қашанда қазақтың төрінде. Тек өзі емес оның қыздарынан туған жиендері де шетінен мықты, марқасқалар. Атап айтсам:

- Қаз дауысты Қазыбек,

О да менің жиенім.

Қаракерей Қабанбай,

О да менің жиенім.

Қанжығалы Бөгенбай

О да менің жиенім.

Шақшақұлы Жәнібек

О да менің жиенім.

Дулат, Байұзақ, Мәмбет

О да менің жиенім.

Ботпай, Шымыр, Сыпатай

О да менің жиенім.

Қуандық, Байбек, Құлбек,

О да менің жиенім.

Ошақтыда Сапабек

О да менің жиенім.

Карсөндегі Ер Көппай

О да менің жиенім.

Тобықтыда Құнанбай

О да менің жиенім.

Жөгідегі Ықылас

О да менің жиенім.

Шұбыртпалы Ағыбай

О да менің жиенім.

Дуан басы Ыбырай

О да менің жиенім…, - деп Тұяқ тақпақтай жөнелді.

Таяз ойлайтын бүгінгі Жарылқасындардай емес, бұрынғы адамдар елдік қасиетті қастер тұтқан. Қаракесекте болған үлкен астың иесі қаз дауысты Қазыбек шешеннің немересі Алшынбай би екен. Осы асқа ішінде Байғозы батырдың шөбересі Жәуен бар, бірыңғай ақ жібек киінген, күміс ер-тоқымды қырық жігітті бастап Тарақтының белгілі мырзалары Сағал мен Сапақ барыпты. Олар әрі жиен, әрі құда деп ылғи қаракөктен бір үйір жылқы апарыпты. Құда болатыны – Байғозының немересі Құлжан Алшынбайдың Маңқан деген қызын алған. Содан Жәуен туған.

Сағал-Сапақ ел атынан тартуын тапсырмаққа сәлем бере барғанда:

– Бұлар мен көрмеген қай балалар?  – депті Алшынбай жыға танымай.

- Біздің ағаларымыз Сағал мен Сапақ, – дейді жиені Жәуен.

- Е, Тарақтыда қарны тоқ екі бала бар деуші еді, солар екен ғой, – депті би разы пейілмен.

Сағал, Сапақ үйден шығып кеткен соң, ол Жәуенді қасына шақырын:

– Тарақтыда сендердің алдарыңа түсетін кім бар, басқалары талапсыз-ау, деп ойлаушы едім. Мына Сағал мен Сапақ адамның қызыл қайың сұлтаны ғой. Солардан кейін жүрсең де кем болмайсың, шырағым, – депті.          

Аста сән-салтанатымен, өнер сауығымен және сыпайы-әдептілігімен Сағал-Сапақ бастаған Тарақты жігіттері көзге түссе, керейлерді бастап келген Барақ төре жеке басының күш-қайратымен жиналғандардың көңілінен шығыпты.

Ас тарқар алдында жақсы мен жайсаңдарын ертіп, құдасымен қоштаса келген тобықты Құнанбай:

– Алшеке, Сізге ерден кім ұнады, елден кім ұнады? – деп сұрапты. Сонда Алшынбай біраз ойланып отырып:

– Қазіргі ер жақсысы Барақ екен, ел жақсысы Тарақты екен; – депті.

«Ер жақсысы Барақты,

Ел жақсысы Тарақты» ,  – деген нақыл сөз содан қалыпты.

Бізде Құдай жолын, исламды жетік білген қасиетті абыздар өткен. Әлі атамыздан Сеңкібай қажы Меккеге үш рет барған. Бұғыбай қазірет Бұқара медресесін бітіріп, мешіт-медресе ашып, ел-жұртын мұсылмандыққа үйретіп, үлкен алғысқа бөленген. Әлеуке Айболат Қалдыбайұлы ғұлама діндарлығымен Сарысу тарақтыларына кеңінен танылған. Бұл кісі менің атам еді. Сол үшін әкем Арын Айболатұлы 1937 жылы қуғынға түсіп, көп азап шекті. Отбасында дінді берік ұстанған анам Бибі-Айша болды. Ол 9 жасынан намаз оқып, осы құлшылығын 94 жасқа келіп, дүниеден озғанынша тоқтатқан емес. Ал Оразхан ақсақал тамаша емшілігімен, ауа райын болжағыш көріпкелдігімен бүкіл Ертіс өңіріне танылған. Кебек, Ақыбай сияқты бақсы-балгерлер өткен. Ақыбайқызы Жәмила апамыз білгір тәуіпшілігімен Жамбыл облысына аты шықты.

Кеңес заманында да кемеңгер басшы адамдарымыз халқына ұйытқы бола білді. Бұлар Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мүшесі Мұхтар Шалқарұлы, министр Иса Халимов, ауданның басшылары Құсайын Бекішев, Әбіл Бейсенбаев, Ысқақ Бекжанұлы, Аман Алпысбаев, Қырықбай Асанов, шаруашылық жетекшілері Ерубай Жылқыбаев, Жұмагұл Ысмағұлов, Мекіш Жақыпұлы, Төлеубай Айжолов, Жұматай Адамбаев тағы басқалары.

Әлемге аты танымал ұлы дихан, екі рет Социалистік Еңбек Ері Ыбекең, Ыбырай Жақаевқа арнайы тоқтап кету ләзім. Ол асқан еңбекқорлығымен күріштің әр гектарынан 180 центнерден өнім жинап, дүние жүзілік рекорд жасады. Осындай теңдесі жоқ жоғарғы көрсеткішті бірнеше рет қайталап, жапонның жағасын ұстатып, кәрісті қайран қалдырды. Сөйтіп, далалық тамаша ақыл-ойдың, сарқылмас күш-жігердің ғажайып үлгісін паш етті. Қазағымның қасиетті қара шалын қалай мақтан етсек те артық болмайды. Сондықтан Қонаев: «Қазақтың сөз патшасы  – Абай, Сыр бойында дән патшасы  – Ыбырай», деп жоғары баға бергені мәлім. Ал ақын болса, Ыбекең туралы былай деп жыр төкті:

 –Мейлі оны таныстырма, таныстыр,

Нан иесін құрметтейді халық бұл.

Бір Жақаев жұлдыз болып жүздеген,

Қазақтың аспанында жанып тұр.

Сол сияқты Шиелі тарақтыларының арасында даңқты күрішшінің үлгісімен абыройға бөленгендердің қатарында Социалистік ңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева сияқты еңбеккерлер аз болмаған.

Қазақ әдебиеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесіміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Ең алдымен күміс көмей өнші Әміре Қашаубаевтың есімін зор ілтипатпен айтамыз. Ол қазақтың ән өнерін аспанға көтерді. Парижде, Майндағы Франбургте (Германия), Мәскеуде әуелетіп ән шырқап, әлемнің зиялы қауымын таңқалдырды. Қазақтың алғашқы Халық әртісі болды. Парижден келген соң НКВД маза бермеген. Күнде тергеу, күнде азаптау. Сондағы кінәсі Мұстафа Шоқайдың үйінде қонақта болып, ән салғаны. Ақыры, ұлы әнші ағамыз Әбекең сол жендеттердің қолынан қазаға ұшырады. Тағы бір асқан өнерпазымыз Ашай еді. Ол Ықыластың қобызшылығын жалғастырған саңлақ болатын. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында тебірене жазды.

Бұларға қоса ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген екі ақын Аманбай Жолдыбайұлы мен Дәріжан Бәйімбетқызын ерекше атау орынды. Олар әлеуметтік және саяси теңсіздікке қарсы өлеңдер шығарған. Тағы бір дарынды ақынымыз Ұлы Отан соғысында құрбан болған Нақып Бердібекұлы.

Елімізге танымал әдебиет қайраткерлері қатарында ақындар әрі ірі ғалымдар Балтабай Адамбаев пен Бүркіт Ысқақовты орынды мақтан етеміз. Балтекеңнің зерттеулері нәтижесінде қазақтың шешендері халқымен қауышты. Бүкеңнің тағы бір қыры осы күні дүние жүзіне мәлім «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегі фильмінен айқын байқалса керек. Бұған ақынның өлеңмен жазылған әдемі ертегісі негіз болған. Соңғы кезде атақты жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты жаңа роман-эссесі жарык көрді. Мұны оқырман қауым зор ілтипатпен қабылдады. Ғұлама Қанекең туралы оның жазған тамаша шығармалары әлемнің 112 еліне тараған. Марқұм Ақселеу Сейдімбек танымал жазушылығымен қатар үлкен ғалым еді, Астанадағы Еуразия университетінің профессоры болды. Оның «Қазақтың күй өнері» кітабы іргелі ғылыми-зерттеу, шығарма-оқулық болып табылады. Ақаң сазгерлігімен де құрметке бөленген. Атап айтсақ, «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндері үзбей шырқалып келеді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері суретші Дулат Әлиевті өнер сүйер қауым жақсы біледі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосып жүрген тағы бір азаматымыз, талантты жазушы Қуандық Түменбаев.

Қазақ елінің саяси еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресті сонау бозбала шағынан бастап, кеңестік тоталитарлық заманның зорлық-зомбылығына бас имеген, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы «Азат» қозғалысының бас ұйымдастырушыларының бірі – Қасен Қожа Ахметтің есімі ел-жұртқа кеңінен белгілі. Ол әділетсіздікті батыл әшкерелеп, қазақ халқының жоғын жоқтауда алдыңғы сапта келеді. Мұның жас ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеуде жасайтын ықпалы зор.

Ғылым саласында да Тарақты балалары алғырлығымен көзге түсуде. Осындай таңдаулы азаматтар қатарына ең алдымен атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің кепілдіктер жөніндегі инспекторы Достай Раманқұловты қосамыз. Оған әлемге танымал ғалым Эль-Барадей басқаратын МАГАТЭ-нің басқа да қызметкерлерімен бірге  2005 жылдың қазан айында Нобель сыйлығы берілген. Елімізге кең танымал ғалымдарымыз ғылым докторлары Арғынғазы Егеубаевты, Мұсылманбек, Дүйсен және Саябек Сахиларды, Бауыржан Исабековты, Келіс Жайлыбайды, Ғазиза Құсайынды, ғылым кандидаттары Қазыбай Мұқановты, Үсенбек Рахметовті, Яһуда Амандықовты, Серік Байсаловты, Жаныс Байтуғановты, Серік Байназаровты, Ғалым Арыновты және басқаларын орынды мақтан етеміз.                                     

Біздің талапты да іскер жастарымыз нарық заманында да өз қатарынан қалмай, басқаларға үлгі-өнеге көрсетуде. Олар: Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаев, Елбасы аппаратының жауапты қызметкері Сансызбай Дүйсенбеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі Сансызбай Ілиясов, Қазақ теміржолының бас маманы Қанағат Әбенұлы, ҰҚК басшыларының бірі, полковник Қадыржан Асанов, «Егемен Қазақстан» газетінің алқа мүшесі, журналист-жазушы Әділ Дүйсенбеков, белгілі саясаткер, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Айқын» газетінің Бас редакторы, Құрмет орденінің иегері Нұртөре Жүсіп.

Сонымен, қарағай тамырлы қазақ елінде Тарақтының ежелден өз орны бар. Тарақты ұлдары мен қыздары қандас бауырластары мен қоян-қолтық араласа отырып, тәуелсіз қазақ елінің іргесі бекіп, көркейе беруіне бұдан былай да лайықты үлес қосуға мүдделі. Ол үшін бәрімізге тас түйіндей мызғымас бірлік керек. Алаштың жеңімпаз туы астында бөлінбей, жарылмай бақытты өмір кешуге, өркениет көшінен қалмауға аянбай күш жігер жұмсайық. Жақсылығымызды асырып, күйкі тірліктен, пәтуасыз пендешіліктен аулақ болайық. Осы ізгі ниетімізге бір Алла жар болсын!

 

Сағат Арынұлы,

Соғыс және еңбек ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы