Астана көшесінен Мирзоян есімі алынып, Сәтпаев есімі жарқырайды!!!
2014 ж. 29 маусым
4034
2
Ал Алматы қаласы мен Ақтөбе облысы әкімдері Мирзоян жарлығымен жазықсыз қырылған мыңдаған асылдарымыздың әруағынан қорықпай ма?!.
Еліміздегі Алматы, Астана, Ақтөбе және т.б. қалалардағы орталық көшелер Левон Мирзоянның есімімен аталып келгенін жергілікті халық жақсы біледі. Қазақты қан қақсатқан Мирзоянның есіміел қалаларындағы көшелерге берілуіне қарсы болып ең бірінші «Қазақ Үні» газеті қарсы шыққан еді. «Қазақ Үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталында жарық көрген, қазақтың белгілі ақыны Қазыбек Исаның саяси қуғын-сүргңн құрбандарын еске алу күні - 31 мамырда тағы да: «Әкімдер Мирзоянның кім екенін әлі білмей ме?» атты мақаласы қоғамның қолдауына бірден ие болды. Себебі, 7 мыңдай адамды ажал құштырған Мирзоянның кім екенін саналы жұрт жақсы біледі. Аталмыш мақалада Мирзоянға көше бергендер сынға алынып, еліміздің басты қаласы Астанада оның аты алынатын болып, өкінішке орай, Алматы мен Ақтөбеде де Мирзоян атындағы көшелер мұрты бұзылмай тқрғаны айтылған еді. Сол мақаладан үзінді келтіре кетсек: «Астана қаласында да бұрыннан келе жатқан Мирзоян атындағы көшенің ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың атына өзгертілетіні туралы елорданың әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырзаның мәлімдемесі тұрғындардың ғана емес, бүкіл ел көңілінен шықты. Ал Алматыда не болып жатыр? Биыл Алматы қаласы мәслихаты депутаттары мен белгілі тарихшылар бас қосқан жиында қазақты қырған Мирзоянды әлі де нағашысындай қорғайтын құлдық мінезден арылмағандар табылғаны өкінішті… Ақтөбе де үнсіз… Сонда тек солтүстіктегі Целиноград ауданы әкімі ғана емес, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысы әкімдері А.Есімов пен А.Мұхамбетов те Сталиннің жандайшабы Мирзоянның кім екенін білмей, халқын қырған жауыздың атындағы көшеде шалқайып жүретін болғаны ғой… Сонда олар жазықсыз қырылған мыңдаған асылдарымыздың әруағынан қорықпай ма?!.».
Оның алдында Президент мұрағатынан табылған Мирзоянның Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталинге жазған хатын да жарияладық.
«Кеңестік саясатқа қарсы жасалған әрекеттердің негізінде біз бірінші деңгей бойынша 8 мың адамды, екінші деңгей бойынша да 8 мың адамды ату жазасына кесуге рұқсат алдық. Қазір бұл меже толығымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін Кеңестік ұстанымға қарсы шыққандарды түгелдей жазалауымыз керек. Арнайы ұйымдардың арқасында біз тағы 1600 адамның қитұрқы әрекетке баруға дайындалғандарын әшкереледік. Сол себепті, «Халық жауы» атанғандарды қоғамнан толығымен аластау үшін сізден бірінші деңгей бойынша тағы 600 адамды, екінші деңгей бойынша 1 мың адамды ату жазасына кесу үшін рұқсат сұраймыз.Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Коммитетінің хатшысы Л. Мирзоян».
Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын «Қазақ үні» газетінде жарық көрген аталмыш мақалалар жоғары жаққа жетті деп білеміз, көп кешікпей Астанадағы Мирзоян көшесі қазақтың атақты ғалымы Қаныш Сәтбаевтің есімімен аталатыны туралы ресми хабарланды. Жауыз Мирзоянның есімі «өшкенін» естіп алғаш жар салған да qazaquni.kz ұлттық порталы еді.
Енді, міне, республикалық ономастикалық комиссияның ұйғарымы бойынша "Астана қаласындағы Мирзоян көшесі Сәтбаев көшесі болып өзгертілді» деген ресми хабарламаны естіп, оқырманға тағы да жақсы жаңалықты жеткізуге асықпыз!
Елдегі ең өзекті мәселелерге араласып, оның шешімі табылуына септігі тисе, ол ақпарат құралы үшін үлкен жеңіс. Ендігі тілек , Алматы мен Ақтөбе қалалары Астанамыздан үлгі алып, көшелерінен Мирзоян қанішердің аты алынса екен дейміз!!!
Азамат Тасқараұлы,
qazaquni.kz ұлттық порталының редакторы