Қырғызстан Қазақстанға су көлемін арттыратын болды
2014 ж. 27 маусым
2154
2
Жамбыл облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Шу облысындағы Үкімет өкілдігінің бірлескен отырысында Шу өзені бассейнінің суын мемлекетаралық бөлу мәселесі қаралды, деп хабарлайды BNews.kz.
Жиынға өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев, Қазақстан Республикасы су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, Қырғыз Республикасы су шаруашылығы және мелиорация жөніндегі департаменті директоры Кокумбек Таштаналиев, Шу облысының губернаторы Қанатбек Исаев қатысты.
"1983 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес Қазақстан Шу өзені суының 42 пайызын алуы керек еді. Бұл - секундына 43 текше метр су. Соңғы жылдары судың аздығынан біз 34 текше метрлік көлемге де келіскенбіз. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 20-ға да жетпей, секундына 15-16 текше метр ғана болып отыр. Бұл біздің қажеттілігімізді жарым-жартылай да өтемейді", - деді облыс әкімі Көкірекбаев.
Қырғыздар тарапы өздеріндегі құрғақшылық пен судың тапшылығын алға тартып, су мөлшерін арттырғысы келмегенімен, ақыр соңында қос тарап ортақ мәмілеге келіп, тарқасты.
Енді, қырғыз ағайындар су мөлшерін арттыратын болды. Атап айтқанда, Шу өзені бойынша секундына - 19, Талас өзені бойынша (Меркі бағытында) 1 текше метр су берілмек.
Бұл кенезесі кеуіп жатқан алқаптардағы дақылды аман алып қалуға игі әсерін тигізбек. Қордай ауданына көрші мемлекет су беруді шектеп, салдарынан 45 мың гектар алқап сусыз қалған болатын.