Берік Уәли мемлекеттік қызметтегі алғашқы баспалдағын ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары- облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып жемісті бастаған болатын. Бұл жауаптылығы мен маңызы зор жаңа қызметінде де , ұлт мүддесі үшін талай игі істерді атқаратынына күмәніміз жоқ. Оңтүстік аймақтың ішкі саясатына тың серпін қосып, жаңа бастамаларымен халықтың қамы үшін сүбелі шаруалар атқаратыны сөзсіз. Әр жылдары өзінің журналистік қырымен танылып, халықтың сүйіспеншілігіне ие болған Берік Уәлиұлына жаңа қызметте табыстар тілейміз.
"Қазақ үні" газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталының ұжымы атынан Берік Уәлиді Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалуымен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік тілейміз!
Өмірбаяны
Құрманғали Берік Уәлиұлы
Құрманғали Берік Уәлиұлы 1977 жылғы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы-редактор мамандығы бойынша аяқтаған, 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика магистрі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған. 1998-1999 жылдары НТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, шығарушы редакторы болып қызмет етті.
2000-2007 жылдар аралығында «31 канал» телерадиокомпаниясында қызмет етіп, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы қазақ редакциясының редакторы, шығарушы редакторы, жүргізушісі, бас редакторы болды, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып еңбек етті, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының бас редакторы, жүргізушісі қызметтерін атқарды.
2007 жылдан 2012 жылға дейін «Хабар» агенттігі» АҚ-ы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Үкімет пен әлеумет» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болып еңбек етті.
Б.Құрманғали сонымен қатар «ВВС» британдық телерадиокорпорациясы қазақ қызметінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академисяында халықаралық журналистика пәні бойынша ұстаздық етті. Ал 2009-2012 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес медиа-орталығының жетекшісі қызметінде болды.
2012 жылғы қыркүйек айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Жемісті еңбегі үшін Берік Уәлиұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының тәуелсізідігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Шығармашылық жұмыстағы жетістіктері де оң бағаланып, «Еркін сөз» бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2003 ж.), «Дода» ток шоуы үшін Қазақстан Журналистер академиясы тағайындаған «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері (2006 ж.) атанды, «Өркендеу, Демократия және Сөз бостандығы» ұлттық конкурсында ЮНЕСКО-ның (2004 ж.) және Марат Барманқұлов атындағы Х халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2007 ж.) дипломдарымен марапатталған.
Берік Уәли ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды!
2014 ж. 26 маусым
5182
1