Мая тайпасының ұрпағы қазақ еліне келуге ниетті

Мексика Қазақстанмен ынтымақтастық құруға ниетті. Елімізде бұл мемлекеттің елшілігі әзірге ашылмаса да, мексикалықтар өздеріне таңсық елді көруге ынталы. Бұл туралы 24.kz жазады.

Мая тайпасының ұрпағы қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысып, асқар таулары мен дархан даласын көруге асық. Халық саны бойынша әлемде 11 орында тұрған Мексика экономикалық күрделі мәселелерге тап болып отыр. Дегенмен, оларға табиғаттың берген сыйы көп: Кариб теңізінің көгілдір суы мен жағалауындағы аппақ құм, тропикалық джунгли, көне өркениеттің қалдырған ежелгі ескерткіштері мен мая пирамидалары. Содан болар Мексикаға туристер ағылып келуде. Ал өздері таңсық болып көрінетін Қазақстанды көруге ынтазар.

"Қазақстан орналасқан әлемнің жартысында әлі болғаным жоқ және қарды өз көзімен көргім келеді. Өкінішке орай, біздің туристік агенттіктерде Қазақстанға баратын саяхат бағдарлама қарастырылмаған. Біз елдеріңізге барып, қарлы таулар мен жазық даланы көріп, әдет-ғұрыптармен танысып, тағамдарының дәмін татсақ дейміз", - дейді Мая ұрпағы Эрик Эрера.

Эрик - көне мая тайпасының ұрпағы. Оның ата-анасы Юкатанның көптеген тұрғындары секілді осы күнге дейін егіншілік, аңшылықпен айналысып, қолөнермен табыс табады.

Ата-бабасының әдет-ғұрыптарын қатаң сақтайды. Мексиканың туристік брэнді бүкіл әлемге танымал. Авокадо, жүгері, шоколад пен текиланың отаны. Мексика туризмнен миллиондаған АҚШ доллары көлемінде табыс табады. Бұл - қазынаға түсетін кірістің жартысынан артық қаражат.

24.kz