Америка соты қазақстандық студентке мәмілеге келуді ұсынды
2014 ж. 24 маусым
1795
0
"Бостон марафоны кезінде болған жарылысқа қатысты іс бойынша айып тағылған қазақстандық студент Азамат Тажаяқов дүйсенбі күні АҚШ соты алдында жауап берді. Мұндай мәліметті Ассошиэйтед Пресс агенттігіне сілтеме жасаған РИА Новости ақпарат құралы таратты" деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Агенттіктің мәліметіне қарағанда, сот Тажаяқовқа тергеу органымен мәмілеге келіп, айыбын мойындап, жазасын жеңілдетуді ұсынды. Алайда Тажаяқовтың адвокаты соттың ұсынысын қабыл алмады.
Сонымен қатар тыңдалым кезінде сот "теракт бойынша тексеріліп жатқан істің барысына қасақана кедергі жасады" деп айыпталған Қырғызстан азаматы Хайрулложон Матановты кепілдік бойынша босатуға келісім бермеді.
Айыптаушылар Матановтың "Бостон марафоны кезінде жарылыс жасады" деп айыпталған ағалы-інілі Джохар және Тамерлан Царнаевтармен таныс болғанын және теракт болған күні оларды кешкі тамаққа шақырғанын алға тартады. Массачусетс штаты прокурорының мәліметінше, айыпталушы өзін құқық қорғау органы тергеп-тексеретінін біліп, қасақана тергеуге кедергі келтіретін қадамдарға барған.
Прокуратура Қырғызстан азаматын терактке қатысты ақпараттардың көзін жойды, өзгертті деп айыптап отыр. Сондай-ақ федеральді тергеу кезінде үш рет тергеуді жолдан адастыратын жалған мәлімет берген деп айыптады. Ал Матанов өзіне тағылған айыппен келіспейді.
Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық студенттер Азамат Тажаяқов пен Диас Қадырбаевқа 2013 жылы Бостон марафоны кезінде болған жарылысқа қатысты тергеу ісіне кедергі жасады деп айып тағылған болатын. Олар 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бостон федеральді соты қазақстандық студенттердің соты бөлек жүргізіледі деп қаулы шығарған. Азамат Тажаяқовтың соты 30 маусымға белгіленген, ал Диас Қадырбаев сот алдында 8 қыркүйекте жауап беретін болады.
tengrinews.kz