Астана көшесінде қожайыны жоқ тауыс құсы табылды
2014 ж. 24 маусым
3395
0
Астана көшелерін екі аптадан бері тауыс құсы кезіп жүр. Ертелі-кеш осы маңда жүріп, кешкісін ағаштың басына шығып алады екен.
"Қызыл кітапқа" енген павлиннің бұл жүрісіне тұрғындар да аң-таң. Құс әбден үркіп қалған ба біздің түсіру тобымызды көргенде де ағаштың басына шығып отырып алды.
Тауыс бір жерден ұшып келді ме, әлде қожайынынан кетіп қалды ма, ол жағы белгісіз. Бірақ, экзотикалық құс тұрғындардың көз қуанышына айналып отыр. Олар павлинге ерекше құрметпен қарап, тамақтандырып тұрады екен. Алайда алаңдаулы тұрғындар құсқа біреулер қастандық жасай ма деп қорқады.
"Алғаш рет бір жарым апта бұрын көрген едім. Күн сайын таңертең жұмысқа бара жатып, құс орнында бар ма, жоқ па, уайымдап қарап кетемін. Жоғалған дүниелерді іздейтін арнайы бюроға да хабарласқан едім, ешкім өтініш қалдырмапты. Төтенше жағдайлар министрлігіне қоңырау шалғанымда, олар да еш әрекет жасамады", - дейді қала тұрғыны Саркис Карапетян.
Тұрғындардың айтуынша, осыған дейін бір кісілер көлікпен келіп, оны ұстап алмақ болған. Бірақ, павлин олардың ауына түспеген көрінеді.
7 арна