Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада еліміздің орталық атқарушы билігінде айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен, жергілікті билікті лауазымды қызметке тағайындалып, ауданның билігін ұстаған азаматтардың қатары біршама мол болды.

Фото: pravda-nn.ru
Фото: pravda-nn.ru

Күні кеше ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметіне Елбасы Н.Назарбаевтың өкімімен О.Оразалин кірісті. Сонымен, Оңдасын Оразалин 1963 жылы дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы болып бастап, кейінгі жылдары Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі, Ақтөбе облыстық сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасының бастығы, облыстық ішкі саясат департаментінің директоры, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы, осы бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. "Құрмет" орденімен және 3 мерейтойлық медальмен марапатталған.

Апта ішіндегі аудан әкімдерінің ауысуы негізінен Ақмола облысында орын алды. Бұған қоса өңір басшысы өзінің жаңа орынбасарын да тағайындады.

Атап айтқанда, Қадырхан Махмұтұлы Отаров облыс әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Ол 1953 жылы туған, білімі жоғары. Батыс-Қазақстан ауыл шаруашылық институтын бітірген. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1975 жылы Ақтөбе облысы "Хлебодаровский" кеңшарының зоотехник-селекционері болып бастады. Бас зоотехник лауазымынан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымына дейінгі еңбек жолын өтті.

1994 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. 1999 жылғы қарашадан бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарды. "Құрмет", "Парасат", ІІІ дәрежелі "Барыс" ордендерімен, 4 мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Ал Ерейментау ауданының әкімі қызметіне Ермек Бекенұлы Нұғыманов кірісті. Е.Нұғыманов 1957 жылдың 20 қыркүйегінде Ақмола облысының Алексеевка ауданының Байлұсты селосында туған. Ұлты қазақ, білімі жоғары. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолын 1975 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы "Золатая нива" кеңшарында механизатор болып бастаған. 1979-1996 жылдары аралығында түрлі салада қызметтер атқарды. 1996 жылы бұрынғы Көкшетау ауданы әкімінің орынбасары. 1997 жылы Зеренді ауданының әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2004 жылы Жақсы ауданының әкімі, 2007 жылы Бұланды ауданының әкімі болып тағайындалды. Соңғы жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет істеді.

Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов Аршалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Жомарт Жұмағалиұлы 1974 жылы туған, екі жоғары білімі бар, Ақмола аграрлық университетін және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы "Константиновский" өндірістік кооперативінің мал дәрігері болып бастады. 1998 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Целиноград аудандық аумақтық басқармасының ветеринарлық бақылау бөлімінің меңгерушісі, бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы, кейін басқарма бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды.

Ол 2002 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облыстық аумақтық басқармасының ветеринарлық бақылау бөлімінің бастығы лауазымына ауысты. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облыстық аумақтық басқармасы бастығының орынбасары, бастығы лауазымдарын атқарды.

2012 жылғы ақпан мен 2013 жылғы маусым аралығында Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметінде болды. 2013 жылғы маусымнан бастап Атбасар ауданының әкімі лауазымын атқарды. І дәрежелі "Еңбек даңқы" белгісімен, "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерейтойлық медалімен марапатталған.

Андрей Никишов Атбасар ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол 1969 жылы бұрынғы Целиноград облысы Целиноград ауданы Киров атындағы кеңшарда туған. Жоғары білімді. Целиноград ауылшаруашылық институтын, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Мал дәрігері ғылымының кандидаты.

Никишов еңбек жолын 1990 жылы Целиноград қаласы "Прима" кооперативтік ғылыми-өндіріс бірлестігінің мал дәрігерлік санитары болып бастаған. Әр жылдары Целиноград аудандық мал дәрігерлік станциясы бастығының орынбасары, Ақмола облысы мал дәрігерлік комитетінің маманы, Ақмола облысы мал дәрігерлік бақылау басқармасында басшы қызметтерін атқарды.

1999 жылғы қазан мен 2002 жылғы сәуір аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасының бөлім бастығы - Ақмола облысының бас мал дәрігерлік инспекторы болып жұмыс істеген. 2002 жылғы сәуірден бастап Ауыл шаруашылық минстрлігінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып қызмет атқарды.

2004 жылдың наурызынан бастап 2007 жылғы қыркүйек аралығында Ақмола облысы Егіндікөл ауданының, 2007 жылғы қыркүйек пен 2008 жылғы наурыз аралығында Көкшетау қаласының әкімі, 2008 жылғы наурыз бен 2012 жылғы тамыз аралығында Степногорск қаласының әкімі болды. Соңғы жылдары кәсіпкерлікпен шұғылданды. "Құрмет" орденінің иегері.

Атырау облысының Исатай ауданын басқарған Нұрлыбек Ожаев Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Қала активтері мен мәслихат депутаттарының бірлескен жиынында Атырау облысының әкімі Атырау қаласының жаңа басшысын таныстырды.

Н.Ожаев 1964 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1986-1991 жылдары комсомолдық органдарда жұмыс істеді. 1992-2003 жылдары Махамбет ауданының мемлекеттік басқару органдарында түрлі қызметтерде болды. Аудан әкімінің аппаратын басқарды. Бірнеше жыл бойы облыстық әкімдікте түрлі қызметтер атқарды.

Ал Қостанай әкімі болып Ахмедбек Ахметжанов тағайындалды. 47 жастағы А.Ахметжанов осы тағайындауға дейін облыстың Қостанай ауданының әкімі болды.

Еске сала кетсек, облыс орталығының бұрынғы әкімі Гауез Нұрмұхамбетов бұл қызметінен басқа жұмысқа ауысуына байланысты кеткен еді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өңірге қарасты Жамбыл ауданының әкiмi қызметiне Иван Турковты тағайындады. Иван Турковтың тәжірибесі мол. 10 жылдан астам уақыт Салық қызметінде еңбек етті, біраз уақыт Тайынша ауданының әкімі болды.

Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Абзал Мұхимов Арал ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. Абзал Сансызбайұлы 1976 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы қалалық, облыстық телеарналардың тілшісі ретінде бастаған.

2001-2005 жылдары "Облыс әкімі жанындағы жастарды қолдау облыстық орталығы" мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Сырдария ауданының Н. Ілиясов атындағы ауылдық округінің әкімі, Сырдария аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, 2005-2010 жылдары Қызылорда облысы әкімінің аппаратында бас маман, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, 2010-2013 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде және ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде департамент директоры, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2013 жылдан осы кезге дейін "Нұр Отан" партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді. Айта кетерлігі, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы болып қоғам қайраткері Мұрат Әбенов тағайындалды.

Ол бұған дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Білім және ғылым вице-министрі қызметтерін атқарған. ҚР Парламенті Мәжілісінің IV-V шақырылымының депутаты болған еді.

ҚР заңнамасына сәйкес Ақтөбе облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтің өкімімен ауыстыру тәртібінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Әсет Әскерұлы Қалиев тағайындалды. Әсет Қалиев 1974 жылы туған. Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын дәрігер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Өз қызметін 1997 жылы клиникалық ординатор, одан кейін госпитальдық хирургия кафедрасының аспиранты болып бастады. Кейіннен жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургиялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2008 жылғы сәуірден бастап емдеу-профилактикалық жұмыс бөлімінің бас маманынан осы бөлімнің басшысы лауазымына дейін көтеріліп, облыстық денсаулық басқармасында еңбек етті. 2013 жылғы қаңтардан бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Фархад Қуанғанов "Нұр Отан" партиясының идеология мәселелері жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалды. Фархад Қуанғанов Қазақ политехникалық институтын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебін, Саяси зерттеулер ұлттық институтын (Жапония) тәмамдаған.

Әр уақытта Стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік қызмет істері агенттіктерінде, ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі, Премьер-Министр кеңесшісі, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2007 жылдары білім саласында - Білім және ғылым министрінің жауапты хатшысы, вице министрі қызметін атқарды. Тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ішкі саясат пен мәдениет, әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында болды.

Жаңа хатшы "Нұр Отан" партиясында идеология мәселелерімен айналысып, партиялық жобалардың іске асуына басшылық жасайтын болады.