Алматыда борышкерлер Келімбетовтің отставкаға кетуін талап етті

келимбетов отставка Алматыда борышкерлер тағы да шу шығарды. Кезінде ипотекаға пәтер мен жер телімдерін алған олардың талабы да сол бұрынғы қарыздарын кешіре салып, борышкерлерге қатысты жүріп жатқан сот істерін тоқтату. Алайда бұл жолы да өздеріне қажетті жауап ала алмай, ақыры Ұлттық банк алдындағы наразылық шарасы бас банкирді отставкаға кетіруді талап етумен аяқталды. Айқайға басып, ішке енбек болған 50-ге жуық борышкер Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовпен жолығуға әрекеттенген. Барлығының айтпағы бір: "берешегімізді кешірсін" дейді. Алайда мұндайға үйреніп алған банк қызметкерлері тас-түйін дайын отырса керек, қақпасына құлып салып қойыпты. Бұл азаматтар кезінде ипотекаға баспана мен жер телімдерін алған. Кейіннен қаржы тапшылығынан қарыздарын қайтара алмай жүр. "Енді банк жалғыз баспанамызды тартып алып жатыр" деп ашынады. "Шулап жүрген халықты өтірікші қылып көрсеткісі келеді. Олай емес. Бізде неше түрлі адам бар. Аурудың бәрі осында. Қант диабеті, рак неше түрлі аурудың бәрі осында жүр. Бәрінің жүйке жүйесі жұқарған. Менде де сол", - дейді борышкер Мәми Қабылбеков. Қайрат Келімбетовтен қарызын кешіруді сұраған жұрт көп ұзамай осы сөздеріне құлақ аспаған банк төрағасының отставкаға кетуін де талап етті. Ал кейіннен наразы жұрттың алдына шыққан Ұлттық банктің өкілі ертең арнайы топ құрып, борышкерлердің мәселесін қарастыруға тырысатынын айтты. Алайда оның сөзіне иланбаған жұрт айтқан сөзін қағазға түсіріп қолын да қойдырып алды. Айта кетсек, борышкерлердің бұл алғашқы бас көтеруі емес. Олар бұған дейін де банктің алдында талай рет шу шығарып, қарыздарын кешіруді сұраған. Бірақ бұдан еш нәтиже шығар емес.   Дереккөз: КТК арнасы