Есімов Алматыда экологиялық таза таксилерді арттырмақ

1 Алматыда экологиялық таза таксилердің саны артатын болады. Бұл туралы бүгін Ахметжан Есімов "Эко Taxi" компаниясының басқарушы директоры Максим Сәрсеновті қабылдау барысында мәлімдеді, деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметінен. Кездесуде қала басшысы алматылықтар арасында экологиялық жағынан таза таксилердің танымал бола бастағанын атап өтті. Қала тұрғындары компанияның жұмысына оң бағасын беріп жатыр. Өйткені "Эко Taxi" жолаушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етеді. "Алматы қаласы бұдан кейін де экологиялық жағынан таза көлік түрлерін дамытатын болады. Әрине, олардың ішінде сығымдалған табиғи газбен жүретін таксилер де бар", - деді өз сөзінде Ахметжан Есімов. Аталмыш компанияның директоры Максим Сәрсеновтің айтып өткеніндей, экологиялық такси бүгінгі таңда өзін ақтады. Қазір толық қуатында жұмыс істеп жатыр. "Біз 8 такситұрақты қамтып үлгердік. Олар: әуежай мен Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалдары. Ал тарифке келетін болсақ, 1 шақырым 120 теңге тұрады. Бұл қалалықтарға қолайлы әрі тиімді. Тапсырыстар ай сайын 15 пайызға ұлғаюда. Сондықтан біз қазір тағы 800 экотакси сатып алу жобасын әзірлеп жатырмыз" ,- деді компания директоры. Максим Сәрсенов "Эко Taxi" жобасы аясында 243 жаңа жұмыс орнының ашылғандығын атап өтті. Жүргізушілердің барлығы қаланы жақсы білу және көлікті қауіпсіз жүргізу бойынша тестер тапсырады. Айта кетейік, экологиялық таза такси жобасы Алматыда өткен жылы қыркүйек айында қолға алынған болатын. ҚазАқпарат