Депутаттарды отандық шипажайлардың бағасы шошындырды
2014 ж. 17 маусым
1323
0
Үкімет тұралаған туризмді қайта жандандырмақ. Тіпті министрлерден бастап депутаттарға дейін отандық шипажайларда демалып халыққа үлгі көрсетуге білек сыбанып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал шенеуніктер болса, әр мекемеге қызметкерлеріне санаторийге тегін жолдама беруін талап етпек.
"Кезінде кәсіподақтың арнайы жолдамалары болатын. Сол сияқты туристік сертификаттарды қайта қалпына келтірсек деген ойымыз бар. Яғни, демалыс ақысының басым бөлігін жұмыс беруші өтейді де, ал қызметкерлер небары 20-30 пайызын төлейді. Сонда жұмысшыларды сауықтыру шаралары жақсарады, ең бастысы ішкі туризм дамид, - деп уәдесін берді Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов.
Бірнеше күннен соң кезекті каникулға кететін депутаттар "қайда демаламыз" деген тақырыпты қызу талқыға салды.
Әншейінде табиғаты көркем деп мақтанатын Қазақстанға шетелдік туристердің келуін айтпағанда, отандық шипажайларды жергілікті тұрғындар менсінбейді. Себебі демалыс орындарының бағасы Түркиядан 3-4 есе қымбат, әрі қызмет көрсету сапасы төмен. Оның үстіне елдегі шипажайларға жету оңай шаруа емес. Инфрақұрылым нашар.
Осы кезде азаматтар бөгде мемлекетті байытып, жыл сайын шетелде демалып қайту үшін 400 миллион доллар жұмсауда. Отандық демалыс орындарының бағасы депутаттарды да шошындырып отыр.
"Бурабайға барып келгендердің демалуына 2 күнге 70 мың теңге қаржы кетіп отыр. Сонда олар 1 түнге 1 бөлмені алып отыр. Одан көп уақытқа алуға қалта көтермейді деген сөз", - деп налыды мәжілісмен Гүлмира Исимбаева.
nur.kz