Қалетаевтың ұсынысы Әлиевтің монархиясын қолдау емес пе?...

Сайлаудан қашып, Тұңғыш президенттің тұлғасын кемітпеңіз, Қалетаев мырза!

Еліміздің бас газеттері басқа жазатын ешнәрсе таппағандай, ала жаздай Президенттің мерзімін ұзартуды насихаттағаны бос кетпеген секілді. Алдымен Ақтөбедегі профессор З. Байдосовтың бүкіл елдің алдында алаңда Елбасыға «сайлаудың не керегі бар, өзіңіз өмірбойы басқара беріңіз» дегенін есіттік. Артынша көп күттірген жоқ, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев әдеттегідей бұл идеяны сәл өзгертіп, «ұлт көсемі» деген ұсыныс ретінде заңдастыруға шақырды. Екеуінің де өзегі бір ұсыныс – мәңгілік президенттік екені кімге де болса белгілі. Партиядағы әріптесі, ұлт мүддесіне жаны жақын, турашылдау Ерлан Қарин өз басшысы Қалетаевтың қарабайыр қадамынан қысылғаннан «ол мәңгілік президенттікті қолдау емес шығар» - дегендей ақталу білдіріпті. Бірақ қарапайым ел бәрін біліп отыр. «Сайлаудың не керегі бар?» деген сөзді айдаладағы қарапайым біреу айтса екен, мейлі әкімнің тапсырмасымен провинциядағы профессор-ақ айтсын, бірақ сайлау арқылы (қандай сайлау екені белгілі болса да) билікке келіп отырған еліміздегі ең ірі партияның басшысы айту үшін қаншалықты сауат немесе қаншалықты «көрініп қалуға көзсіз құмарлық» керек еді?... Бұны қазақшаласақ, «сайлаудың керегі жоқ» - деген сөз – Конституцияны керексінбеу және оны Конституция кепілі – Республикалық Президент алдында айту Ата заңды белден басу деген сөз. Ақтөбедегі профессордың сөзін аймақ әкімі айтқызды дейік, «ал партия бойынша – партия төрағасы Н. Назарбаевқа ғана бағынатын Дархан Қалетаевқа кім айтқызып отыр?» деп ел ойламайды ма?» - деген сұрақ «жалындаған» жас саясаткерді мазаламайтыны нені аңғартады? Әрі бұл ән – бұрынғы ән. Яғни конституциялық монархия туралы экс күйеу бала Рахат Әлиев шырқаған ән. Қалетаевтың бұл әннің әләулайына қосыла кетуі нені білдіреді? Елбасы атын Астанаға беру туралы Тоқпақпаевтың ұсынысын өзгертіп пайдаланам деп «топ» ете қалып, тоқпақ жеген Дарекең енді аймақтағы зейнеткер оқытушының дәрісіне ділгір болып шығыпты. Оның бір кезде сыбайлас жемқорлықты жою үшін... «Мен жемқорлыққа қарсымын!» - деген төсбелгі тағып жүру ұсынысы да күлкіге ұшыраған. Күлмей көріңіз, егер елдегі барлық майлы жілікті жерлерде нұротандықтар істейтінін ойласақ, онда қалетаевтық қағида бойынша қасқырға «қой жемеймін» деген қарғыбау тағып алу керек шығар... Рахат Әлиев монархиялық модельді ұсынған кезде ар жағында өзінің де болашақ пиғылы байқалып тұрған еді... Ақыры сол пиғыл содыр Рахатты баррикаданың арғы бетіне шығарды. Сол секілді Қалетаев та Назарбаевтың мәңгілік президенттігін насихаттағанда өзінің де дәмесін өмірбойғы «орынбасарлықпен» шектеп қоймаса керек. Мәңгілік президенттік дегеніміз саясаттағы сарыптық кесел екенін дәлелдеу үшін Қалетаевқа Полетаевтың дәрісі керек шығар... «Сайлауды өткізбеуге болмайды. Ол үшін мемлекеттің атын ауыстыру керек қой», - деген Ертісбаевтың ежіктеп түсіндіргенін ұқпаса қайтеміз енді. Мейлі президенттік, мейлі парламенттік болсын, сайлау болған сайын елдің де саяси сауаты ашылып, белсенділігі арта түседі. Дағдарыста далада қалғандай болған қаншама елдің қарны тойынып , қаншама жол жөнделіп қалатынын айтсаңшы, бәрінен... Президенттікке кандидаттардың өздері де біраз қарық қылады елді... Әлде Қалетаев осы кандидаттардан қорқып отыр ма? Өйтіп, сайлаудан қашып, біздің тұңғыш Президентіміздің тұлғасын кемітуге қалай дәті барды екен Қалетаев мырзаның?! Әлде, бұл бүкіл ТМД-да тұңғыш рет Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған мемлекетімізді аяқтан шалатын арандату ма?

Ұлттық мүддеден шошитын Қалетаевтың ұлт көсемі туралы ұсынысын қалай түсінеміз?..

«Ұлт көсемі» ұсынысын жанын сала көтеріп жүрген Қалетаев «Ақ жол» партиясының ел ерекше ықыласпен талқылап жатқан Ұлттық тұжырымдамасынан ат-тонын ала қашып, ол тұжырымдаманы қолдап отырған өз партияластарының алдында бет пердесін ашып алды. Кейбір үкімет мүшелерінің, Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі идеологтардың қиядан шалатын қырағы саяси зеректігі өзінен асып түскеніне шамданған ол шала бүлініп шыға келді. Өз әріптестері ғана емес, оны «ұлттық мүддеге бір табан жақын-ау», - деп үміттеніп жүрген елдің алдында да ол әшкере болды. Сондағы қорқып отырғаны «мемлекет құраушы негізгі ұлт – қазақ ұлты» - деген тұжырым екен. «Екі жердегі екі - төрт» дегенмен бірдей белгілі қағидадан қашатындай Қалетаевқа не көрінді? Әрине, баяғы «барлық ел – тең» деген кеңестік, құлдық психология. «Біреу қыз алып қашады, біреу босқа қашады», - дегендей, «Нұр Отанға» жақтассам жаным қалады», - деп ойлады ма, әлде заң ғылымының докторы, «Әділет» партиясы төрағасы орынбасары Төлеген Сыдықовтың сауаты сондай ма, «Қазақ – мемлекет құраушы ұлт емес», - деп масқара болды сол жерде... Және ондай ойын Елбасы сөзімен дәлелдемекші болып, тіпті «балшыққа батты». Міне, біздің саяси партияларды осындай орынбасарлар басқарған соң, оңбай келе жатқанымыз – осыдан болса керек... «Ұлт көсемін» енгізбекші екенсің, «Ақ жолдың» ұлттық саясат тұжырымдамасына да көңіл аудару керек шығар. Ондағы қазақ ұлтының мемлекет құраушы, негізгі рөлі жөніндегі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқи тұжырымдамасын тұшынып оқи білмеген, ұлттық мүддеден мақұрым санаға сіңіре алмағандарға кім кінәлі?... Ұлт көсемі болу үшін ұлттық мемлекет болу керек. Қазақ ұлтының («қазақстандық» емес) аясына өзге, орыстан бастап барлық диаспораларды біріктіру туралы идея – негізді және өміршең идея емес пе? «Ақ жолдың» айтып отырғаны осы болса, одан неге қашу керек? «Қазақстандық ұлт» идеясына елдің басым көпшілігі қарсы болды. Енді этностық ұлт деңгейінен жоғары, мемлекет құраушы ұлт ретіндегі «Қазақ ұлты» идеясын енгізу керек. Сонда нұротандық Қалетаев пен «әділеттік» Сыдықов секілді өз ұлтына өгейлерден өзге кімнің-кім екені, кімнің қайда қарап ұлитыны белгілі болады...

Түркменбашы мәңгілік президент бола салысымен... мәңгілікке кетті. «Көмектескендер» жанындағы жағымпаздар.

Ал енді мәңгілік президенттікке келетін болсақ, кімнің елді қанша уақыт басқаратыны бір құдайдың қолында. Ал Алланың бұйрығына «араласу» ешкімге абырой әпермейді. Алла асылық жасағанды кешірмейді. Бір ғана мысал – Түркменбашы тағдыры. Қалай мәңгілік президент болды, солай... мәңгілікке кетті... Жұмбақ жағдайда... Егер ол президенттік мерзімін жағымпаздардың ұсынысымен мәңгілік етпей-ақ, мезгілінде сайлауға түсіп жүре бергенде де, басым дауыспен сайлана берер еді, тірі де жүрер ме еді... Кейінгі кездегі кейбір деректерге қарағанда, оның қазасына «мәңгілік президенттік» идеясын ұсынушы жанындағы жағымпаздардың қатысы болған көрінеді... Құдай қаласа, келесі жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жемісті жетпіске толады. Жетпіс жылдық жақындаған сайын жағымпаздар жарысы да қыза түсетіні бесенеден белгілі. Ал бізге елімізді осындай деңгейге жеткізген, ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш президентінің амандығы қажет. Сайлау болса, бола берсін, бес жыл сайын түсе берсін. Тұңғыш президентке Конституцияда ешқандай шек қойылмаған ғой. Түскен сайын жеңе беретіні және айқын. Оған ешкімнің күмәні жоқ, ақтөбелік Байдосов пен нұротандық Қалетаевтан басқа... Елбасы жеңісіне ел талай куә болған. Тек сайлаудағы дауыс беру пайызын сәл шындыққа жақындатыңқырап көрсетсе, болғаны. Әйтпесе, «социалистік жарысқа» түскен «тоқсан тоғыз» әкімдер 99 пайыздан бір-ақ шығаратынын жақсы білеміз... Ел тыныш, Елбасы аман болсын дейік! Қазыбек ИСА