Шетелге қарағанда Қазақстанда емделу 2 есе арзан
2014 ж. 12 маусым
2005
0
Шетелге қарағанда Қазақстанда емделу 2 есе арзан. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
«Бізде жоғары технологияларды енгізе бастаудың арқасында адамдарымызды шетелге емдеуге аз жібере бастадық. Айталық, бүйрек алмастыру шетелде 4,5 млн. теңгені құрайды. Ал бүгінде Қазақстанда біз мұндай операцияны өзіміздің клиникаларда жасап, 2,1 млн. теңге төлейміз. Яғни, ешқайда барудың қажеті жоқ. Бір адамды шетелге жіберіп емдеткеннен, Қазақстанда бірнеше адам емдеуге болады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, ведомство жұмысына жаңа әдістер енгізілуде. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделіп отыр.
«Бұрындары біздерде көп қаржы стационарларға, қымбат емдеу шараларына жұмсалатын. Бүгіндері біз стационарлардың ақша пайдалану деңгейін төмендете алдық», - деген С.Қайырбекова күндізгі стационарлар қызметін кеңейтудің арқасында 76 млрд. теңге үнемделгенін баса айтты.
Қазақпарат