Қалила Омаров, кинорежиссер: ҚАТЕЛЕСКЕНІМ ҮШІН КЕШІРІМ СҰРАЙМЫН!

d29bd0b0d0bbd0b8d0bbd0b0-d0bed0bcd0b0d180d0bed0b2

«Түсініксіз бұл не жиын?»

             16 маусым күні Қазақстан Жазушылар одағында ғалым, академик Мекемтас Мырзахметов, кинорежиссер-документалист Қалила Омаров және Тараз қаласындағы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының қыз­меткері Мұхамеджан Тәтімхан мырзалар «Бауыржан Момышұлыға қатысты жаңа деректер табылуына байланысты» деп баспасөз мәслихатын өткіз­ді. Және бірден мәселенің басын ашып айтайық, мәслихатқа жиналған жұрт­тың күткені «Айқын» газетінің биылғы жылғы 13 мамырдағы санында жарық көрген «Қысастыққа шыдаған кемеңгер» деген мақаладағы айтылған жайттың осы жолы нақты дәлел-дәйек табу-таппауы еді. Себебі, онда «сізге, Бауыржан Момышұлына генерал әскери шені мен Кеңес Одағының Батыры атағын бергізбеген біз, Шаяхметов екеуміз едік, сол үшін өзіңізден кешірім сұраймын» деген сыңайда аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов айтты деген сөздер жарияланған болатын. Оған  қарсы 20 күн өткен соң аталған басылымның бетінде белгілі журналист, Оңдасынов өмірін зерттеуші, ол кісі жайлы үш кітаптың авторы Гүлсім Оразалиеваның бұл әңгімені теріске шығарған мақаласы да басылған еді. Дегенмен, дау сол күйінде тоқтап қалған жоқ, Қалила Омаров «Айқындағы» деректерді алға ұстап «7 теларнадан» да сөйлеген, оған қарсы тағы да осы арнадан Гүлсім Оразалиева ханым режиссерге тойтарыс берген болатын. Сондықтан да мәслихатқа ша­қырылған журналист, жазушылар қауымы нақты әңгіме күткен еді.

         Бірақ, үміт ақталмады. Мәслихатты ашқан Қалила Омаров әр мәселенің басын бір шалғанымен өз сөзін негіздейтін ешнәрсе айта алмады. Одан кейін сөйлеген Мекемтас аға да айналсоқтап жүріп алған соң, журналистер «Оңдасынов жайлы айтсаңыздаршы!» деп үн қатуға мәжбүр болды.  М. Тәтімхан да айтқан сөзіне дәлел келтіре алмай, «оқыған құжатыңыздың көшірмесі қане» десе «ол ешкімге берілмейді» деген сықылды баланың сөзін айтып кетті.

Үшінші сөз алған Оразалиева ханым «мен бұлталақтаған бұл не жиын екенін түсінбей отырмын, не үшін шақырғансыздар осынша елді» деп бастап, өзінің «Айқын» газетіндегі айтылған қарсы пікірін келтірді. (Журналистің ол мақаласы кезінде көлеміне байланысты біраз ықшамдалған екен, сол себепті біз оны осы нөміріміздің 4-5 беттерінде толығымен беріп отырмыз).

«Айғақтарың жоқ, тайғақтап отырсыңдар!»

Ашығын айту керек, мәслихат өткізудің мақсатын тек Оразалиева ғана емес, сол жерде отырғандардың бәрі де түсіне алмады. Мысалы, мұндай жиында әрқашан өзінің елден ерекше, тосын болып келетін пікірін батыл айтып қалатын театр режиссері Болат Атабаев: «Бізді осы үшін жиған ба?!..» дегенде не жауап айтарымызды білмедік. Ақын Темірхан Медетбек: «Шырағым Қалила! Сен өзің деректі кинофильмдер түсірумен өмір бойы айналысып келе жатқан кәсіби мамансың. Яғни, басқа-басқа, ал сен әрбір сөзге, тіпті үтірі мен нүктеге де асқан ұқыптылықпен, асқан жауапкершілікпен қарауға тиіс адамсың ғой! Солай етудің орнына біздің алдымызға, бүкіл елдің алдына шикі дүниені шығарып жүргенің қалай? Мүмкін, ол сөзде де шындықтың бір ұшығы бар да шығар, бірақ әрқашан шындық көп-тағы, ақиқат біреу ғана ғой. Әркім өз шындығын ақиқат деп тықпалай берсе не болады? Сондықтан бұл мәселенің ақиқатын сот шешетін болсын!» десе, жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Сендер не істеп жүрсіңдер осы? Жерден жеті қоян тапқандай алақайлатып, айқайлатып жүргендерің өмірден өткен ұлылардың тырнағының астынан кір іздеп, соны елге жария қылу ма? Одан не ұтасыңдар? Қазбалай берсеңдер олардың бәрінен де кір табылады. Тұрар Рысқұловты жамандайық. Сұлтанбек Қожановты жамандайық. Мұхтар Әуезовті жамандайық. Олар жайлы белгілі органның мұрағатында жатқан құжаттың бәрін жариялайық. Сонда қазақ қандай пайда табады? Ал, тіпті мынадай мүлдем дәйексіз, дәлелсіз нәрсені жарыққа шығару деген не сұмдық? Бізді құртып жүрген осы алауыздық, бөлінушілік, бұны қоятын кез жетті ғой!» деп қатты ашуланды десек артық айтқандық болмас. Ақын Иран-Ғайып: «Қалила Гүлсіммен бірігіп Оңдасынов туралы деректі фильм түсірсін, өз қатесін өзі жөндесін, айыбын осылай тартсын» деген ұсынысына Оразалиева үзілді-кесілді қарсы шықты. Кейін неге олай еткені жайлы ол кісінің өзімен сөйлескенімізде Гүлекең «Оңдасыновтың ұлы тұлғасын алып шығуға Қалиланың қарымы жетпейді, оның кейбір шығармаларын көргеннен кейін осылай деп айтуға хақым бар деп ойлаймын» деді... «Мен оқырман ретінде сөйлейінші» деп кезек сұрап алған, көп жыл мұнайшы болып істеген, Оңдасыновты жақсы білетін Сайлау Жылқайдаров атты азамат дәлелді сөз айтты: «Бауыржан Момышұлының генерал шенін қалай ала алмай қалғаны жайлы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты кітабында батырдың өз аузымен тайға таңба басқандай етіп айтылып тұр ғой, одан артық қалай айтуға болады? Орысша айтқанда «жареный факт» дегендердің, жалған сенсациялардың соңынан қуып кете беруге бола ма?»

Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, Б.Момышұлы жайлы «Қаһарман» кітабының авторы Бақтыбек Смағұлов: «Айғақтарың жоқ, тайғақтап не ғып отырсыңдар? Одан-дағы ұлыларды ұлықтамайсыңдар ма?» деп күйінсе, ұлтжанды азаматтың бірі Геройхан Қыстаубаевтың сұрағы сүреңсіз мәслихатқа нүкте қойды: «Бүгінгі басқосудан ұққымыз келетіні – анық-қанығы белгісіз нәрсені ұсынып, ел-жұрттың алдына ұят тірлік істегені үшін Қалила Омаров елден кешірім сұрай ма, сұрамай ма?» Қалбалақтаған Қалиланың жауабы қысқа болды: «Әрине, қателестім, кешірім сұраймын!»

Тек, кинорежиссердің «ешкімнен пара алғаным жоқ - қолым таза, ешкімнің  қаны мойнымда жоқ - арым таза, ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін - жүзім таза» деп өмірден өткен (шіркін-ай, қайраткердің бәрі осындай болса ғой!) асылдың, арыстың әруағынан осы кешірімді ертерек сұрағаны дұрыс болар еді. «Құдайға жазсаң жаз, әруаққа жазба!» деген дана қазақ бір нәрсені біліп айтқан ғой. Әруақтардың атынан  өтірік хат ұйымдастырғандар осыны біле ме екен?...  

Өмірзақ АҚЖІГІТ