Серік Үмбетов, Алматы облысының әкімі: АБАЙДЫ ЖАСТАНЫП ЖАТЫП ОҚИМЫН...

d181d0b5d180d196d0ba-d2afd0bcd0b1d0b5d182d0bed0b2-2

Өмірдің қиындығын көп көрдім...

 

Алпыстың асуын алға­ны­ңыз құтты болсын! Жалпы шет елде танымал адамдардың атқарып жатқан ісі, жеке өмірі журналистердің назарынан тыс қалған емес. Ағыңыздан ақта­рылып сұхбат беруге қалай қарайсыз?

Рахмет, айналайын. Жалпы өз басым журналистер қауымын сыйлаймын. Оларға сұхбат беруден ешқашан бас тартқан емеспін. Алайда, сіздің кейбір әріптестеріңіздің кейде мәселенің байыбына бармай басқа бағытта айтып жататындары қынжылтады. Менің мінім бар ма, рас бар, кемшілігім бар ма, бар, рас, оны айтсын ренжімеймін. Сын болсын бірақ сол сын шын болсын деймін әрдайым.

Сіздің туған жеріңіз батырлар мен ақындар елі аталған мекен...

Дұрыс айтасыз, Жамбыл ауылы батырлар мен ақындар ауылы . Менің кіндік қаным тамған жер Жамбыл ауданы, қазіргі Аққайнар ауылы. Қарасай батыр, Наурызбай батыр, Жанай батыр бабаларымыздың, Сүйінбай атамыздың өмірге келген, Жамбыл атамыздың жатқан жері. Бабалар басына барып құран бағыштап тұрамын. Біз өзі ырымшыл халықпыз ғой. Сол кісілердің шарапаты тиген шығар.

Аз-кем балалық шағыңызға саяхат жасасақ

            Жас кезімізде өмірдің ащысын да, тұщысын да көп көрдік. Мен өзім көпбалалы қарапайым жұмыскердің отбасында өстім, он бір ағайындымыз. Бұған қоса жағдайы нашар үш жетім баланы ата-анам өз қамқорлықтарына алып тәрбиеледі. Әкем де, шешем де жалғыз, анам өмір бақи сауыншы болды, әкем ферма меңгерушісі, соғыс ардагері. Біздің балалығымыз өткен кез менің замандастарымның әлі есінде деп ойлаймын. Есімнен кетпейді 1961-62 жылдары таңғы бестен тұрып нанның кезегіне барамыз, нанға жеткен күні қуанып қайтамын. Нансыз қайтқан күндері «неге ерте келмедім екен»,– деп үйге жылап келем.

Мысалға, өзім сегізіншіден кейін оқығам жоқ. Сонан кейін, әкеміз оқудың қадірін білмедің, еңбектің қадірін біл деп мені жүк тиеуші етіп, кабинасы жоқ ашық тракторға отырғызды. Қысты күні таң атар атпастан отыз градус аязда ашық трактормен 20-25 километр шалғайдан барып қолмен жүк тиейміз, ыстықтап, терлеп, су-су болып кетеміз. Қақаған аязда сол трактордың үстінде қайтамыз. Шешеміз «ана баланы қинап, ертең денсаулығы болмай қалады» деп әкемізге жылайтын. Сонда әкем маған оқудың қадірін білсін, өмірдің ащы – тұщысын ұқсын дейтін. Бүгінде осылай отырғаным әкемнің арқасы. Сөйтіп жүріп, кешкі мектепке барып оқыдым, оқуды бітіріп бірден әскерге кеттім. Техникумды бітіріп, кейін институтқа түсіп, оны да жақсы бітіріп еңбек жолымды бастадым. Әкемнің жасаған ісінің дұрыс екенін ұқтым. Жастайымнан еңбекке баулыған әкем, менің ат жалын тартып мінген азамат болғанымды көріп, 1996 жылы дүние салды.

Әдебиет пен өнерге демеушілік жасағаныңызды көріп жүрміз. Оған қоса Сіз өзіңіз басшылық жасаған жердің бәрінде елдің ерлеріне ескерткіштер орнатуыңыздың сырына үңілсек...

– Өміріміз уақытша, мәңгілік ештеңе жоқ. Кейінге мұра болып қалатын біздің салған ескерт­кіштеріміз. Кейінгі буын, ұрпағымыз біздің – ата - бабасының қандай болғанын білсін деп әдейі ескерткіштер орнатуға ерекше көңіл бөлемін. Желтоқсан оқиғасының қаһармандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа, қазақтың тұңғыш теміржолшысы Мұхамеджан Тынышпаевқа, қас батырымыз Қабанбай бабамызға, Қаблиса, Ескендір, Балпық, билерге, Қадырғали Жалайырға да ұрпақтар есінен ұмытылмасын деген ниетпен ескерткіштер орнаттық. Мен өз басым ескерткіші, күмбезі, мешіті бар, барлығы қырық бестей белгі орнаттым. Бұл жұмысты жас кезімде, совхоздың директоры болып жүргенде қолға алғам. Бұның барлығы келешекке қалады. Екеуміз де өмірден кетеміз, бұл өмірден бәрі кетеді. Қалатын осы еңбектеріміз. Ұлылығымызды қастерлеуіміз керек. Мысалға, мен баяғыда партияның кезінде осылай жасай алатын ба едім, жоқ әрине. Ертесіне жауапты етіп жататын еді. Ал осыған жағдай жасап отырған, осыған ықпал беріп отырған егемендіктің арқасы. Тәуелсіздіктен артық біздің қандай байлығымыз бар. Біздің бақытымыз, қуанышымыз Тәуелсіздік!.

Ескерткіштермен қатар көп кітаптар шығартып жатырмыз. Облыстық бюджет есебінен Жазушылар Одағы мүшелерінің жылына 30-35 кітабын шығарып береміз.

Өзім Жамбыл өңірінде жүргенде бір жазушының кітабын шығарып бердім.

Бір күні сол ағамыз : «Рахмет, айналайын, енді осы кітаптарды сатып берсең» деп ұсыныс айтады

«Ақсақал, баяғыда біз керек кітапты іздеп жүріп сатып алатынбыз» дедім. Ішінде оқуға тұрарлық дүниесі бар кітаптарды меніңше қазір де кітапқұмар оқырмандар іздеп жүріп оқиды деп ойлаймын. Сондықтан ұлт руханиятына қатысы бар, халыққа қажет-ау деген дүниелердің кітап болып басылып, көпшілікке жол тартуына қолымыздан келген көмекті аянып қалмаймыз.

Өзіңіз қандай кітаптар оқисыз?

– Қазақтың мақал-мәтел­дерін көп оқимын. Өйткені, санасы бар адам мақал-мәтелдерді бір оқып шықса, өзіне үлкен бағдарлама болады. Сосын Абайдың қара сөздерін жастанып жатып  оқимын. Әр қазақтың нағыз тастамай оқитын, өмірлік бағдарламасына айналатын кітабы –Абайдың қара сөздері деп ойлаймын.

Өмірлік ұстанымыңыз...

Менің ұстанымым «ашу алдырады, ақыл оздырады». Әр істің байыбына барып ақылмен сабырмен шешу.

 

«Жол картасы» ауыл мәселесіне жол тапты.

 

Жетісу өңірінің хал ахуалына ойыссақ. «Жол картасы» аясында қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Жол картасы» – Елбасының бастамасы. Мен көп елді аралаймын бәрі Елбасыға мың да бір рахмет айтады. «Жол картасы» негізінде ауылды жерлердің жолын жасау, көшесін ауызсумен қамту, көгалдандыру мәселелері қарастырылған. Мысалға, республика халқының 43 пайызы ауылда тұрады, ал біздің облыста 70 пайыз. Біздің негізгі күре тамырымыз ауыл. Ауылды көтермесек, қай уақытта экономика дамиды. Міне, елбасы «Жол картасы» арқылы, осы мәселеге дұрыс жол тапты. Облыс бойынша 200 елді мекеннің барлығын көшесі, суы, жарықтандыруы, көгалдандыруы, балалар бақшасының, мектептің, ауруханалардың ремонты сынды мәселелерге үлкен септігін тигізді. Аманшылық болатын болса, елдің әл-ауқаты көтеріле береді.

Облыс тұрғындарының орташа жалақысы қандай мөлшерде?

– Облыс бойынша орта жалақы мөлшері негізінде сол 50 мыңның үстінде. Әрине, әр саланың қаржымен қамтылуы әрқалай. Мысалы, ең көп жалақы алатын мынау өндіріс ошақтарының жұмысшылары. Құдайға шүкір біздің халық қаншама қиыншылықты бастан кешірді. Арғы тарихты қозғамағанның өзінде кешегі егемендіктің алғашқы жылдары біраз қиналғаны да рас. Елбасының көреген саясатының арқасында тығырықтан шығар жолды таба білдік. Бүгінгі күніміз сол күннің жемісі десек те болады. Мен енді мұсылман болғаннан кейін, дінді дұрыс қабылдаймын. Ал енді құдай береді екен деп, мешіттің ішіне барып, жұмыссыз жамбастап жатып алған адамға Алла тағаланың бергенін көргем жоқ. Қазақта мақал бар: «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген.

Алматының іргесіндегі Талғар, Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарының тұрғындары қалада жұмыс істейді. Көбісі балаларын өздерімен бірге Алматыдағы балабақшаларға сүйрелеп жүреді. Балабақша мәселесі қалай шешімін табуда?

Біз бұл жөнінен кенжелеуміз. Өйткені республика бойынша 36% шамасында қамтамасыз етілген. Ал бізде небәрі 21,7%. 2005 жылы Алматы облысына жұмысқа келгенімде балалар бақшасымен қамтылу 7% болатын. Республика бойынша, ең бірінші бастама көтеріп 44 балалар бақшасын қайырып алғанбыз. Өйткені, балалар бақшасы керек. Былтырғы жылы алдағы үш жылға жоспар жасадық, 3 жылда 36 мыңнан астам баланы бала бақшамен қамтамасыз етпекпіз. Қазір 20 000 бала кезекте тұр. Биылғы жылы балалар бақшасы бар 121 орталықты іске қоссақ, 14 мың бала қамтылады. Осылайша 2011 жылы кезекте тұрған балалардың бәрін балалар бақшасымен қамтамасыз етеміз. Бұл үлкен мәселе!

– Талдықорғанда республикада алғашқы болып, Достық үйі мен Тіл сарайының іргетасын қаладыңыздар...

– Қазақта: « Бақ дәулет қайда барасың? Ынтымағы мен берекесі жарасқан елге барамын», – деген сөз бар ғой. Егер біздің ұлттың үлес салмағы 90 пайызды көрсетсе көп мәселені шешуге болады. Біз ел халқының жартысынан жаңа асып келе жатырмыз ғой, сол үшін бұл тұрғыда Елбасының ұстанып отырған саясаты өте дұрыс. Бізде 101 ұлттың өкілдері тұрады. Қазақ халқы басқа ұлттарға аға буын болу керек. Елбасының қазір айтып отырғаны тіл мәселесі. Қазір бізде орысың да, ұйғырың да басқа ұлттардың да көбі қазақша сөйлейді. Құдайға тәуба. Енді осыны ары қарай дамыту үшін, Ассамблеяға Достық үйін жасап бердік. Республика бойынша бастама көтеріп, 260 миллион қаржыға Тіл сарайын іске қостық. Ол жерде өзге ұлтқа қазақ тілін, сосын ұлтаралық тілдерді үйрету жұмыстары жүргізіледі. Бүгінге дейін істеліп отырған шараның барлығы жалпы халықтың еңбегі. Жалғыз басшының, менің еңбегім деп айтуға болмайды. Халықтың еңбегі.

 

Келешегі бар жастарға кедергі болмауымыз керек.

 

Қазіргі қоғамдағы тағы да бір мәселе кадр саясаты. Өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып аудан, ауыл басшыларын қалай таңдайсыз?

– Жұмысшыдан бастап бүгінгі күніме дейін барлық этаптан, мектептен өттім десем де болады. Жұмысшы, аға жұмысшы, зоотехник, аға зоотехник, партком хатшысы, қай қызметке бармайын әр уақытта сол саланың ең жасы болдым. Менің тәжірибеме қарайтын болсаңыз, аудан әкімдерінің бәрін сол ауданда, сол ауылда туған азаматтардан тағайындаймын. Ертең ол дұрыс жұмыс істемесе балаларына кесірі тиеді: сенің кезіңде әкең түк бітірген жоқ деп бетіне басатын болады .Ал енді казіргі таңда бір ауылда, бір өңірде сол ауылды, өңірді басқаратын адам таппау мүмкін емес. Табылады. Бірақ оған дұрыс дайындық жасау керек. Менің түсінігімше басшылар қандай болуы керек. Қазіргі көзқарас әр түрлі. Экономикалық жағынан мықты болуы керек. Басшы елді өзіне қарата алатын, қазіргі жағдайды дұрыс түсіндіріп, өзінің артынан халықты ілестіріп жүретін болуы тиіс. Ең негізгісі елбасының саясатын халық арасында дұрыс жүргізе білетін адам болуы тиіс. Адами тұрғыда адамгершілігі жоғары, өмірден алған тәжірибесі мол азаматтар болуы қажет. Қазақта: «баланың ісі - шала.» деген мақал бар. Біз сол балалықтан, шалалықтан талай таяқ жеп жүрміз. Өсу керек шығар. Бірақ өзінің уақыты жеткенде өсіру керек. Мысалы мен сізге мынадай сұрақ берейін. Бау-бақшаға кірдіңіз, қандай алма жинайсыз?

– Әрине, піскен алманы

– Дұрыс. Піспеген алманы жинамайсыз ба, жинамайсыз. Жастар белгілі бір дәрежеге жету үшін, шыңдалып пісуі керек. Әрине өскендеріне қарсы емеспін, алайда ұятқа қалдырмайтындай пісуі, шыңдалуы, мектеп көруі қажет.

– Облыста салт-дәстүр, мәдени шаралар қалай жүргізілуде?

– Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәселелері, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар мәселесі жөнінде біраз жұмыстар атқарып жатырмыз. Мысалға, облыс орталығында ауданның мәдени күндерін өткіземіз, әр ауданға жоспар жасап береміз. Ол жерде ұлттық киім, салт-дәстүр, қолөнер, ойындар, тағамдар сияқты ұлттық құндылықтарды әр аудан жарқыратып көрсете білуі керек. Сол ауданнан шыққан ақын- жазушылар оқырмандармен кездеседі. Әр аудан қарттар мен балалар үйлеріне көмек көрсетеді. Бұл шараға әр ауданнан кемінде 500 адам қатысады, олардың 70-80%-ы жастар. Олар болашақта тастанды баламен қауқарсыз қамқорсыз қалған қарттарды көріп ойлансын деген ниет. Оған қоса біздің өңірде тойланатын бірде-бір мереке көкпар, күрес, бәйге сияқты ұлттық ойындарсыз өтпейді. Мақсат не деп ойлайсыз, мақсат –ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпай дәріптеп, жастардың санасына сіңіру.

- Облыс көлемінде жастар мәселесі қалай көрініс табуда?

Ия, бұл мәселенің жақсы қолға алынғаны біздің келешегіміз үшін керек. Қазір Жастар саясаты бойынша, жастардың форумын өткізудеміз . Форум болғанда жай форум емес, әр ауданға барып, сол ауданның жастарымен кездестік. 2000-5000 мыңға жуық жастар жиналып, елді бірлікке, балаларды тәртіпке шақырып, арақ пен анаша, темекіден аулақ жүру, біздің ұлттық тұрғыдағы көзқарасымызды күшейту жө­нінде мәселе көтеріп қазақтың әнұранын, көк байрағын көтеріп шеруге шықты. Былтырғы жылы форум облыс орталығында қорытындыланды. Әр салада ынталандыру болмайтын болса, ештеңе болмайды. Әр аудан жастарын номинациялармен марапаттап, бірінші орынды Жамбыл ауданы жастары алды. Оларға микроавтобус машинасын сыйлық ретінде тарту еттік. Біздің келешегіміз жастар, оларға тәрбие беруіміз керек. Білім бермесек, жақсы рухани тәрбие бермесек ертеңгі күні олардың келешегіне біз кедергі болып қалуымыз мүмкін. Жол картасы негізінде жастардың жұмыспен қамтылуын да қадағалаудамыз.

 

Қызылағаш Жасылағашқа

айналады...

 

– Кеше ғана 45 адам­ның өмірін жалмаған апаттан зардап шегіп отырған қызылағаштықтардың жағдайына толығырақ тоқталсаңыз...

«Апат айтып келмейді» дейді халық. Алғашқы күндері халықтың толқығаны да рас бірте-бірте қалпына келіп арнасына түсіп жатқан тіршілік. Ақсу ауданының судан зардап шеккен елді мекендерінде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.Қызылағаш, Егінсу, Ақтоған ауылдарында 69 мердігер компанияның 500-ден астам техникасы мен 4000-нан астам адамы жұмыс істеуде. Қызылағаш ауылының бас жоспарына сәйкес 462 жаңа үй су қоймасы аумағынан батысқа қарай 40 метрге жылжытылып салынуда. Қызылағаштағы алғашқы үйдің іргетасы 19 наурыз күні қаланған болатын, 30 сәуір күні тұрғындарға алғашқы 45 үйдің кілті тапсырылды.Әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандарға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жалғасын табуда. Бастауыш сыныптарға арналған блогы бар мектептің күрделі жөндеуі, спорт зал мен моншаға арналған пище блокты жаңарту, қазір бұрынғы мектеп-интернат ғимаратының бірінші, екінші қабаттарын 120 орынға арналған балабақша, ал үшінші қабатын 12 пәтерлі тұрғын үй ретінде жасау жұмыстары жүріп жатыр. Мешіттің сылау жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі жасалуда. Мешітке жалғаса салынатын нысанның құрылысы жүргізілуде. Әкімдік ғимараты, мәдениет үйі, аурухана күрделі жөндеуде. Қызылағашта құдықтар, су құбыры орнатылып, елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауыл толығымен жарықтандырылып, телефон байланысы орнатылып, көшелерге жарық та тартылды. Қазір ауылдың ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жаңадан асфальт төселуде. Көшелердің бойына ағаштар отырғызылып, оларды суару үшін арық жүйесі жасалуда. Сондай-ақ Алматы - Өскемен республикалық тас жолындағы Қызылағаш өзені арқылы өтетін негізгі көпірдің құрылысы жүруде. Қызылағашта балабақша мен мектеп құрылысынан басқа нысандардың барлығы маусымның соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыстарына арналған әр жиында зардап шеккен ауылдар үшін берілген қаражаттың басты назарда екенін, қаржының бір тиынының да сыртқа кетпеуін тиісті мекеме басшыларына қатаң ескертіп отырамыз. «Қалпына келтіру жұмыстарының қай-қайсысына болсын бөлінетін қаржыны алдымен тиісті комиссияның отырысында қарап, заңды шешім шығарылуы қадағалануда. Әрбір тиынның осы комиссияның шешіміне сәйкес мақсатты жұмсалуы талап етілуде .Қызылағаш ауылдық округінде егіс науқаны аяқталды. Жалпы округ тұрғындары үшін масақты дәнді-дақыл себуге 2000 га жер бөлінген болатын. Бүгінгі күні 1000 га жерге бидай, 1000 га жерге арпа тұқымы себілді. Күзде жиналған өнім елді мекен тұрғындарына таратылып беріледі. Елді мекеннің шығысындағы шеткі көшенің маңында жаңа саябақ бой көтеріп, онда бүгінгі күнге 12 мың түп терек, қарағаш, қайың, емен т.б. ағаштар отырғызылды. Яғни, Қызылағаш ертең-ақ Жасылағашқа айналады. Қызылағаш ауылында су тасқынынан қаза болғандарға арналған ескерткіштің жобасы бекітіліп, дайындалуда. Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Қ. Баулықов ананың судан қайда қашарын, қалай құтыларын білмей аласұрған мезетін бейнелеген. Толқындар қоршауындағы ананың баласын құшқан күйі жалғыз ағашқа жармасу сәті көрініс тапқан ескерткіш бетон мен граниттен жасалады. Ені 14 метр, биіктігі 7 метр ескерткіш Алматы-Өскемен тас жолының оңтүстік беткейіне қойылады деп жоспарлануда.

 

Кадрдың қадірін білу қажет

 

– Бірнеше жылдан бері республикалық деңгейде басшылық қызметтер атқарып келесіз «команда» деген ұғымға қалай қарайсыз?

– Бұл мәселені Елбасы да әрдайым айтып жатады. Мысалға, үлкен басшы ауысса барлығы ауысып жатады. Менің өз ойымша, бір, екі, үш адам керек шығар жаныңа. Ол мысалы аппарат жетекшісі, тағы сондай бір екі маманды өзіңмен ала жүруге қарсы емеспін. Сырын білген азаматтармен жұмыс істеген дұрыс. Ал сыпырып тастап, ауыстыру деген дұрыс емес. «Командамен» жөңкіле көшу дегенге қарсымын. Ондай соқырлықтан қаншама білімді кадрлардан айырылып қалу мүмкін ғой... Тәжірибелі мамандардың қадірін білу қажет.

– Есіңізден кетпейтін қызықты оқиғаңыз...

Жамбыл облысында бас­шылық жасап жүргенімде, Талас ауданына бір әкімді таға­йындадым. Осы күнге дейін есімнен кетпейді, сол өзіме үлкен сабақ болды. Тағайындалмас бұрын неше түрлі құзырлы органдардан тексеруден өтті. Екі айдан кейін оның дипломды сатып алғаны белгілі болды. Ал енді, өзім аудан әкімі етіп тағайындадым. Не істеу керек? Ол әкім аз уақытта халықтың сеніміне ие болған іскер азамат, көпшілік шулап босатпаймыз дейді. Құжатына қарайтын болсаң, ол сотталуға тиіс адам. Сонан кейін өзім өршіткен өртті, өзім өшіруге тура келді. Еш уақытта ұмыта алмаймын. Сол кездерде әлеуметтік жағдай қиын болды ғой. Жаңатаста халық күнде ереуілге шығатын, жол жабатын. Барсам сегіз мың адам алаңда жиналып тұр екен. Әкімді қорғап жүрген қорғаушылары алдымнан қымыз алып шықты, 45 градус ыстық, мінбердің подюмы темірден жасалған. Қапырық. Қасымда жүрген органның жігіттері: Сіз қымызды ішпеңіз, неше түрлі нәрсе қосып қоюы мүмкін, деді. Өзім ойланып қалдым. Жақындағанда, «ал мынаның ішіне не қосып қойдыңдар, арақ қосып қойып, ертеңгі күні мені мас болды демекшісіздер ме?»- дедім. Сол уақытта бір қария: Айналайын, жылан екеш жыланның басына ақ құйып шығарады. Біз жолың ақ болсын, ақ шешім болсын деп, мына ақты алып шығып тұрмыз, – деді. Амалым жоқ, жарты литр қымызды бір-ақ сіміріп тартып жібердім, 45 градус ыстық темір подюм, басымды айландырып барады. Сол жерде тұрып терлегенім есімнен еш кетпейді. Бірнеше адамдарды тыңдап барып, халыққа ашығын айттым. «Ал енді мен қателестім, бұл баланы тағайындадым, іскер азаматтығын көрсетті. Бірақ, оның құжаты мынадай болып шықты» деп, айтуға тура келді. «Өзін қазір қаматуым, соттатуым керек, не болмаса жұмыстан босатуым қажет. Сіздерше, қайсысы дұрыс төрелігін айтыңыздар» дедім. Халық сонан кейін «аман-есен босатыңыз» деді. Сонан аман-есен босатып жібердім. Осы менің ешуақытта есімнен кетпейтін жағдай. Қымызды ішуім, күннің ыстықтығы есімнен еш кетпейді.

 

Өзгелердей өндіріс   орным жоқ.

 Басты байлығым –   бала-шағам, халқым!

 

– Отбасыңыз жайлы айт­саңыз

– Отбасымда үш қыз бір ұлым бар. Барлығы үйлі баранды, құдай көп көрмесін сегіз немерем бар. Мен өзім арақ ішпеймін, темекі тартпаймын.Балаларым да солай. Ұлым органда жұмыс істейді. Ұрпағыңды, ізіңді жалғастырушы болғандықтан әкелік сыншы көзбен қарайсың. Әкеге қыз бала өте жақын болады екен. Қыз бала табиғатынан қамқор, мейірімді ғой. Жалпы көп балалы отбасында өскен бала мейрімді болады. Бір үйде бір өзі өскен баламен салыстыруға болмайды. Ауылына қарап азаматын таны демей ме балаларыма қарап ертең маған да солай баға беретін шығар деп ойлаймын. Ұятқа қалдырмайтындарына сенем.

9  сыныпта оқитын Әйгерім деген немерем бар, ұлдың тұңғышы бірде ата сөйлесейікші екеуміз деді. Жақсы деп тыңдадым Әйгерімім ата, мен шетелге барып оқысам, болашағыма керек деген ұсыныс айтты. Ана тіліне қоса ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген журналист болсам деген арманы бар өзінің.Шет елдің қандай ерекшелігі бар тәлейіңе жазса елде де жақсы білім алып, азамат атануға болады. Оның үстіне сен әлі кішкентайсың ата-анаңнан шалғайда тәртібің қалай болады десем. Немерем: «ата, адамға құдай маңдайына не жазса сол болады. Менің бұрыс жолға осында жүріп те түсіп кетуім мүмкін, ол адамның сана сезіміне байланысты деді». Немеремнің ой - өрісін байқап өте риза болдым. Әйгерім облыс әкімінің сайтына, маған арнап хат жазыпты Құрметті Серік Әбікенұлына немересі Әйгерімнен деп бастаған хатын «Сіздей атам болғанына қуанам. Мен өскенде сіздің жолыңызды жалғастырам» деген мазмұнда жолдапты. Бала балдан тәтті немере баладан да, балдан да тәтті демей ме қазақ. Солардың аман-сау бейбіт елде өсіп жатқанына аллаға шүкір дейміз.

Аға, билікте жүрген азамат­тардың барлығы дерлік қалталы. Кейде қомақты сыйлықтар да ұсынылып жатады дегендей, сіздің байлығыңыз...

– Сыйлықты ұнатпайтын адам жоқ шығар. Орынын тауып, ма­ғынасын да, мәнін де білдіріп сыйлап жатса онда жақсы болады. Құдайға тәуба бар нәрсеге қанағат ете білу керек. Өзгелердегідей менің зауытым жоқ, өндірісім жоқ, еш нәрсенің қажеті де жоқ. Осылай қызмет етіп халқыммен бірге жүргеніме қуанамын. Бала-шағам, жора-жолдастарым, хал­қым –  басты байлығым.

– Өмірде ақ пен қара, ұтылыс пен ұтыс қатар жүрмей ме...

– Қазақта мақал бар өзі, «біреуді таяқтап сайда жүргеннен, біреуден таяқ жеп жотада жүр» деген. Ал енді өмірде ұтқан кездер де болды, ұтылған кездер де болды. Жалпы өз өміріме ризамын. Осылай өмір сүріп жүргенім үшін Алладан соң алдыңғы буын ағаларыма, ата-анама қарыздармын. Енді әркімнің көзқарасы әрқалай, Елбасының істеген ісін өзіме бағыт етіп алдым, алыстан арабаламаймын Елбасыны пір тұтамын.

– Өткен өміріңізге қарап, өз істеріңізге баға бересіз бе ?

 – Мен енді өзіме өзім баға беруден аулақпын. Істеп жатқан ісіміздің ақ-қарасын айырып болашақта халық әділ бағасын беретініне сенемін. Біздің халықтың табиғаты сол: өмірден озып кеткен соң болмаса, тірісінде, қолда барда көп нәрсенің қадірін біле бермейміз ғой. Көпшіліктің ойынан шықсам оның ішінде туған халқымның ниет тілектеріне сай болсам деп ойлаймын. Бірақ адам болған соң кемшілік те, қателік те болады. Бағамды кейін қызметтен кеткен соң, өмірден өткен соң, жасаған істеріме қарап халық бере жатар.

– Рахмет

 

Арайлы ИСА