Қазақстанда қоғамдық көлікті шизофрениктер мен нашақорлар жүргізіп жүр
2014 ж. 11 маусым
2276
0
Қазақстанда психоневрологилық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрған адамдарға да жүргізуші куәлік беру фактілері анықталды.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті.
«Солтүстік Қазақстан облысында параноидты шизофрения мен суицидке бейім деген диагнозбен тіркеуде тұрған азамат жүргізуші куәлігін алып, бағыттық такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. Ол өткен жылдың шілде айында өз-өзіне қол салып, қайтыс болған», - деді ол сейсенбі күні Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысында.
«Денсаулық сақтау орындарында тіркеуде тұрған тұлғаларға жүргізуші куәлігін беру фактілері мұнымен шектелмейді және еліміздің барлық өңірінде кездеседі», - деп қосты А.Кравченко.
Оның айтуынша, «нормативтік-құқықтық өзгертулер қажет, өйткені, заң бойынша дәрігер тіркеуде тұрған азамат туралы мәліметтерді құпия ұстауы тиіс».
Сонымен қатар, бас прокурордың орынбасары отандық автобус паркінің ахуалына да алаңдаушылық білдірді.
«Еліміздегі автобус паркінің жартысы талапқа сай емес, медициналық тексеруден өту тәртібін, еңбек режимі мен жүргізушілердің демалыс тәртібін сақтамайды. Жолаушылар тасымалы нарығы көбіне дұрыс ұйымдастырылмайды, кейде автобустарды көлік айдауға құқығы жоқ адамдар басқарады», - деп мәлімдеді ол.
Осы орайда ол Алматыда 5 айдан астам уақыт бойы жолаушылар автобусын мүлодем жүргізуші куәлігі жоқ Өзбекстан азаматының тізгіндегенін еске салды.
«Өткен жылы жолаушылар тасымалы саласында 72 адам қаза тапты. Бұған әлгіндей факторлардың да ықпалы болды», - деді А.Кравченко.
Қазақпарат