Храпунов жұбайы Ләйләмен ажырасты
2014 ж. 11 маусым
2430
3
Алматы қаласының бұрынғы басшысы Виктор Храпунов жұбайы Ләйләмен ажырасты. Экс-әкімнің он алты жыл отасқан жарымен ажырасу себебі әзірге беймәлім. Мұндай мәліметті Швейцариядағы танымал басылымдардың бірі таратты.
Сондай-ақ, Цюрихте шығатын Neue Zürcher Zeitung газеті Швейцарияда мамыражай өмір сүріп жатқан бұрынғы қазақ шенеунігіне қатысты федералды прокуратура тарапынан қылмыстық іс қозғалғанын да жазған. Ресми құжаттарда Швейцария мен ұлттық қорғанысқа қарсы бағытталған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы айтылған. Бұған тыңшылық жасау, әскери барлау және өзге мемлекеттің мүддесі үшін ақпарат жинау әрекеті жатады. Сол себепті 2008 жылдан бері Женевада тұрып келе жатқан Виктор Храпуновтың жанұясы бақылауға алынған.
Жақында Алматы әкімдігі де экс-басшылары қолды қылған 300 миллион долларға жуық қаржыны елге қайтарып алмақ ниетте Калифорния шатынының федералды сотына арыз түсірген болатын. Осылайша, Есімовтың командасы Алматы әкімдігінің меншігіндегі көптеген заңсыз сатылып кеткен жерлердің ақысын кері қайтарып алмақшы. Жалпы Виктор Храпунов пен оның жұбайы Ләйлә Храпуноваға қатысты 24 қылмыстық іс қозғалған.
"Алаш айнасы"