ТУРИСТІК ВИЗАМЕН КЕЛГЕН ҚАНДАСТАР ОТАНЫНДА ҚАЛАТЫН БОЛДЫ

0
964

Естеріңізде болса  газетіміздің өткен санында  Руханият Жасылдар партиясының  төрағасы Серікжан Мәмбетәлиннің  «Қандастарымызды қазақ жерінде қалдыру керек»  деген ҚР Сыртқы Істер министрі Қанат Саудабаевқа жазған хаты басылған еді. Онда ҚХР-дағы Қазақстан елшілігінің  Үрімжі қаласындағы өкілетті орнының көшіп келеміз деген қандастарымызға туристік виза бергені үшін олардың Қазақстанға келіп тұрақты тіркеуге тұра алмай қайтып кетуге мәжбүр болған аянышты халі баяндалған болатын.  

Осы хатқа орай  аталған министрлік партия төрағасы С.Мәмбетәлинге жауап хат жазып, туристік визамен келген  қандастарымыздың  отанында қалуына  жағдай жасалғандығын хабарлады.

Жат жұрттан жаутаңкөз болып жеткен  бауырларымыздың жанайқайының билік басындағылардан  оң шешім тапқанына  ерекше қуанып,  сүйінші хабардың жауабын толығымен жариялауды жөн көрдік.

 Редакция

 

РУХАНИЯТ ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ  ТӨРАҒАСЫ С.Е.МӘМБЕТАЛИНГЕ

 

Құрметті Серікжан Есенғосұлы!

Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігі  Сіздің Қытай­дан келген  қандастарымызға көмек көрсету туралы хатыңызды қарас­тырып, төмендегіні хабарлайды.

Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап «Қазақстан Республикасы визаларын беру  ережелерін бекіту туралы»  Қазақстан  Республикасы Сырт­қы істер министрі  және ішкі істер министрінің бірлес­кен бұйрығы қолданысқа енгізілген.

Ережелердің  жаңа редакциясында шетелдік азаматтардың келуіне қатысты  қабылданған шектеулер  ең алдымен Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз кәсіпкерлік, еңбек және басқа  да төленетін  іс-әрекеттермен  айналысу үшін  келетін шетел азаматтарына  тосқауыл қоюға бағытталған.

Ережелердің жаңа редакциясына сәйкес туристік, жеке сапар және іскерлік санаттардағы  визалардың  мерзімі созылмайды. Алайда, жаңа  ережелердің қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасына келетін ұлты  қазақ шетелдіктер  (қазақ ұлтына  қатыстылығын  растайтын құжаттары бар болса)  көші-қон  полициясына  жазған жеке өтініштері  негізінде тұрақты тұруға арналған визаларын  алуға құқылы.

Қазақстанның аумағында тұ­руға ниет  білдіруші, бірақ өз аза­маттықтарын  өзгертуді   қаламай­тын  оралмандарға  Қазақстан Рес­публикасының ықтиярхатын   рәсімдеуге  болады.  Бұл  құжатты  алу үшін  Көші-қон   полициясының   аймақтық  органына  өтініш беру керек.  Аталған  мекемеде  ҚР-дың қолданыстағы заңнамасына  сәйкес  Қазақстанда тұруға  ықтиярхатты рәсімдейді.

Сауалға жауап ретінде хабарлануда.

 

Жауапты хатшы

Р. ЖОШЫБАЕВ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз