ОҚО-да "Сақалды апа" табылды
2014 ж. 10 маусым
4608
0
Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт кенті Тұрбат ауылында 64 жасар сақалды апа тұрады. Жасы алпысты алқымдаған ақ жаулықты ананың иегіндегі қап-қара сақалы кімді де болса таң-тамаша етеді. Өзбек ұлтының өкілі Мутабор Тораева сақалына ұстараның жүзін тигізбегенін мақтанышпен айтады.
Тұрбаттықтар ол кісіні "Сақалды апа" деп атап кеткен екен. Үнемі той-томалақтың ортасында жүретін кісі аймақта танымал екенін мақтанышпен айтады деп хабарлайды NUR.KZ.
Ораза тұтатын, намазын қаза қылмайтын Мутабор апаға иегіндегі қап-қара сақалы көп пайдасын тигізген екен.
Оның танымалдылығы соншалықты, көрші өзбек еліне жол жүргенде шекарашылар оны кезексіз, құжаттарын тексерместен шекарадан өткізеді екен. Қазақ-өзбек шекарасындағы қызметкерлер "Қажы апа" атап кеткен.
Қалжыңбас қайнылары болса, "мұртты жеңеше" деп әзілдейтін көрінеді.
"Көрші-қолаң мен қатарластарым мені "Сақалды апа" деп атап кеткен. Оған түк те ренжімеймін. Иегімдегі бұл сақалды мен әдейі қойған емеспін. Жас кезімде бойымдағы осы өзгерістен үрейленіп, Ташкенттің дәрігерлеріне тексерілгенмін. Алайда ондағылар мұның ешқандай қаупі жоқ екенін, қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілгендігін айтты. Содан бері сақалым мен мұртымды алдырып тастауды ойламаппын да. Өзі жылдан-жылға өсіп жатыр", - дейді кейуана.
Мутабор апаның айтуынша, қазірде сақалының ұзындығы 16 см-ді құрайды. Сақал-мұрт оның анасында да, нағашы әжесінде де болған екен.
![]() |
Зейнеткер марқұм болған жолдасының көзі тірісінде жарының иегіндегі сақалымен мақтанғанын айтады. Құрдастарына: "Менің әйелім өзгелерге мүлдем ұқсамайды. Көшеде кетіп бара жатқанда жұрт менің әйеліме таңдана қараса, соған марқайып қаламын", – деп мақтанатын көрінеді.
Біреулер Мутабар апаны вахаббист деп ойлайтын көрінеді. Ал кейбірі бұл кісінің түр-әлпеті еркектерге келетіндіктен көбі оны орамал таққан еркек деп те ойлап қалады екен.
Зейнеткер қазірде бір ұл, бір қыздан таралған немерелерін тәрбиелеп отыр.
Айтуынша, өзімен бірге бір ауылда тұратын әпкесінде де сақал өседі. Бірақ ол ол жұрттан ыңғайсызданып, үнемі сақалын алып тастайды екен.
Ал Мутабор апа дін жолында жүрген адамдардың сөздеріне құлақ асып, сақалына ұстараның жүзін тигізбеуді шешіпті.
nur.kz
