Полицейлерге де сенуге болады екен

d0bcd0b8d0bbd0b8d186d0b8d0bed0bdd0b5d180d18b

Түрік фильмін көрген кейбір көрермендер: «Түркияда күнде атыс-шабыс болып жата ма, біздің еліміз тыныш екен ғой» деседі. Оған келіспеген мен: «Алматының қалтарыс көшелерінде жасалып жататын сан қилы оқиғаларды фильм қылса одан асып кетер еді» деймін. Әрине, заңға емес, заңды орындаушыларға деген сенбестіктен осылай айтамын. Солардың қатарында полицейлер де бар.

Ал бұл жолы сол полицейлерге сенуіме тура келді.

Неге дейсіз ғой. Өткен аптаның басқы күндерінің бірінде қабатты үйдің үстіңгі жағынан лақтырылған бөтелке сыртта тұрған машинамның әйнегін күл парша қылды. Кінәлінің кім екенін таппай, полицияға қоңырау шалдым.Уақыт оздырмай, өзін Жанғабылов Дулат деп таныстырған полиция капитаны жедел іздестіру тобын бастап келді. Дереу іске кірісіп те кетті. Әуелі лақтырылған бөтелкедегі қол табын анықтап, күдіктілерді қолға алды. Сөйтіп бас-аяғы бір сағатқа жетер жетпес уақытта бұзақыны тауып алды. Бұлтартпас айғақпен ол да кінәсін тез мойнына алды.

Полицейлердің арқасында машинамның әйнегі тез арада бүтінделді.

Мен сенер сенбесімізді білмей «құтқарушы періштелеріміздің» кім екенін қарастырсам, олар Алматы қаласындағы Әуезов аудандық ІІБ 17-ші учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері болып шықты. Аға учаскелік инспектор полиция майоры Әмірбеков Бақытжанның қолын алып тұрып: «полицейлерге сенуге болады екен» деп, алғысымды айттым.

 

Арман Сахария