Аяғы ауыр келіншекке салынған екпе өлімге әкеп соқтырды
2014 ж. 10 маусым
2257
0
Павлодар облысында аяғы ауыр келіншек операция үстелінде көз жұмды. Жүктіліктің жетінші айында жүрген 19 жастағы Тамара Морозова перзентханаға жеткізілмес бұрын бірнеше күн ауырған деп хабарлайды КТК арнасы.
Ауыл дәрігері мұны жерік болудың әсері деп, екпе салыпты. Марқұмның күйеуі оны ажал тырнағына іліндірген дәл осы ине дейді. Өйткені жедел жәрдем әйелін жамбасы іскен күйінде алып кеткен.
Құрсақтағы шақалағынан айырылып, артынша өзі де туғандарын боздатып кеткен Тамараның тағдыр-талайы қасіретпен тұйықталмайтындай көрінген. Жолдасы Дәурен екеуі таяуда ғана некелерін заңдастыруды жоспарлапты.
Оның үстіне үміттерін үкілеп, ұл күтіп жүрген. Қуанышты хабарды естимін деп ойлаған жігіт енді әйелі мен жеті айлық баласын бейіт басында жоқтап отыр.
"Менің ойымша, жергілікті мамандар мен қаладағы дәрігерлер дұрыс қарамаған. Мұны бірнеше адамның аузынан естідім. Дәрігерлер оны бір жерге отырғызып қойып, жайбарақат қыдырып жүрген. Әйелім не жатқызатындарын, не босануға шақ қалғанын білмепті", - дейді марқұмның күйеуі Дәурен Балтабеков.
Бұған дәрігерлердің қарсы уәжі бар. Марқұмға ота жасалмас бұрын өкпе тамырларында қан ұйып қалған. Білікті мамандар жас келіншектің өмірі үшін күрескендерімен, қолдарын кеш сермепті.
"Операцияның алдында алдымен бала қайтыс болды. Сол үшін операция жасалды. Бірақ та омірін сақтай алмадық. Диаогнозы – тромбоэмбалия дейміз. Тромбен өкпенің тамырлары жабылып қалған", - дейді Павлодар қалалық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Марат Мырзбеков.
Ал, жарымның жамбасын істіртіп, обал қылды деп жыларман күй кешкен 32 жастағы азамат полицияға арыз жазып үлгерді. Перзентхананың әкімшілігі қайғылы жағдайға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіп, еш кінәрат таппаған.
Сондай-ақ, бүгін-ертең Денсаулық сақтау министрлігінде құрылған комиссия да марқұмның басы-қасында болған ақ халаттылардың ісін анықтамақ. Қалай дегенмен, өлімнің себебін білуге біраз уақыт қажет.
Читать полностью: http://news.nur.kz/kk/317021.html