ДӘЛЕЛІ ЖОҚ ДОКУМЕНТАЛИСТ

d0b1d0b0d183d18bd180d0b6d0b0d0bd-d0bcd0bed0bcd18bd188d2b1d0bbd18b1d0bdd2b1d180d182d0b0d181-d0bed2a3d0b4d0b0d181d18bd0bdd0bed0b2

Қалила қалай  қателесті?

әруаққа айналған Батыр Бауыржан  мен қайраткер-басшы Нұртас Оңдасыновты   араздастырғысы келген «кемеңгерлер»  кімдер? Онда қандай мақсат бар?

 

Қазақта «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген сөз бар. Мынау тура сол болып тұр. Қазақстандықтарға отыз бес мыңмен тарайтын, азды-көпті абыройы бар «Айқын апта» газеті үстіміздегі жылдың 13 май күні «Қысастықты кешіре білген кемеңгер» деген тақырып қойып мақала басыпты. Оқыдық. «Батыр Бауыржан жайлы тың дерек табылды!» деп, сұхбат беруші деректі кино түсіруші режиссер Қалила Омаров пен журналист Құтмағамбет Қонысбай шынында да жерден жеті қоян тапқандай, елпілдеп, ентіктерін бас алмай-ақ тұр екен... Шіркін, біз қуанышты хабарға дәл осылай қуана алмаймыз-ау. Не дерек болды екен деп біз де құныға оқыдық. Сөйтсек дерек емес өсек, дәлелі жоқ, дәрменсіз хат болып шықты.Ол хатты біздер емес қазір өздері таба алмай, дай-дай болып жатыр. Өтірік біреудің өсегін долбарлап келтіре салған.

Аяғында ауылдың бір мұғалімі шулап қоймаған оқушыларды тынышталдырмақ болып қаттырақ айғайлағанда жел шығарып қойыпты да, ұялғанынан балаларға қарап: «ал, енді не болды?» деген екен сасқанынан. Сол секілді бұл не болды? Тірінің ызасын, кегін өліден, аруаққа айналған азаматтарымыздан алатын ауру пайда болған ба? Бұл ауру емес азу, сананың сарқылуы, ойдың тозуы.

Сонау Маңғыстауда жат­қан Тоқтарбек Балықбаев аға­мыз телефон соғып тұр. Өзі ашулы, тұтығып-тұтығып зорға сөйлейді: « ...«Айқын» газетінің 13 майда шыққан санын оқыдыңыз ба.., мынау деген масқаралық қой, жабыл­ған жала ғой.., Бауыржан Момышұлына генералдықты да, геройлықты да беретін ол кезде Қазақстан емес Москва ғой...Оңдасынов ондайға бармайды, Оңдасыновты білгісі келген адам Маңғыстауға келсін, ісін көрсін, бізді тыңдасын. Ол сегіз жыл Бірінші хатшы болғанда басқаның сексен жылда атқара алмайтын жұмыстарын бітіріп кеткен... бүгінгі мұнайдың басы, бастауы Нұрекең еңбегінде жатыр... қазақта қасиетті адам қалмайтын болды ғой, қысастықты көріп отырған Бауыржан емес, Нұртас Оңдасынов қой!...».

Артынша жер-жерден осы тектес телефон соғулар көбейе берді. «Айқынның» тұрақты оқырманымыз десек өтірік болады, қалаға шығып, газетті тауып оқуға тура келді. Таптық. Оқыдық. Шынында да масқара екен. Бұл қазақ тірісін былай қойып, енді аруақты қозғауға, қолшоқпар етуге шыққан ба?! Шынында да мұны былай қалдыруға болмайды деген түйінге біз де келдік. Аурудың алдын алмасаң асқынады, өртті өшірмесең өршиді...

Ал, әлгі жұртшылықтың жаны күйіп, шырылдап бізге хабарласуының сыры мынада. Қазақстан Үкіметін ең ауыр жылдарда, 1938 бен 1952 жылдар аралығында елге нағыз басшы бола білген мемлекет қайраткері, өмірінің соңғы жиырма бес жылын «Арабша-парсыша қазақша түсіндірме сөздік» жазуға арнаған ленгвист-ғалым Нұртас Дән­дібайұлы Оңдасынов дүниеден өтерінен бір ай бұрын бізді Мәскеуге шақыртып, бала-шаға­сының, жары Валентина Васильевнаның, қарындасы Зүбайра апайдың алдында ең құнды дүниесі- қолжазба-құжаттарын, біраз суреттерін, соңғы кезде жаза бастаған жиырма беттік өмірдастан-хикаясын бізге аманат етіп еді. (Бұл фактінің куәгерлері, білетін адамдар құдайға шүкір, әзірге аман-есен арамызда жүр және аз емес.) Содан бері аттай жиырма жыл болды қазақ халқы үшін бар өмірін сарп еткен азаматтың біраз кітаптарын шығаруға, қызметіне өзіміз зерттеу жұмысын жүргізіп, Мәскеу, Алматы, Атырау, Ақтау архивтерін қарап, нәтижесінде үш кітап шығарып, не керек «аманатқа қиянат болмасын» деп, шама-шарқымыз келгенше әрекеттеніп келеміз. Соны білетіндердің бірден бізге шығып, телефон соғып, араша сұрағандай болып шырылдап жатқандарының сыры міне осында.

Содан біз әуелі сұхбат беруші, Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм түсіруші, және «Батыр Бауыржан жайлы жаңа дерек табылды!» деп, жаһаннамға жар салушы документалист-режиссер Қалила Омаровқа телефон шалдық, Бауыржанның немере інісі Әбділдаға жазған хатты көрсетуін сұрадық. Ол хаттың өзінде жоқ екенін, хаттың архивте, Бауыржан Момышұлы қорында екенін айтты. Біз архивке келдік. Бірақ архив қызметкерлері документалист-режиссер Қалила Омаровтың архивке мүлде келмегенін, ешқандай құжаттарды қарамағанын және ондай хаттың Бауыржан Момышұлының №1432 қорында жоқ екенін айтты. Және бізге бұл мәліметті дәлелдейтін ресми хат берді. Режиссердің өтірік мәлімет беріп, Орталық Мемлекеттік Мұрағаттың сыртынан «тон пішіп», мұрағат атына кір келтіріп жүргеніне қызметкерлері де ренжіп, бұл әрекеттің астарында не жатқанын түсінбеді. Содан біз Қалила Омаровқа қайта хабарласып, хаттың Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаттың №`1432 қорында жоқ екенін айттық. Ол сасқалақтап қалды да «мен оны архивтің компьютірінен» алдым деді. Біз Мұрағат қызметкерлеріне бұны баяндағанымызда: «ондай мүмкіндікті бізге кім беріпті, құжаттарды компьютерге түсіру үшін қаншама қаражат керек екенін сіз білесіз бе?! Әзірге бізде мұндай мүмкіндік жоқ, ал, компьютрге түсірілген күнде де, оның коды кез келген адамға айтылмайды, ол құпия ұсталынатын болады» деді өзімізге күліп. Рас –ау. Бұл жауапты Қалила Омаровқа қайта жеткізгенімізде енді қандай сылтау, дәлел айтарын білмей бұрынғыдан да бетер састы. Ақырында бір-екі күн шыдаңдар, хат Тараздағы Бауыржан Момышұлы атындағы қорда, нотариус куәландырған көшірмесін алдыртып беремін деді. Күттік. Бірақ одан бері он күн өтті Батыр Бауыржанның немере інісі Әбділдаға жазған хаты еш жерден табылар емес. Дұрыс-ақ, жоқ хат қайдан табылсын!

Шыдамның да шегі бар Қалила Омаровқа қайта телефон соғып, жоқ хатты жарялаудағы мақсатын сұрадық. Үн жоқ. «Біреуден біреудің өшін алып бермек болып, біреулердің қолшоқпары «қызметін» атқаруға дейін баратындай басыңа қандай күн туды, бауырым..., документі, дәлелі жоқ кино-документалист...»- деп, ашындық. Қарсы сөз, жауап жоқ.

Ақырында документі, дәйегі (хат туралы айтып отырмыз) жоқ «документалист» Қалила Омаров телефонын сөндіріп, бізден қаша бастады. Дұрыс. Халық: «өтірік айтқан жерде көп тұрма» деген ғой.

Қалиланы таппаған соң біз одан сұхбат алушы, «Айқын апта» газетінің тілшісі Құтмағамбет Қонысбайға телефон шалдық. Ол бізге: «журналистиканың этикасы бойынша ол хатты мен сізге көрсете алмаймын» деп дүрдиді. Біз білетін журналистиканың этикасы бойынша қайта бар құжатты көрсетіп, өз мақаласының өсекке емес, шындық құрылғанын дәлелдеуші еді. Мысалы, орыс тілді газет осы тектес мақала жарялар болса әлгі хаттың да көшірмесін қоса басар еді. Қонысбай сонда қай елдің, қай халықтың этикасынан оқып, тәрбие алды екен деп ойладық. Журналистің бұл жауабын дәлелі дәрменсіз әрекетін жасырып-жапқан түрі шығар деп қабылдадық. Бірақ ол сөзінің аяғында «мен ол хатты тиісті орындарда көрсетемін» деді. Біз ойланып қалдық. Дұрыс айтады. Әділін айтар, ақ пен қараны ажыратар сот бар екен-ау...

Тың дерек таптым деп дүрдигендері, дүрілдеткендері не үшін, кім үшін қажет болды екен? Бізді ойландыратын осы тұс. Батыр Бауыржан да, қайраткер-басшы Нұртас Оңдасынов та қатардағы Бейсенбай, Сарсенбайлар емес, өздері үшін қисық қасық та жинамай бар ғұмырын, саналы өмірін елі мен жеріне арнаған жампоздар емес пе! Әлде бүгінгі тірілердің теке-тіресіне керек болды ма екен? Өш алып, кек қайтарудағы тапқан амалдары әруақтармен ойнау, олардың тағдырларын ойыншыққа айналдыру ма? Мұндай алыптардың әруағымен ойнау үшін басында түйір миы жоқ кеще болуы керек, не біле тұрып арам пиғылдан туған қыжылды басудағы тапқан амалы болуы керек. Егер соңғысы болса Қалила Омаров пен Құтмағамбет Қонысбай қос арыстың әруағынан қорықпай ма? Халық «аруақ ұрсын, аруақ атсын» дегенді бекер айтпаған, бір шындық болған соң айтқан. Ендігі жерде бұл аралықтың шындығын документі жоқ «документалист» Қалила Омаровтың арына, сосын «халқым» деп еңіреп өткен қос ер Батыр Бауыржан мен қайраткер Нұртас Оңдасынов аруағына салдық. Қиянаттың арты қыл көпір, қыл көпірдің арты –тозақ!

Қалила Омаров қос азаматтың әруағын қозғап, қиянат жасаумен бірге ол басқа да адамдарды ұятқа қалдырды. Мысалы, батырдың ұрпағы Бақытжан ағамыз ондай хаттың жоқ екенін, жалпы қазақтың ардақты азаматтарын бір-біріне қарсы қойып қаралауға мүлдем қарсы екенін айтып налыды. Мұрағат мұраларын көздерінің қарашығындай сақтап отырған қызметкерлер жалған мәлімет бергені, жоқ хатты бар дегені үшін Қалила Омаровты сотқа береміз деп отыр.

Енді «жоқ хаттың» мазмұнын саралап көрелік.

Біріншіден, онда Бауыржан мен Нұртас 4 сағат әңгімелесті дейді. Бұл шындыққа жанаспайды. Мұндай уақыт емханадан шыққан, денсаулығы нашар Бауыржанда да, аз уақытқа келген Нұртаста да жоқ еді.

Екіншіден, біздер мен сіздер Бауыржан Момышұлының шығармасымен жас кезімізден таныспыз. Есімде мектепте оқып жүргенде «Куба әсерлері» деген шағын кітапшаны бір түнде оқып шыққаным. Содан бері бәрін болмаса да біразын оқып келеміз. Мына мақаладағы хаттың тілі мен кітап тілі, жазу әдісі, сөйлем құрасы жазушы Бауыржанға мүлдем келмейді. Басқа біреудің Бауыржан атын жамылып жазылғаны айдан анық көрініп тұр. Әрбір жазушының жазуы дара, өзіне ғана тән ерекшелігі болады десек мақаладағы Бауыржанның жазу стилі мен «жоқ хаттың» жазылу стилі мүлдем ұқсамайды.

Үшіншіден, «жоқ хаттағы» «Оңдасынов расхохотался» деген сөзді оқығанда өзіміздің күліп жібергенімізді сезбей қалдық. Себебі, бұл хатты Оңдасынов болмысын, мінезін, жан дүниесін білмейтін, өмірінде көрмеген адам жазып отыр. Бір сөз айтса да ойланып сөйлейтін, мінезі ауыр, күлсе ақырын ғана күліп, әйтпесе, бар жүзі нұрланып жымия салатын Оңдасыновқа Қалила мен Құтмағамбеттің «расхохоталсясы» қабыспай-ақ тұр.

Төртіншіден, жалған хаттың басты қателігі мына тұста: « Келген себебім-баяғыда марқұм Жұмекең екеуміз саған қастық жасаппыз, генерал болсын деген ұсыныс болып еді, болмасын деппіз, Герой Советского Союза болсын дегенде, болмасын деппіз. Соған кейіннен түсініп, қатты өкінемін, қатты ұяламын. Кейіннен екінші түсінгенім-сен бізді жеңдің. Жер жүзіне атағың шықты. Көрнекті Совет Одағының жазушысы болдың...

Рахмет, Нұреке. Өкінбеңіз, сіздің жаман ініңіз (өзім ғой) международный герой,- дегенімде, шал қып-қызыл болып кетті.»

Біріншіден, генералдық атақты беру үшін Қазақстаннан Мәскеу рұқсат немесе пікір сұрамайды. Бұл соғыс кезінде Қорғаныс Комитетінің төрағасы Сталиннің қолымен, Москвада шешілетін іс. Шешетін солар. Екіншіден, Совет Одағының батыры атағын беру үшін Қазақстаннан мінездеме, отзыв сұраулары мүмкін. Сұраған күнде де оны шешетін бірінші - Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцовтың, екінші - Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының председателі Ә.Қазақбаевтің құзырындағы іс. Ал, Оңдасынов ол кезде атқарушы билік – Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Председателі. Кез келген көзі ашық адамның білетінін документалист Қалила Омаров пен журналист Қонысбайдың білмей қалуы түсініксіз.

Ал, Шаяхметов бұл кезде үшінші, я екінші хатшы болып тұрған тұсы және ол мұндай істерге құзырлы емес. Ол кісіге де қисынды-қисынсыз жала жаба беруге болмайды. Біріншіден, ұят, екіншіден, біреулерді даттау арқылы Бауыржан Момышұлының абырой-атағын аспандатамын деу құр әурешілік. «Үй артында үй бар», керісінше батырдың бар абыройын кемітіп алуымыз мүмкін. Жазушы Шаштайұлы айтқандай «Бауыржанға ананы айтты, мынаны айтты» дегізіп, болмысын, бет бейнесін жоғалтып алуға айналып барамыз.

Жалпы Оңдасынов Қазақстанға екі-үш жылда бір келіп тұратын. Сондықтан да ол кісінің әр келісі біздің де жадымызда, жақсы білеміз. Негізінде Момышұлы мен Оңдасыновтың кездесуі Қалила Омаров «тапқан» жоқ хаттағыдай «накануне праздника емес» 1973 жылдың қараша айының екісінде болған. Оңдасынов мұның алдында Қарағандыда, күйеу баласы академик Ебіней Бөкетовтің үйінде, қарындасы Зүбайраның қолында болып, «Парысша-қазақша түсіндірме сөздігін» машинкаға бастырып, сосын Алматыға кеткеніне біз куәміз. Алматыға келген соң Бауыржанның науқастанып қалғанын естіп, арнайы кіріп шығады. Артынша екі күннен кейін Бауыржанның көңілін сұрауға Ісләм Жарылғапов пен ақын Жаппар Өмірбеков ағаларымыз келеді. Сонда Бауыржан екі күн бұрын Нұртас Оңдасыновтың келгенін, араларында болған әңгіме жайлы баяндайды.

Негізінде осы кездесу туралы алғаш қағазға түсіріп, «Жұлдыз» журналына жариялаған жазушы Әзілхан Нұршайықов. Ал оған ой тастап, «ақыры Сіз Бауыржан туралы жазып жүрсіз ғой, осы кездесу туралы неге жазбайсыз» деп, идея берген ақын Жаппар Өмірбеков. Бірақ, өкінішке орай Нұршайықов Бауыржан Момышұлы мен Нұртас Оңдасынов арасындағы әңгімені өзгертіп, өтірік қосып жіберген. Бірақ, жазушы «өтірігінің» ішінде Момышұлына геройлық пен генералдықты бергізбеген Оңдасынов деген жоқ. Егер де Бауыржан Момышұлы ондай әңгіме айтса, Әзілхан ағамыз Оңдасыновты аяйын деп тұрған жоқ, қайта өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етейіндеп-ақ тұр. Нұршайықовтың «өтірігіне» кезінде біз ашық хат жазып, шындықтың бетін біраз ашқанбыз. Содан бері Әзілхан ағамыз үнсіз, қателігін мойындаған болар.

Екі тұлғаның арасында болған әңгімені Әзілханның неге өзгертіп жазғанын түсінбей, ақырында өзі (Жаппар Өмірбеков) «Ана тілі» газетіне (19 қазан, доңыз жылы) «Мырза терек» деген мақала жазып, Бауыржаннан естіген әңгімесін қаз-қалпында берді. Алғашқы баға, алғашқы пікір қашан да шындыққа жақын болатыны баршаға мәлім. Сондықтан біз Өмірбеков айтқан әңгімеге сенеміз. Ал онда генералдық пен геройлықты бергізбей қойған Оңдасынов деген сөзді Момышұлы мүлдем айтпаған.

Қараңызшы, сол мақаладағы мына қысқа үзіндіден-ақ олардың бір-біріне деген ниеті мен пиғыл-парасатын аңғаруға болады:

«-Нұртас Дәндібаевич! Сіз он үш жыл Қазақ Республикасының Премьер-Министрі болдыңыз, Сіз үйге келгенде қой сойса да, тай сойса да, тіпті бие сойса да болар еді. Бірақ менің қазіргі жағдайым оны көтермейді... дәм ауыз тиюге ғана тура келеді,-деп, вазадан бір үлкен апорт алманы дәл осылай қақ жардым да жартысын ол кісінің алдына қойып, жартысын өз қолымда қалдырдым. Міне, сендерге де солай етіп отырмын... Қош, одан әрі әңгімеміз жалғасу үшін Нұрекеңе тағы бір сауал бердім: «Нұртас Дәндібаевич, осы менің көңілімді сұрау идеясы басыңызға қалай және не үшін келді екен?».

- О, не дегеніңіз, Бауке... Қазақ халқының бетке ұстар беделдісі санаулы ғой, Жамбыл атамыз, Мұхтар аға, Қанышекең, Күлаш Байсейітова ... дүние салып кетті, шет елге шыға қалсақ, «еліңде кім бар?» дегенде, атап айтар, көзі тіріден, Сіз қалдыңыз, Сіз біздің, қазақ елінің тірі паспорты-визитная карточкасы емессіз бе?! Сіздің көңіліңізді сұрамағанда , кімнің сау-саламаттығын ден қойып тілейміз?

Нұрекең осыны айтып үнсіз отырып қалды, мені шын сыйлап келгені байқалды. Бұрын ол кісінің жалған айтар жарамсақтығы бар деп естімеген едім...»

Аз сөз, бірақ ұғар адам болса көп мағлұмат беріп тұр. Батыр Бауыржан мен қайраткер - басшы Оңдасынов арасында бас араздық емес, қайта бірінің қадірін бірі білетін адамдар болғанын айғайлап айтып тұрған жоқ па?!

Тағы бір дерек - майданда жүрген Бауыржан Момышұлы қазақ ұлтының болашағын ойлап, Оңдасыновқа хат жазады. Хаттың соңын ол: «...немыслимо без вмешательства таких государственных мужей, как Вы» деп, түйіндейді. Момышұлының өзіне атақ бергізбеген адамға мұндай хат жазып несі бар. Жоғарыда «жалған айтар жарамсақтығы бар дегенін естімеп едім» деп, Оңдасыновтың адалдығын өзі мойындап отырған жоқ па.

Біздіңше осыдан кейін сөзді көбейтіп жатудың өзі артық. Бейпіл ауыз берекесіз сөзімізге олардың өзі-Момышұлы мен Оңдасыновтың өзі «Тәйт!» деп тұрған жоқ па?! Тексіз болмасақ түсінуіміз керек шығар да.

Ал ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыздың сол күні сол үйде болғанына да біздің күмәніміз бар. Себебі, кездесу туралы жазған Әзілхан Нұршайықов та, ақын Жаппар Өмірбеков те «Мекемтас Бауыржан үйінде болып еді» дегенді айтпайды.Бұл біріншіден. Екіншіден, баспадан жаңа шыққан «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігіне» қолын қойып, тілегін білдірген Нұртас Оңдасыновқа Момышұлы: «Нұреке, бұл ғалымдардың жұмысы ғой, оданда Сіз Неру сияқты естелік неге жазбайсыз, Сіз білетін шындық көп, соны неге қағазға түсіріп, болашаққа жеткізбейсіз бе?..» деп, рас, батырлығына салып ол кісіні біраз тұқыртып алады. Бұны бізге жиырма беттік естелігін беріп отырып, «...Баукең айтқандай кештеу бастап қойдым-ау деймін, мына науқас аяқтауға мүмкіндік берер емес» деп айтқан-ды. Міне, Мекемтас ағамыздың Бауыржан Момышұлы айтқан (егер айтқан болса) «старик осознал, но поздно» деген долбардың дұрысы, ақиқаты осы. Оны өсіріп, өндіріп, дабырайтатындай, әр жерден жылтыңдатып әр газет-журналдарға жариялай беретіндей, одан сенсация жасайтындай түк жоқ. Долбар дәлел емес, шындық емес екенін бір кісіге жетерлік абыройы мен атағы бар ғалым ағамыз білуі керек.

Біз өз ұлтына, халқына барынша адал қызмет еткен Нұртас Оңдасыновтың «Ешкімнен пара алғам жоқ-арым таза, ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ-қолым таза, ешкімнің ешқашан руын, жүзін сұраған емспін- жүзім таза» деген адал сөзіне сенеміз, Бауыржан Момышұлының «ол кісінің жалған айтар жарамсақтығы бар деп естімеп едім» деген сөзіне сенеміз.

Соғыста жеңіп шығу үшін күшті, ал, оны болдырмау үшін кемеңгер болу керек. Алауыздық ешкімге абырой әперген емес. Алауыздық талай империяларды құлатқан, мемлекеттерді жермен жексен еткен. Оны сіздер тарихтан білесіздер.Бұл жалғаса берсе бір күні Батыр Бауыржан мен қайраткер –басшы Нұртас Оңдасыновтан жастар үлгі алатын қадір-қасиетін жермен-жексен етеміз. Одан кім, не ұтады. Ұтылатын Қалила Омаров, Құтмағамбет Қонысбай, Мекемтас Мырзахметов емес, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ! Өзінің замандастарының осындай бір жаман әдетіне налыған Қалтай Мұхаметжанов ағамыз бірде: «біз осы бала кезімізде шетінеп кетпеген екенбіз» деп, ащы қалжыңмен шындықты айтқан екен. Сол сияқты рушыл, жүзшіл жүгенсіздігімізді жастарға үйретпей, кемеңгерлік танытқанымыз абзал.

Олжас ақын айтпақшы: «Даланы асқақтату үшін тауды аласартудың қажеті жоқ!».

 

Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, 

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты