ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

d188d18bd293d18bd181-d182d2afd180d0bad196d181d182d0b0d0bd

Қытай деректеріне негізделгенде «Түркі» сөзі біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырда алғаш рет көшпелі халықтың атауы ретінде пайда болған.

Осы кезде түркілер Моңғолиядағы және Қытайдың солтүстік шекарасынан Қаратеңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады. Ұлы далада түркі мемлекетінің, түркі тілінің қалыптасу дәстүрінен дерек беретін күлтегін ескерткіштерінде былай деп жазылды: «Әлемнің көгінде аспан, төменінде қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат баласының үстінен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, Түркі заңдарын шығарып, оны бекітті». Мұнда дүниенің төрт бұрышын түгел өзіне табындырған алғашқы Түркі қағандарының билік құрған уақытымен байланысты суреттеледі. (К.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы», Алматы, «Білім» 1-том 91-бет.)

 

ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН АТАУЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

Түркі халықтарының шығу тегіне зерттеу жасаған ғалымдардың пайымынша Хун империясы ежелгі түркі мемлекеті болып саналады. III-IV ғасырдың соңында Тұрпан тауларына, одан кейінгі бір мезетте Алтайға қарай жылжыған, олар бірте-бірте өз ықпалын барынша кеңейтіп, VI-VIII ғасырларға келгенде Қытайдан Қырымға дейінгі байтақ жерге иелік еткен көне түркілердің іргелі елін құрды. Шығысы Хинган, Сарыөзен, батысы Көктеңіз, оң жағы Ұлы қытай қорғаны, солы – Сібір аралын қамтыған қуатты елдің мәдениет өресі де аса жоғары болған.

Түркі қағандығының кейіннен Шығыс және Батыс түрік қағандықтарына бөлінуі олардың арасындағы ішкі алауыздықты күшейтіп жіберді.

«Түркілердің Қытаймен қарым-қатынасы да шиленісіп кетті. Өйткені VI ғасырдан бастап түркілерге қарсы пиғыл Қытайдағы ең басты саясатқа айналған. Қытай феодалдары мен чиновниктерінің негізгі мақсаты – Азияда түгелдей өз билігін орнату еді. Осы мақсатпен Қытай империясы 602 жылы түркілерге қарсы соғыс жариялап, күйрете соққы берді». (К.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы», Алматы, «Білім» 2005 1-том, 121-бет).

Қытаймен арадағы соғыста Шығыс түркі қағандығы 630 жылы жеңіліс тапты. Түркілер жарты ғасыр бойы Қытайға тәуелді болды. 682 жылы ғана мемлекетін қайтадан қалыпқа келтірді.

Осы елу жыл ішінде талай қаған толарсақтан қан кешіп күрес жасаса да халқына бостандық алып бере алмады. Солардың бірі – Құтлық қаған ғана қағандықтың басын біріктіріп, үлкен күшке айналдырды. Құтлықтың тасқа таңбалаған сөзінде мынадай жолдар бар еді: «Қытай қасында қандай ерлеріміз құл болып қалды. Қандай таза, сұлу әйелдеріміз күң болып қалды. Біз бұларға елу жылдық еңбек күшімізді бердік. Мемлекеттің заң-жосығын жасап бердік. Біз Қытайға басқа мемлекеттерді жеңіп бердік.

Біз мемлекеті бар халық едік, қайда сол мемлекетіміз? Біз қағаны бар ел едік, қайда сол қағанымыз? Бұл қорлықта отыра бергенше өзмізді-өзіміз құртайық, қырылайық?» (Орхон жауларындағы күлтегін жырларынан).

Сонда күллі түркі халқы Құтлыққа ілесіп, күш біріктірген екен. Сөйтіп, Құтлық қаған күңірінген түркі халқын ата-баба мекеніне қайта топтайды.

682 – 687 жылдары Шығыс түркілер Қытайға қарсы азаттық күрестің нәтижесінде өз мемлекеттерін қайта құрады. Құтлық қаған, Тоныкок әрі ақылшы, әрі көмекші болады. Құтлық өлгеннен кейін оның қағандығына інісі – Мочно (Қапаған) мұрагерлік етеді.

716 жылдың 22 шілдесінде Мачжо өлтірілгеннен кейін Күлтегін өз ағасы Могилянды таққа отырғызады. Жазбаларда ол өзін Білге қаған (ақылды қаған) деп атаған. Қытай дерегі бойынша ол 735 жылдың 25 қаңтарында өз туыстары жағынан уланып өлтіріліп, тақ мұрагерлігін ұлы Тенгри жалғаған.

741 жылы Тенгри қаған өз ағасы Құтлықяғбудың қолынан мерт болады.

«Шығыс түркі қағандығының соңғы қағаны Озмештегін қаған 744 жылы ұйғырлар қолынан қаза табады. Бос қалған түркі қағанының орнына Құтлық Білге Құл қаған отырып, Ұйғыр мемлекетін құрды. Шығыс түркі мемлекеті қираған соң батыс жағындағы жерлерге найман, керей, меркіт, қимақ, қыпшақ тайпалары ие болды. (К.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы», Алматы, «Білім» 2005 1-том, 135-136 бет).

Жоғарыда айтылған Шығыс Түркі қағандығының Шығыс Түркістан атуының қалыптасуына негіз болғанын байқайымыз.

Түрік әлемін зерттеуші ғалымдардың ізденіс іздеріне үңілгенде жалпы Түркі елі өмір сүрген 1500 жыл ішінде төрт кезеңді бастан кешіргенін көруге болады. Бірінші кезең – Түркі қағандығы мезгілі (551-630 жылдар). Бұл кезде ол аса үлкен империяға айналған. 630 – 679 жылдар аралығы бұл кезеңнің құлдырауы болып Шығыс түріктері қытайлардан жеңіліп 50 жыл бостандығынан айрылған.

Екінші кезең – 679 -744 жылдар аралығындағы Құтлық (Елтеріс) тың бастауымен қайта бас көтеру мезгілі. Бұл кезеңнің желісі 679 -683 жылдары Шығыс түркі қағандығының жерін қытайлардан азат ету болды.

Үшінші кезең – экономикалық-саяси, мәдени өрлеуі Х-VІІ ғасырлардағы қарахандықтар кезінде болды. Қарахан мемлекеті түркі тайпаларының мемлекеттік бірлігін барынша нығайта түсті.

Төртінші кезең – Моңғол империясының құрылу кезеңінен басталады. Шыңғысхан және оның мұрагерлері Орталық Азияда түркілер мекендеген аймақтарды жаулап алғанымен, оларды құртудың орнына, өздері «жергілікті халықтың телегейіне шөгіп, сіңісіп кетті». Орыстардың Ақ орда ханы Тоқтамыспен одақтасып, 1380 жылы Алтын Орда ханы Мамайды жеңіп, 1389 жылы Темірдің Алтын орда ханы Тоқтамысты талқандаумен бұл кезеңнің де баяны ұзақ болмады.

Тарих бір мезет Түркі елінің байтақ даласын орыс және қытай елдерінің отарына айналдырып тынды. Кеңес одағы сынды алып держава құлағаннан кейін ғана түркі дүниесіндегі көптеген елдер өз алдына шаңырақ көтеріп дербес ел болды.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан түркілері Батыс Түркістан аталса, Шынжаң жері – Шығыс Түркістан аталды.

Ал, Түркістан атауының ресми қалыптасуына келсек, «Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы» деген кітапта былайша түсіндіріледі: «Түркістан деген сөз жағрапиялық атау, ол «Түркілер мекені» деген ұғымды білдіреді. Бұл Түрік қағаны жойылғаннан кейін ішінара жағрапиялық шығармаларда қолданылған ұғым. Жаңа эраның ІХ ғасырының ХІ ғасынына дейінгі аралықта, арабтардың жағрапиялық шығармаларында орта Азиядағы Сыр дарияның солтүстігіндегі Бенгалдың шығысындағы өңірлер Түркістан деп аталды...

«Түркістан » деген жағрапиялық атаудың қайтадан аталуы ІХХ ғасырдың бас шенінде капиталистік белді елдердің, Орта Азия өңіріндегі отар жерлерінің іргесін кеңейтуінің туындысы еді. 1805 жылы Ресейлік Жимоковский елшілер үйірмесінің елшілігіне аттану баяндамасында Орта Азиядағы райондарды және Қытайдағы Шынжаңның оңтүстігіндегі Тарым ойпатын «Түркістан» деп атады. Осы екі жердегі тарих, тіл, ғұрып-әдет жақтағы айырмашылықтарды және саяси жақтағы қарастылығының ұқсастығын ескере отырып, айтуға оңай болу үшін ол Тарым ойпатын «Шығыс Түркістан» немесе «Қытай Түркістаны» деп атады. ІХХ ғасырдың орта шенінде Ресей Орта Азиядағы Шиова, Бұқара, Хаухан хандықтарын қосып алып, Орта Азиядағы өзен районында «Түркістан бес әміршілігі районын» құрды. Сонымен батыс елдегі кейбір тарих, жағрапия мамандары Орта Азиядағы Өзен районын «Ресей Түркістаны» немесе «Батыс Түркістан» деп, Қытайдағы Шынжаңның Оңтүстігіндегі Тарым ойпатын «Қытай Түркістаны» немесе «Шығыс Түркістан» - деп атады». («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 244 бет).

 

ПАНИСЛАМИЗМ ЖӘНЕ ПАНТҮРКИЗМ

 

Түркі халықтарын зерттеу империялық идеялардың шектеуіне ұшырап келсе де, көптеген ғалымдардың бұл тақырыпты арнайы соғып өткені белгілі.

Кеңес өкіметі жылдарындағы түркілердің тарихы туралы жазылған құнды еңбектер: Толстовтың «Древний Хорезм» (1948) атты зерттеуі, Л.Гумилевтің «Древние Тюрки» (1967), «Поиски вымышленного царсова» (1970) және «Хунны в Китае» (1974) деген күрделі зерттеулері түркі тайпаларының ғасырлар бойғы даму ерекшеліктері, этнос ретінде қалыптасу кезеңдері мен мемлекеті туралы сыр шертеді. Л.Гумилев «Хунны в Китае» деген еңбегінде ерте замандарда Қазақстан, Алтай және Орта Азия жерлерін мекендеген басты тайпа – жундардың түркі қағанатына қатысы туралы жазды.

Академик В.В.Бартольдтың Орта Азия өлкесін мекендеген тайпалардың тарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми маңызы зор. Ол бұл еңбектерінде араб, парсы және жергілікті тарихшылардың аса құнды еңбектерін пайдаланған. Бартольдтың «Моңғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы христиан­дық туралы», «Жетісу тарихының очерктері», «Моңғол шапқын­шылығы кезеңіндегі Түркістан » т.б. еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

Десе де, орыс және қытай империялары ежелден-ақ түркі дүниесіне жаугершілік санамен үрке қарап келді. Саясатқа бағынышты болған ғалымдардың да көп жағдайда сыңар жақтылы ізденіс жасауына тура келді.

Отаршыл Ресей үкіметінің ең қауіпті, ең қасіретті қылмысының бірі – Орта Азия мен Қазақстан, жалпы түркі халықтарының ұлттық санасын құлдануға күш салу еді. 1881 жылы Түркістан әскери округінің комендантының көмекшісі, патша генералы Мациевский Ташкентте жұмысқа кірісе бастаған Шығыстану қоғамының мүшелеріне былай деп хат жолдайды: «Шығыстану қоғамының міндеті Шығысты зерттеу емес, Шығыс халқын орыстандыру». Патшаның саясаткер ғалымдары орыстандыруды тоқтаусыз жүргізу үшін саяси-ғылыми айналымға «панисламизм», «пантүркизм» деген терминдерді енгізсе, Кеңес үкіметі жылдарында жергілікті халықты ата тарихынан, ата дәстүрінен, ана тілінен, ұстанған дінінен безіндіру үшін неше түрлі құйтырқы теорияны жан-жақты жетілдірді.

Көрнектi түрiк ойшылы, философ және ақын Зия Көкалып (1876-1924) бүкiл Түрiк дүниесi мәдениетi тарихындағы ең көрнектi ойшылдардың бiрi, Түркиядағы №1 түрiкшiл тұлға болған. Ол – түрiкшiлдiк фило­софия­сын арнайы бағдарлама аясында айқындап берген, ұлттық әдебиет ағымының дамуына үлкен еңбек сiңiрген iрi қайраткер.

Түрікшілдік туралы сөз болғанда ол: «Түрікшілдіктің біздің елімізде пайда болуынан бұрын Еуропада түріктерге байланысты екі қозғалыс бой көтерді. Бұлардың біріншісі – француз тілінде «Turquere» деп аталған «Түрікті жақсы көрушілік», яғни түрікке деген тамсанушылық...Еуропада пайда болған екінші ағым «Түркология» деп аталады. Ресейде, Алманияда, Мажарстанда, Данияда, Францияда, Англияда көптеген ғалымдар көне түріктер, ғұндар, монғолдар туралы тарихи және археологиялық зерттеулер жүргізе бастады. Түріктердің өте көне ұлт екендігін, кең аймаққа тарайтынын және түрлі кезеңдерде бүкіл әлемге үстемдік еткен жиһангер мемлекеттер мен биік өркениеттер құрғанын алға тартады. – дей келіп, сол кездегі түрікшілдерден Мырза Фатали Ахунзаде және Исмайыл Ғаспыралылардың атын атайды. Әрі Грек соғысы (1897ж) басталған кезде түрік ақыны Мехмет Емин бейдің (Юрдақұл): «Мен Түрікпін, дінім, тегім – ұлы-дүр»-деген өлеңін тілге тиек етеді. «Түрікшілдік түрік ұлтын биіктету деген сөз...» деп түсіндіреді. («Қазақ ұлт азаттық қозғалысы» 8 том, 85 бет. Зия Гөгалптың «Түрікшілдік негіздері» мақаласынан. «Астана полиграфия» АҚ, Астана 2008).

Бір қызығы Зия Көкалып (кейде Зия Гөгалп деп айтылып жүр) 1902 жылы Түркістан жеріндегі аса ірі бас қосулардың бірінде болып қайтқан. Бұл туралы түріктанушы ғалым Фадли Әли мынадай сыр шертеді: «1902 жылы Түркiстан қаласында болып өткен осы құпия ұлы жиынға барғандардың iшiнен өзiмiзге таныс қастерлi есiмдердiң кейбiрiн атап өтейiк: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Жүсiпбек Айма­уытұлы (әкесi Аймауыт ақсақал апарған, Жүсiпбек бұл кезде 13 жаста), Мәди Бәпиұлы (22 жаста), Шәдi Жәңгiрұлы, Жамбыл Жабайұлы, Базар жырау, Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Оразай ишанның ұлы Ахмет ишан, Толыбай саятшы және оның ұлы Игiлiк (жазушы марқұм Құрманбай Толыбаевтың әкесi), таяуда 100 жылдығы аталып өткен Қалибек Хәкiмнiң әкесi Ра­йымбек (Х.Оралтайдың атасы), тағы да басқа ел ағалары – болыс­тар, билер...

Абай ол жиынға бара алмаған (көңiл күйi мен денсаулығы мүмкiн­дiк бермеген, iнiсi Шәкәрiм­нен сұрас­тырып, мағлұмат алғаны анық).

Қазiр сексеннiң сеңгiрiне шығып отырған (1927 жылы туылған) тарихшы ағамыз Мунир Ерзиннiң (ұлты татар) әкесi Ибрагим бай (олар сол кезде Зайсанда тұрған, сонан соң Қытайға қоныс аудар­ған, өткен ғасырдың 50-жылдарында Ибрагим байдың ұрпақтары қайтадан Қазақстанға оралған) барған. Мұны Минур аға бiлмейдi (Ибрагим Қытайда қайтыс болып, сонда жерленген».

(Жалғасы келесі санда)

 

Жәди Шәкен