ЖУРНАЛИСТ - ҰСТАЗ
2010 ж. 22 маусым
2790
1
Журналистердің төл мерекесі қарсаңында ұлағатты ұстаз, майталман журналист Кемелбек Шаматай турасында шәкіртінің қаламынан туған «Журналист - ұстаз» атты очеркті назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
|
Нақты тапсырма қиялды шарықтатып жіберді. Оған практиканттың сын-сықаққа бейімділігі де жәрдем берді. Баспасөзде бұрын мысалдар мен әзіл-сықақ өлеңдері жарияланып жүрген. Осыдан біраз бұрын «Спорт» газеті жариялаған юмореска конкурсында жүлделі орын алғаны тағы бар. Соларды пайдаланып, Оспанхан Әубәкіровтың сол конкурста екінші жүлде алған «Бөдененің иегі мен сүйегі» деген әзілімен әдіптеп, өзінің курстасы Рафаэль Ниязбековтың назды өлеңдерімен көркемдеп, Сабырхан Асановтың шумақтарымен шудаландырып, «Алматыда көшесі бар Гогольдің» әнін әуелетіп, хабарды айтылған мерзімде меңгеруші қолына тапсырды. Онымен танысқан режиссер Шәмсия Тайырова хабарды эфирден оқуға Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының жұлдыздары Қанабек Байсейітов, Райымбек Сейітметов, Торғын Тасыбаеваларды шақырды. Бұл Кемелбектің өңі түгіл, түсіне кірмеген жағдай еді.
Хабар эфирден берілген күннің ертеңіне университеттегі әріптестерінің қызу құттықтауын қабылдады. Тіпті бұған дейін алыстан сәлемдесетіндердің өзі бір жылы сөз айтып қалып жатты. Келесі дүйсенбіде аптаның үздік хабарларының көшін бастап тұрды. Одан кейін осы көштен қалған кезі болмады. Өндірістік тәжірибе жинақтауға келгеніне бір жарым ай толғанда, яғни 10 мамыр күні Мадрид оны қызметке қабылдау туралы бұйрықпен таныстырды.
- Күндер өте берді. Үш айлық өндірістік тәжірибе мерзімі түгілі одан кейінгі екі ай да зулап өте шықты.
- Қызметтен кету парағын қайдан аламын? – деді ол бөлім меңгерушісіне.
- Оны қайтесің?
- Бірінші қыркүйек жақындап қалды ғой. Сабағыма бармаймын ба?
Мадридтің жауабы дайын екен.
- Биыл соңғы курстасыңдар. Сабақ жаңа жылға дейін ғана. Одан әрі қысқы сессия, дипломалды өнідірістік тәжірибе, диплом жазу, тағысын тағылар. Сол төрт айға қызметтен қол үзбей-ақ қой. Сабағыңа қатысуға нұқсан келтірмейміз. Жарты күннен жұмыс істеп тұрсаң болды.
Келісім осы болды. Жас журналист ретінде қарашаның соңына қарай балалар мен жастарға арналған БАҚ қызметкерлерінің Бүкілодақтың кеңесіне барып қайтты. Сол кездегі Кеңес Одағының сан түкпірінен келген әріптестерімен танысып, аңызға айналған диктор Юрий Левитанмен жүздесті, лебізін тыңдады.
Жас радиожурналист келесі жылы БЛКЖО-ның 50-жылдығы құрметіне мерекелік төсбелгімен марапатталды. Кейін оның қатарын БЛКЖО-ның, Бүкілодақтық телерадио комитетінің Құрмет қағаздары толықтырды. Сонау 1970 жылдың өзінде Коммунистік еңбектің екпіндісі атанса, одан кейін омырауына БЛКЖО-ның «Алтын масақ» төсбелгісін қадады. Оның қатарына «Бүкілодақтық телерадиоының үздігі» төсбелгісі қосылды. Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімовпен бірлесіп жүргізген әрқайсысы жарты сағаттық 54 хабардан тұратын «Асыл сөздің астарлары» деген герменевтикалық түсіндірме әңгімелер циклы үшін Абай сыйлығының лауреаты атанды. Бұл жұмыс жөнінде ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіруші Роза Төрегелдиева дипломдық жұмыс жазып, «өте жақсы» деген бағаға қорғады.
Бірде студенттер алдында сөйлеген Зейнолла Қабдоловтың «Кемелбек Шаматайдың қалыптастырған радиожурналистік мектебі бар» дегені бар. Оны айтқанда, радиожурналистиканың әліппесін тұңғыш рет осы бір жаннан үйренген, бүгінде филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-нің профессоры З.Бейсенғалиевты, ғылым кандидаты ҚазҰУ-нің журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі Т.Бекниязовты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Д.Нұрмахамбетті, Қ.Жәленованы, Ә.Ақпанбетті, Т.Момбекұлы, Қазақстан Журналистер сыйлығының лауреты Т.Айтбайұлы, танымал тележурналист Иманбай Жұбай тәрізді таланттарды меңзегені даусыз.
* * *
«Атамекен» бағдарламасы ондағы бауырларға халықтың үнін, мәдениетін, өнерін, тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін жеткізумен айналысты. Өзі басында болған он айда хабарларды дайындаушы журналистер саны үшеу болғанына қарамастан, демалыс күнсіз күн сайын жарты сағаттық хабар беріп тұрды.
Сол жылы қараша айында Республикалық радионың ұжымы, оның кәсіподақ комитетнің төрағалығына ұсынды. Бірақ Кемелбек Шаматай:
- Мен қызмет ететін шетелдерге хабар тарату бас редакциясы құрамында алты жүзге жуық қызметкерлері бар негізгі мекен-жайдан 5-6 шақырым қашықтықта. Олармен күн сайын қоян-қолтық араласуға мүмкіндік жоқ деп бас тартты. Оны төрағалыққа ұсынғандар бұл мәселені шешіп қойған екен. Әдеби драмалық хабарлар бас редакциясының бас редакторы Төлепберген Тобағабыл оны бөлім меңгерушілігіне шақырып, ұсынысын қабылдауын өтінді.
* * *
Ал, 1994-1995 жылдары жылдан астам уақыт бойы апта сайын жарты сағаттан берілген «Асыл сөздің астарлары» хабарлар керуені Қазақ радиосының ғана емес, абайтану ғылымына қосылған сүбелі үлес болды. Философ Ғ.Есіммен пікірлесу үлгісінде жүргізілген бұл хабар авторлары мерекелік Абай сыйлығымен марапатталғанын жоғарыда еске алып өткенбіз.
Осы оқиғадан кейін ҚазМУ-да негізгі қызметінен тыс уақытта жиырма жылдан астам болашақ радиожурналистер тәрбиелеуге үлес қосып келе жатқан маман Түркістан қаласында ашылған Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде журналистикадан дәріс оқуға шақырылды.
Ал, 2000 жылы Шымкент қаласында жаңадан ашылған Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық академиясының арнайы шақыруы бойынша, Журналистика кафедрасында қызмет етті. Мұнда курс жетекшісі міндетін бірге атқарған ұстаз тез арада-ақ студенттер сүйіспеншілігіне бөленді. Соның белгісі ретінде Шымкенттен шығатын «Діл» газетінде алғашқы оқу жылының соңына таман «Жиырма жеті студенттің әкесі» деген мақала жарияланды.
Келесі оқу жылы басталғанда, оқу орны Президентінің еркі бойынша курс жетекшілігі одан алынып, араб маманына тапсырылғанымен, арада екі-үші ай өткенде академия ректоры Керімбек Сыздықов Кемекеңді өзіне шақырып алып, топ студенттерінің сабаққа қатысуы мен ынта-ықыласында олқылықтар пайда бола бастағанын айтып, жетекшілік міндетті араб ұстазға жанама түрде қайтадан қолына алуын өтінді. Ұстаз сол күні-ақ іске кірісіп, ерекше нұсқалы жиналыс өткізді. Онысы курс студенті Эльмира Ерікқызының «Діл» газетінде жарық көрген «Әзілмен өткізілген қатаң жиналыс» деген репортаж үлгісімен жазылған мақаласында әдемі көрсетілді. Студентттер көп ұзамай жақсы қырларымен көріне бастады.
Республикада жастарға тегін білім беретін мұндай бірден-бір оқу орнының жұмыс істеуі әлдекімдерді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырса керек. «Казахстанская правда» газеті оны діни бүлікшілер дайындап жатқан оқу орны етіп көрсетіп, бір айда бес рет материал жариялады. Қойнына кіріп алып, алқымыңнан қаныңды бүлкілдетіп соратын жат пиғылдылардың зымиян әрекеттеріне денесі балбырап, бас шұлғитын билік соның негізінде оқу орнын жауып тынды. Журналистика кафедрасының меңгерушісі Мырзантай Жақып пен осы кафедраның доценті Кемелбек Шаматайдың «Жас Алашта» жарияланған араша сұраған үні мен академия студенттерінің Астанадағы министрлікке жолдаған хаттарын ілтипатқа алған ешкім болмады. Сөйтіп, алғашқы қарлығаштарын енді ғана ұшырған академияның демі үзілді. Оқуды бітіріп үлгермеген жүздеген жас ұясы бұзылған балапандардай шырылдап, мамандығы сай келмейтін өзге оқу орындарына тарап кетуге мәжбүр болды.
Оқуды бітіру бақытына ие болғандар аз уақыттың ішінде журналистика саласында лайықты орындарын алып үлгерді. Бұл күнде Жандар Көшенов, Қайрат Көбекбаев, Құрманкүл Әти, Болатбек Әбдіораз, Жазира Смағұлова өз алдарына жеке-жеке газет журналдар шығарып отыр. Жанар Мархабаева ОҚО «Қазақстан» телеарнасы үздік журналистерінің бірі болса, Бейсенбай Тәжібаев облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, ал Абзал Жусанбаев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімнің баспасөз хатшысы.
Олардың өмірден өз орындарын алуына үлкен үлес қосқан ұстаз Алматыға оралып, біраз уақыт «Дат» жобасымен жарық көрген «Тасжарған» газетінде қызмет етті. Соңғы кездері өткір мақалаларымен бірге қоғам тынысы жайында жазған сатиралық өлеңдері де, баспасөз беттерінде жиі жарияланып келеді. Ұстаз – журналист жетінші он жылдығына осылай келіп отыр.
Гүлмира САДЫҚОВА