Жәди Шәкен. ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ МҰСЫЛМАН БОЛУЫ

Жәди Шәкен. ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ МҰСЫЛМАН БОЛУЫ

Дарвинизмнің    жаназасы

 

Түрiк ғылыми-зерттеу қорының ғылыми қызмет­керi Аднан Октардың «Эволюция теориясының күйреу­i» атты еңбегі дарвинизмге оқылған жаназа сияқты. Кiтап ондаған тілге аудар­ылып, әлемнiң 54 елiнде жарық көрген екен. «Егер Дарвиннiң теориясы қате болатын болса, он сегіз мың ғаламның жалғыз жаратушысы – бiр ғана Құдай болғаны», – дейдi Октар.

Ал Райс, Чикаго универ­ситет­терiнiң социологтары жүргiзген са­уал­нама нәтижесiнде АҚШ ғалым­­дарының үштен екi, ал Ресей ғалымдарының үштен бiр бөлiгi Құдай­дың бар екенiне шүбәсiз сене­тiндерiн айтқан!.. «Ег­ер КСРО кезең­iнiң өзiнде Ресейдiң Орталық кiтап­­ханасынан «Бiз сенемiз...» атты кiтапшаны кезiктiрмеген болсам, Ок­тардың сөзiне күмәнмен қарар ма едiм?.. – дейдi аталмыш еңбекке үн қос­қандардың бiрi. – Әлгi кiтапшада iрi-iрi 53 мемле­кеттiң ғалымдары, арасында физика, химия, биология сала­лары бойынша Нобель сыйлық­тарының иегерлерi де бар, бәрi бiр ауыздан: «кенеттен, хаостан пайда болды дейтiндей емес, әлем сондай шебер жаратылған» деп мойындайды.

Жалпы, ғалымдардың денi бiздi қоршаған ортаның сон­шалықты қарапайым да күрделi құрылымына таңданбай тұра алмайды. Бiрақ осы ойларын ашық айтудан қорқады немесе жаратушыдан ғылым мен білімді жоғары қойған адамзат «парасатын» бұзуға дәрмені жетпейді. Тек белгiлi академик Наталья Бехтерева ғана адамның миын түбегейлi зерттеу мен түсiнудiң мүмкiн еместiгiн, оның шешiлмес жұмбақ екендiгiн айтады. Сөйтiп, «адамның ойлау процесiне Жаратушының қатысы бар. Бiрақ ғалым ретiнде мен оған әлi дәлел тапқан жоқпын» дегенді ашық білдіреді. Ал Эйнштейн «құдай жаратқан он сегіз мың ғаламның сырын толық білуге адамның ақылы жетпейді» деген еді.

Бұл ретте, американдық ға­лымдар анағұрлым ашық және таңғажайып құбылыстың бар екен­дiгiн мойындаудан бас тартпайды. Мысалы, американдық биохимик, профессор, «Дарвин­нiң қара сандығы» кiтабының авторы Майкл Бехе: «Соңғы 50 жылда биохимик­тер адам жасушасының көптеген маңызды құпияларын ашты. Ондаған мың адамдар басқа да құпия құбылыстардың сырын ашуға талпынып, өмiрлерiн зертханада өткiздi. Бiрақ тiрi организмдi танып-бiлуге, зерттеуге бағытталған күш-жiгердiң бар­лығы: «Жаратылыс» деген бiр ғана нәтиже бердi», – деп мойынсалдық танытады.

Ал Жапон ғалымдары да адамның өлу сәтіне байланысты мынадай бір сынақ істеген. Олар әл үстінде жаны шығарман болып жатқан 10-20 адамды бір бөлмеге жатқызып, оларды ең жаңа техникалық құралдармен жабдықталған осы замандық аппарат көздері арқылы дыбыс және кескіндік бақылауға алған. Нәтижеде адамның жаны шыққан кезде соңғы демімен бірге шығатын бегісіз толқынның әуеге көтеріліп «ұша жөнелетінін» байқаған. Демек бұл мұсылманшылықта болсын басқа да діндер де болсын жанның денеден ұшып шығуының шындығы екендігінде күмән жоқ. Ал біздің қазақтар оны ежелден «шыбын жаны мұрнының ұшына келді» немесе «шыбын жаны ұшып шықты» -деп бейнелеген болатын. Осының бәрі адамдар әлде қашан танып білген жаратылыс шындығының адамзат ғылымының өркен жайған бүгінгі күнінде қайтадан дәлелдене бастағанын айғақтаса керек.

 

Өзге дін өкілдерінің мұсылман болуы

 

Өзге дін өкілдері арасындағы көрнекті тұлғалар өмірінен мысал іздейтін болсақ, олардан мұсылмандар қатарына кіргендер өте көп болған. Олардың арасында аты әлемге мәшһүр боксшы Мұхаммед Әли, Италия мемлекетiнiң Сауд Арабиясындағы елшiсi қызметін атқарған Торкуато Кардеилли мырза секілді көптеген тұлғалар бар.

Британияның патша армиясында жоғары лауазымды әскербасы қызметiн атқарған Арчибалд Хамилтон (1876-1939) 1923 жылы ислам дініне кіріп, мұсылман болған соң есiмiн Абдұллаһқа өзгертіп: «Жаратылысыма ең лайықты дiннiң ислам екенiн түсiндiм» дейдi.   Әли Мұхаммед Мори есiмдi жапон мұсылманы исламдағы көркем ахлақтың (этика) өзiн ерекше баурағанын тілге тиек етеді. Мориге исламдағы айрықша ұнаған нәрсенiң бiрi – барлық мұсылмандардың ұлтына, тiлiне, байлығына қарамастан, ағайын-бауыр саналатыны болған. Әмина Мозлер есiмдi неміс: «...Ислам дiнiн зерттедім. Берлиндегi мешiтке бардым. Мұсылмандар менi өте жақсы қарсы алды. Мешiттiң имамы маған исламды айтқан сайын тыңдаған нәрселерiм менi қуантты, естiген сайын исламның хақ дiн екенiн түсiндiм. Сөйтiп, исламды қабылдадым» деп жүрек сөзін ақтарады. Атақты ағылшын ақсүйек әулетінің мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Леон исламның ақыл және логикаға толықтай сәйкес келетiн өте түсiнiктi дiн екенiне баса назар аударады. Ол, 1882 жылы мұсылман болған соң Мұстафа Һарұн есiмiн алады. Австриялық Чечилия Канноли дін туралы ақиқатты іздеп жүргенде, исламият туралы шағын бiр кiтап қолына түседi. Қызымен бiрге екеуi әлгі кiтапты құныға оқиды. Көкейінде жүрген көп сауалдың жауабын осы кітаптан тауып алады. Мұсылмандықтың хақ дiн екенiн бірден түсiнген олар ислам дiнiн қабылдап, Рашиде және Махмұде есiмдерiн алады.             Ғасырлар бойы дүниежүзiнiң көптеген аймақтарын отарға айналдырған Францияның мәшһүр философы Роже Гарди жетпiс жасында, 1983 жылы ислам дiнiн қабылдаған. Ол, Франция коммунист партиясының «Бас идеологы» ретiнде ондаған жылдар бойы материализм мен атеизмдi дәріптеген адам едi. Сондықтан, оның мұсылман болуы Франция мен Еуропа елдерiнде үлкен дүмпу туғызды. Содан бастап, философ ислам тақырыбында көбірек қалам тербеді. «Исламның уәделерi» (1983), «Тiрiлерге жолдауым» (1986), «Ислам және адамзаттың болашағы» (1990), «Энтегризм – мәдени суицид» (1992) секілді шығармалар жазды.

Демек, мұндай мысалдар өте көп. Зерттеушілердің назарына ілік­кен бірнешеуінің өзі-ақ талай сырды аңғартса керек.

 

Әдебиет алыптары   бас иді

 

Ақын және жазушылар төңі­регінде сөз болғанда көп қаламгердің пікірі бір арнаға құйыла бермейді. Немесе көркем әдебиет пен құлшылық арасында белгілі перде тұрғандай елестейді. Шындыққа жүгінер болсақ, нағыз таланттылардың көбі құранның қасиетін танып білген және де одан рухани нәр алып отырған.

Орыстар пір тұтатын тума талант Пушкиннің исламға бас иіп, «Құранға еліктеуі», Нобель сый­лығының иегері әйгілі жазушы В.Н.Буниннің құранның ақиқат­тығын, Алланың барлығын мойындап мұсылман болуы, немістің классик ақыны Гетенің: «Адамзат баласы хазреті Мұхаммедке ( с.ғ.с.) қарыздар» деген ұлағатты сөз айтып, Ислам өркениетіне үлес қосуы ақиқаттың кім жағында екендігін онан ары растайды.

Өз кезінде Л.Н.Толстойда: «Күллі ғылым құранда жазылған. Күллі дүниеге, әлемнің бәріне симайтын ұлы Жаратушы Хақ Алланы әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Шын мәнінде, адамдар үшін Құдайдың өзі сомдаған ғибадатхана бар. Оған адам баласының шақты ақыл-ойынан туған ғибадатханалар тең келе алуы мүмкін емес. Жаратушы Хақ Аллаһ бір өзі сомдаған адамдардан асқан үйлесімді сұлу әлпет бар ма? Адам баласы Аллаһты күллі жратылыстан Ұлы деп жоғары қойып жүрегімен берілген соң, адам да Аллаһтың рахметін көріп рахымды болмақ. Аллаһтың мейірбандығын көріп мейірімді болмақ»,- деген болатын. Әрі: «Мені мейірімді Мұхаммедтің ( с.ғ.с.) үмметі деп біліңіздер», – деп ақиқатқа бас иді. Жазушы тұрғысынан алғанда кім жаман шығарма жазғысы келеді. Бәрі де өлмес туындылар жазсақ деп ойлайды. Жанталаса жазғандарда аз болған жоқ. Бірақ дәл құран кәрімдей «оқырманы көп шығарманы» әлі ешкім жаза алған жоқ. Жоғарыда келтірілген құран сүресін тағы бір мәрте қайталасақ онда мынадай жолдар бар:

«(Ей, Мұхаммед!) айтып қой, бүкіл адамдар және жындар осы сияқты (Құран Кәрімді демекші –Ж.Ш) бір кітапты майданға келтіру үшін бас қосып жиналса да, бұл сияқты бір кітапты майданға келтіре алмайды. Тіпті біріне-бірі көмектесіп, жәрдемдессе де жазып шыға алмайды».

Тарихта өткен есті қаламгердің көбі бұл шындыққа мойынсал болды. Өздерінің «Құран Кәрімнен» асырып шығарма жаза алмасын жақсы білді. Құрандағы бұл хикметтің адамнан емес, Алладан екенін жақсы сезінді.

Мысалды өзгеден емес өзімізден іздеп, өлмес шығармалар жазған даналарымыздың тағылымды ізіне қарайықшы. Әл Фараби, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Жиембет, Бұхар, Қазтуған, Ақтамберді, Төле, Қазыбек, Әйтекелердің қайсысы Алласыз сөз сөйледі.

Махмұт Қашқари «Түрік сөздігін», Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті», Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидиді» «Бісміллә-р-рахмани-р-рахим! Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллланың атымен бастаймын»- деген қасиетті сөзбен бастап отырған. Ахмет Яссауи қазақ жеріндегі хаққа бас июшілердің піріне айналды. Ыбырай Атынсарин: «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық...» -дегенді айтты. Абай Алланы ұлықтап даналар ізімен жүрді. Ақыт Үлімжіұлы әр сөзін «Бісмілләмен» бастады. Құлдықтың құдайсыздық құрығына іліккен Алаш ардагерлері Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов Алланың бірлігіне іштей мойын ұсынып, оны Абай ақиқатын көтеруімен көрсетті.

Демек, дәлелденген ақиқатты ерте таныған дара таланттардың Аллаға бас июі, жалғыз жаратушыны мойындауы тегіннен тегін емес еді. Аллатағала олардың санасына нұр сыйласа, олар халқына сәуле шашты. Өлмес еңбектер жазды. Хақтың ұлылығын мойындады. Өздері адас­қан жоқ, өзгені де адастырғысы келмеді.

 

Сенім -  өмірдің қанаты

 

Алланың  бары (бір жаратушының бары) хақ екен. Оған деген сенімділік қалай болу керек деген ой туады. Сенімсіз адамның ешқандай баянды тірлігі болмайды. Жүректе сенім, көкіректе көз болғанда ғана алдыңдағы тұмандарды сырып тастап, көкжиектің бергі жағын емес, арғы жағын да көре аламыз. Жас сәби ата-анасын сенім биігі санайды. Құламас тауым, алтын бәйтерегім деп біледі. Ал ересектер кімге сенуі керек. Ата-анасына ма, айналасына ма, ақшасы немесе мансабына ма? Отырған орынтағы мен партиясына ма? Жоқ, оның барлығы уақыттық алданыш. Тек қана өзіне сенуі керек. Өзіне сенбеген адам ешкімге де сенбейді. Ешкімге де сенбеген адам өз ісіне, еңбегі мен болашағына да сенбейді. Сенімсіз жандар су бетіндегі жел үрлеген жаңқадай бағдарсыз өмір сүреді. Ондай өмірдің мәні не! Олай болса пенде өз сенімін қалай қалыптастырады? Адам баласының көкірегіндегі отын өшірмеуі үшін, мұратын биіктен іздеуі үшін, жанының тазалығына сенуі үшін, ұрпағына ұлағаттылық, ізгілік жал­ғауы үшін тағы бір сенім керек. Ол әрине, күллі адамзатқа қаратып айтсақ Құдай, Мұсылманның сөзі бо­йынша жаратушы жалғыз Хақ –Аллаһ!

Сөз орайы келгенде адамның сенімі арқылы туатын кейбір құбы­лыстарға да азырақ тоқтала кетейік.

Шешендігімен аты аңызға айналған ежелгi грек софисi Георгий былай деген екен: «Сөз деген – ұлы әмiршi, қол-аяғы, денесi болмаса да ол аса ғажайып iс атқара алады. Өйткенi сөз үрейдi де басады, қайғыны да тарқатады, қуа­нышқа батырып, аяныш сезiмiн оятады... Айтылған сөздердiң бiрi – қайғыға шом­­дырады, екiншiсi – қуанышқа бөлейдi, үшiншiсi – қорқытады, төр­тiншiсi – өзiңдi мадақ­тап, мақұлдайды, ал қайсыбiреулерi жаныңды уландырып, сиқырлап алады, сөйтiп, оны басқа жолға да бұрып жiбередi».

Қазақта «жақсы сөз жарым ырыс, жаман сөз ауыз садақасы» деген сөздер бар. «Адамның аузындағы періштенің құлағына шалынады» дегенді тағы айтамыз. Аталарымыз сол үшін де «жаман сөзбен ауыз былғамауды», «жақсы сөздің жарым ырыс» болатынын құлағымызға құйып отырды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар бір хадисінде: «Адамның діні – қашан тілі жаман сөзден тиылғанша толық бола алмайды» деген болатын.

Аллаға деген ақ сенімі бар жандар өмірдің қандай қиындығы болса да оны жеңіп өтетін рухта болған. Жер шарындағы ең үлкен көштің бірі Алтайдан Анадолыға дейінгі қазақ көші болса, жолға шыққан 20 мың адамның қырыла-қырыла 1800 адамның Түркияға жетуі және олардың бүгінгі Еуропа қазағын қалыптастыруында да сондай сенім болған. Олар жауына да, досына да сенім байлай алмай, толарсақтан қан кешкен ауыр күндерді басынан кешіріп, тағдырдың не бір қиын қыспағына ұшырағанда алдарынан жалғыз ғана шырақ көрген. Ол шырақ – Аллаға деген сенім, адалдықтарына деген үміт еді. Бүгінде олардың ұрпағы өздерін аман сақтап қалу үшін, ділі мен дінін жоғалтпау үшін сол сенімдерін байрақ етіп келеді.

Демек бұдан адам жүрегінің белгілі сенімділік қалыптастырып, ізгілікке бет бұруы оның жанына жақсылық әкелетінін, қиын күндерден аман алып өтетіндігін дәлелдейді. Өйткені Аллаһқа деген ақ сенімі бар жандар өзіне өзі сенеді. Ештеңеден қорықпайды. Алдағы күндеріне, өміріне, айналасына сеніммен қарайды. Өзіне сенбей алаңдаушылықпен, уайыммен өмір сүрушілердің, ішімдікке берілушілердің көңілсіздігін былай қойғанда, олардың жүрек, бауыр ауруына ұшырау салыстырмасының да жоғары болатындығы анықталған. Ал керісінше құрандағы сүрелер мен дұғалардың емдік қасиеттері, адам ағзаларына пайдалылығы да расталып отыр. Тіпті ғұмыр бойы бес уақыт намазын қаза қылмай Алла жолында адалдықпен өмір сүрушілер арасында 90-100 жас жасаушылар да көп болған. Ондай адамдардың шын ниетімен тілеген тілектері қабыл болумен бірге, сол саулық пен бақыт ұрпақтарынан да өз жалғасын тауып отырған.


Жәди ШӘКЕН