ЕЛ ТАРИХЫ еріккеннің еңбегі емес немесе Тарақты тайпасы туралы шындық неге бұрмаланды?

d0b6d0b0d0b9d0bbd0b0d183

Өткен жылдың қараша айында «Шәмші» журналындатарихшы Т.Омарбековтың «Тарақ таңбалы қазақ руларының тарихи тамырлары» деген танымдық мақаласы жарияланды. Мұнда автор былай деді: – Тарихымыздан белгілі, тарақ таңбасы қазақ төрелерінің, яғни Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ – хан-сұлтандардың меншікті таңбасы болып табылады. Солай бола тұрса да, қазақты құраған басқа тайпалардың да кейбірі осы тарақ таңбасына ие болған. Олардың арасында алдымен ауызға алынатыны Жалайыр тайпасы. Одан соң Тарақтының өзін, Тарақты-табын және Төлеңгіт тәрізді тайпаларды айта аламыз».

Омарбеков қазақ шежіресі бойынша Тарақтының Орта жүздің «Ноқта ағасы» саналатынын қуаттай келіп, одан әрі жұртшылықты адастыратын ескі сүрлеуге түсіп кетеді. Сондағы айтпағы Тарақтының Арғынға жиендігі туралы «жаналық». Айтар уәжі: «қазақ шежіресінде қалыптасқан «мәліметтер» екен. Бірақ, бұл «мәліметтердің» қашан, қайда айтылғанына түсінік бермейді. Көптен бері сөз болып жүрген даулы мәселені қозғаған соң, оған ол ғылыми дәлел-дәйек келтіру тиіс еді.

Ғалым Тарақты-табынның кім екені, қайдан шыққандығы жайлы да ештеңе демейді. Шамасы, тарихшының пайымдауынша, тарақ таңбасын алып жүрген Кіші жүздің бір руы сияқты. Тіпті де олай емес. Ол сонау аумалы-төкпелі заманда Кіші жүз жерін қоныс еткен Тарақты елінің бір бұтағы. Бұған кейінірек тоқталамыз.

Тарақтының Арғынға «жиендігі» туралы жаңсақ пікірдің біздің тарихшылар арасында даңғазаға айналғанынан тек Тарақты ұрпақтары емес, басқалар да хабардар. Ал, тарихшылар соны жан-жақты қарастырып, шындықтың ұшығына шыға алмауда. Соның салдарынан мысық тілеулі кейбіреулер ғылымды бұрмалап, басқаларды кемсітіп, әжуәлайтын сайқы-мазаққа айналдырғысы келетін сияқты. Бұл қалай? М.Мұқанов дейтін тарихшы осы проблеманы мұқият зерттемей «... бұл рудың шығу тегі туралы осы кезге дейін бір пікір қалыптасқан жоқ» деп бұлдыратады. Қысқасы, «көңілсізден бірдеңесі жоқ бала туадының» кері ғой.    

Бұдан біраз бұрын Шымкентте шығатын «Айғақ» газетінде Ж.Боранбай дегеннің «Тарақтының тарихы» деп аталатын мақаласы жарияланды. Көлемі жүз елу жолдай материалда Қазақ халқын құраған іргелі тайпалардың бірі – Тарақты тарихына арналғаны жиырма жолдай, яғни бар-жоғы сегіз сөйлем екен. Ел тарихын мұнша қысқа жазу «шеберлігін» қайдан үйренгені белгісіз. Мұнда намысқа тиетін былапыт сөзден басқа ештеме жоқ. Ауыл арасындағы өсек-аяңды көпшілікке «осылай екен» деп ұсыну ұят емес пе? Өзіндік ой-тұжырымы жоқ, шалағай көшірмеші әр шөптің басын бір шалыпты. Сондағы «білгішсініп» айтпағы не? Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне неге қыстырады? Қозғалып отырған бүкіл қазақ тарихына қатысты терең зерттеуді, біліктілікті қажет ететін маңызды проблема ғой. Бұған Шолаққорғаннан қия басып көрмеген Боранбайдың өресі жете ме?

Бұдан әрі тәжікелесуді артық деп санаймын.

Мен сол елдің қолына қалам ұстаған, намысы бар азаматы ретінде Тарақты тарихына байланысты боямасыз шындықты қалың жұртшылыққа айтып беруді өзімнің борышым санаймын. Бұл шежірелер, ғалымдардың зерттеулері және баспасөзде жарияланған материалдар негізінде жазылды.

Орта жүзге жататын Тарақты тайпасы туралы «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Шежіре» кітапшасында былай делінген:

– Қарақожаның бәйбішесінен Нұржан деген қыз, екінші әйелінен Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, үшінші әйелінен Керей, Уақ туады. Тарақты шежірелерінің сипаттауы бойынша, Нұржан қыздың ұзатылып барған адамы жаугершілікте қайтыс болады да, ол үйіне қайтып келіп отырғанда көптен бала көтермей кеткен анасы, яғни Қарақожаның бәйбішесі босанып, Тарақтыны туады... Қарақожа қартайып, дүниеден өткен соң оның шаңырағына ие болар сүт кенжесі Тарақты үлкен ағасы –  Арғынның қолында тәрбиеленеді. Қария сөздерінде Тарақтының есейе келе бүкіл Орта жүзге «Ноқта ағасы» атануының қисыны да осында, яғни оның әрі кенже, әрі бәйбіше баласы болуынан деп түсіндіріледі.

Бұл топшылаудың тарихи шындыққа сай келетініне дәлелдер баршылық. Ауызекі айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шежіренің бізге жеткен сілемі әлі бұғанасы қатпаған жас Тарақтының ағасының қамқорлығында, апасының тәрбиесімен ержеткенін баяндайды. Амал не, осы ақиқатты бұрмалаушылар нақты жағдайды білмейтінін, көбіне «дейді екенге» әуестенетінін байқатады. Біреулер Тарақтыны «Арғынның баласы» десе, Қазақ совет энциклопедиясында «қыздан туған жиен» деп шатастырады. Мұны айтушылардың ел тарихынан хабары шамалы ма дейміз. Әйтпесе, қазақ жиенін қанша жақсы көрсе де ел басқартқан емес. Бір тайпаның билік тізгінін жиенге ұстату деген әдет-ғұрыпта атымен жоқ. Бұған қосарымыз: жол-жоралғыда топ бастау, билер пәтуәға келе алмаған үлкен дау-дамайда кесімді шешім айту, тек «Ноқта ағасының» құзырлы да мәртебелі борышы саналған. Міне, осы тиянақты уәжге тоқтамау ағайынды көре алмайтындардың құр сандырағы демеске амал жоқ.

Сонымен ел жадындағы ежелгі тарихқа жүгінсек, Қарақожаның шаңырағы кенжесі Тарақтыда қалады. Ол жолы үлкен мұрагер. Осы себептен Тарақты бүкіл Арғынның (бұл Орта жүздің жиынтық аты) «Ноқта ағасы» болып саналады. Билік айту да, сыбаға алу да соның жолы. Басқа Орта жүз оған әрқашан да құрметпен қарайды. Осы қағиданың Сарыарқа төрінде бұлжымай сақталып келе жатқанына қазақтың тарихы куә, елдің ата дәстүріне адалдығы куә десек, артық айтқандық емес.

Орта жүзге жататын басқа тайпа ұлыстарымен Тарақтының  терезесі тең екенін, оның Арғынның бір бұтағы еместігін тарихи жәдігерлер де растайды. Қазақтың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің әлемге аян тарихи трилогиясы «Көшпенділерде» Тарақты ұлдарының басқа бауырларымен қатар І456 жылы дербес Қазақ мемлекетінің іргетасын қаласқаны туралы нақты фактілер келтіріледі.

Қоныс, жер жағдайына байланысты қазақты үш жүзге бөлу жайлы Жәнібек ханның заманында сөз болғаны мәлім. Ел тағдырына қатысты осы маңызды мәселені түбегейлі шешуге Тарақтылар да белсене қатысқан. Бұған байланысты Сарыарқадағы Нұраның Қаратұзы деген жерде болған алқалы жиынға: «Уақ пен Тарақтыдан – Жаубасар, Атымтай батырлар және Борық би келді» дейді жазушы Есенберлин кітабында. Сонда Орта жүзге жер ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты кіреді. Осында Үш жүзге бөліну түбегейлі іске аспағанымен басқа бір маңызды мәселе шешімін тапқан. Халықтың батагөй ақсақалы Асанқайғы бабамыз ел құрамындағы негізгі руларға таңба үлестірген. Сол таңбалар Қаратұздың күңгірт нұрасына балға мен тескіш арқылы қашалған. Басты қырық рудың бірі болып Тарақты тарақ таңбасын алады.

Тарақтының шоқтығы биік тайпа болғанына тағы бір деректі әлгі кітаптан табамыз. Жөнібек ханның жарлығымен қазақ хандығы жау қолындағы Түркістан уәлаяатын қайтарып алуға шабуылға шығатын болады. Бұдан әрі І.Есенберлин былай деп жазды: «Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның Ордасының қасында күзетте қалды». Бұл Тарақтының, Жәнібек ханның ең сенімді тіректерінің бірі болғанын айғақтаса керек.

     Қарақожа бабамыз туралы да кейбір тарихи мәліметтерді де айтуды орынды деп санаймыз. Оның батырлығы мен мемлекеттік қайраткерлігі жайлы жазба әдебиеттерде бірқатар нақты деректер сақталған. Мұны білу кімге болса да қажетті.

Ескі ауыз әдебиетін зерттеуші білгіріміз Шоқан Уәлиханов:  «Арғындар өздерін Қарақожадан таратады» дей келіп, мынадай тұжырым жасапты: «...Не известно где находится могила Токтамыша?... Каракоджа был посланником от Токтамыша к Темирлану. Курганы этих героев находятся на правой стороне реки Ишима, могила ли это их или только памятники, определить невозможно до тех пор, пока эти Курганы не будут раскопаны» (Шығармалар жинағының V кітабы, Алматы. 1968 ж. 298 бет.)

Бұдан шығатын қорытынды Қарақожа бабамыз Алтын Орданың бірлігін, тұтастығын сақтау жолындағы күреске белсене қатысқан қайраткер де болған. Ол Тоқтамыс ханның Ақсақ Темірге сеніп жұмсаған елшісі, яғни сарай маңындағы ақылгөй адамдардың бірі, әрі жауынгер серігі.

Қарақожаның асқан батырлығын академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жазып алып, 1925 жылы жариялаған «Ер Едіге» жырының мына жолдары да құптай түседі:

«Көшкенде көшін айналган,

Өткір семсер байланған.

Жау қарасын көргенде –

Жауар бұлттай торланған.

Бір Алладан қашанда,

Тілек тілеп зарлаған.

Арғындардың басы едің,

Қарақожа батырым...»

Белгілі жазушы Медеу Сәрсеке Тарақты шежіресін зерттеуде көп еңбек сіңіріп, оның тарихи ролін анықтауға лайықты үлес қосты. Ол былай дейді:

– Көбіне Арғын қауымдастығына қосып тарататын Тарақты үлкен тайпа, оның ұраны үшеу: «Ақжол», «Қарақожа», «Жауқашар» («Жаубасар» деп те айтушылар бар). Таңбасы – үш тісті тарақ. Тарақты тегінде лақап аты болса керек. Азан аты – Ақтанберді  екен. Бір соғыста ол қолына үш тісті істігі бар сойыл ұстап шығыпты да, «Жауқашарлап» ұран салып қарсы кезіккен дұшпанды сонымен түйрей беріпті. Ұрыс біткен соң қолбасшы; «Тарақ найзалы батыр, бері жақында», – деп жөнін сұрап, жаудан түскен олжаның басын беріпті. Содан былай Ақтанберді «Тарақ найзалы батыр» аталып, ақырында «Тарақты» есімін иеленіпті.

Құрамы жөнінен Тарақты рулық деңгейден баяғыда асып, ірі тайпа, қауымдастық межесіне жеткен ел. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде: «Орта жүз Тарақтымен қосылып жеті арыс ел атанған» дейді (14 – бет).

Арғын руларының белгілі білгірі Мұса Шорманов, семейлік өлке танушы Н.Я.Коншин өз жазбаларында Орта жүзге негізінен сегіз арыс ел қосылатынын, соның бірі Тарақты екенін атап көрсетеді.

Ал, «Ноқта ағасы» атануына келетін болсақ, ол қазақ қауымында ерекше статусы бар, әрі көптен қалыптасқан дәреже – құрмет болып табылады. Мұндай жоғары мәртебеге Ұлы жүзде  – Жалайыр, Кіші жүзде –  Тама, Орта жүзде  – Тарақты ие болған. Бұл тек осыларға тиесілі рәсім саналады. Басқалар бұған таласа алмайды. Бәрінің де елдік таңбасы  –үш тісті тарақ. Барша қазақ хандарының өрбіген төрелерінің де елдік таңбасы – үш тісті тарақ екенін еске саламыз. Бұлардың арасында қандай байланыс барлығы анықталмаған. Ежелден орныққан салт-рәсім бойынша «Ноқта ағасы» атанған ел өзімен туыстас руларға аға болып, қалың Алаштың ұйтқысы ретінде құрметтеледі.

Тарақты ұлысының қазіргі ұрпағы Қармыс бабамыздан бастау алады. Ол соған дейін бірнеше ата бойы жалғыз тамыр болып келеді. Атасақ былай; Ақтанберді – Тарақтыдан Айт, одан Әлімқожа, одан Алдаберді, одан Қармыс болып жалғасады.

Қармыс бай болған, бес әйелге үйленіпті. Бірінші әйелінен – Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ; екіншісінен – Қарашие, Келіс; үшіншісінен – Алакөз, Жәуке; төртіншісінен  – Апай, Тоқтауыл; бесіншісінен – Қыдыр, Жәші және Бөгежін (іште келген бала дейді). Сонымен Бөгежінді (Шығыс Түркістанда) қоспағанда Тарақты он екі атаға бөлінеді. Шежіреші қарттардың жадында сақталған мәліметтерді баспа деректері де растайды.                                        

Орыстың атақты ғалымы Н.А.Аристовтың «Түрік тайпалары мен халықтарының ата тегі және олардың саны туралы» дейтін 1897 жылы Петербургтен шыққан кітабында: «Қазақтың Орта жүзі арғын, найман, керей, уақ, тарақты, қыпшақ және қоралас ұлыстарынан құралатынын» айта келіп Тарақтыны былай таратады. «Тарақты тайпасы, – дейді ол, – өте тарап кеткен, ол он екі атадан тұрады. Бұлар: Әлі, Сары, Қыдыр, Жәші, Әлеуке, Көгедей, Апай, Тоқтауыл, Бұлдырық, Әйтей, Қосанақ». (122 бет)

Сонан соң осы кітапта 1785 жылғы санақ бойынша Семей дуанында 400 отбасы Тарақты болса, ал 1833 жылғы санақта Ақмола өлкесінде 1790, Қарқаралыда  – 590 отбасы өмір сүрген.

Сонымен бірге Баянауыл, Көкшетау және Атбасар өңірлерінде де Тарақты руларынан қайда, қанша отбасы барын шежіреші қарттар да толықтыра түседі. Мәселен, шежіреші Қанафия Сыздықұлы Ақмола уезіне қарайтын Сарысу Тарақтысында 1920 жылы 2200 отбасы, екі болыс болғанын айтады. Бұлар негізінен Апай-Тоқтауыл, Әлеуке-Көгедей және Қыдыр. Есіл мен Нұра бойында 1800 отбасынан тұратын бір болыс қоныс тепкен. Олардың көпшілігі Сары, Қарқаралы мен Семейде 2500 отбасы, 6 старшын – Әлі Тарақтысы болған.

Тарақтылардың ежелгі атамекені  – Сырдария бойында, Шиеліде Жәші, Қаратау мен Түркістанда Қыдырлар көп екенін айтуға тиіспіз. Бұрын Жиделібайсынды мекен еткен сегіз болыс Тарақты өзбекке сіңіп кеткен. Олар – Алакөл бен Шәуке тұқымдары. Бөгежін ұрпағының 7 болыс елі Шығыс Түркістан мен Қытайда.

1915 жылы қазақ халқының саны 5, 5 миллион адам болған. Ал Тарақты тайпасы 37 мың түтінді құрап жалпы саны 185 мың адамға жеткен. Бұл әрине, толық мәлімет емес.

Қорыта айтсақ, Тарақты ұлысы бүкіл Қазақстанға, оның ішінде Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстарында, сол сияқты одан тысқары жерлерде көптеп қоныстанған іргелі ел болып табылады. Өкінішке орай, тағдыр тәлкегімен шашырап кеткен. Бытыраңқылықтың мәнісін дуалы ауыз қарттарымыз былай түсіндіреді: «Атамыз төресі жоқ жерге төре болыңдар, қожасы жоқ жерге қожа болыңдар» деп бата берген екен.

Қазақ елінің іргесі берік болып, көркеюіне Тарақтылар қай заманда болса да лайықты үлес қосып келеді. Мұның ақиқат екенін тарихтан білеміз. Ел билеген жақсыларымыз, айыр көмей шешендеріміз, жаужүрек батырларымыз, даңқты дихандарымыз, әлемді таң- қалдырған өнерпаздарымыз, қаламы қарымды жазушыларымыз аз болмаған.

Алдымен қоғам қайраткерлері ауызға ілінеді. Қарқаралы – Семейдегі Әлі атамыздан ақыл парасатымен Тышқанбай, Байқошқар, Садырбай, Сәт деген тәуір кісілер шығып, ел-жұртқа ұйытқы болған. Атбасарда –  Тәжі, Түркістанда – Шілменбет, Ташкенде  – Жорабай есімді жақсылар билік құрған. Бұған қоса Сағал мен Сапақ, Сапақ баласы Елқонды, Жазыбек, Құттыбай, Тәттібай, Әуесбай, Рахымжан, Мәдібек болыс болған. Әлеуке Арын 16 жыл бойы старшын қызметін атқарған. Бұлар Арқадағы Сораң және Қойтас болыстарында ел билеген.

Тарақтыдан шыққан, есімдері бүкіл қа­заққа мәшһүр қоғам қайраткерлершің ара­сында Наймантай батыр мен оның баласы Байғозы батырдың алатын орны ерекше. Есенгелді баласы Наймантай Үш жүздің басын қосып Қазақ хандығын нығайтқан Әз-Тәуке ханның бас батырларының бірі болған. Ол Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Байғозы Абылайханның сенімді серігі, Тарақты қолын бастап, жоңғар-қалмақ басқыншыларынан қазақ елін, жерін және дербестігін жан аямай қорғасқан. Шоқан Уәлиханов «ХҮІІІ ғасырлардың батырлары туралы аңыз» дейтін очеркінде Байғозының ерліктерін сүйсіне сипаттайды.

Бізден шыққан, сонау заманда ел қорғаны бола білген батырлардың бірегейі Тоғым батыр. Ол тағдырдың жазуымен өз туыстарынан ірге бөліп Ақтөбе, Қобда бойындағы Кіші жүз Жеті ру Табындармен қоныстас болған. Тоғым батырдың үлкен әулеті осы жерде өмір сүреді. Бұларды жергілікті Кіші жүздіктер Тарақты-Табын деп атайды. Сол Тоғым батырдан төрт ұл тараған. Олар: Құлжа, Олжабай, Сатыпалды және Қарабатыр. Осы Қарабатырдан Атақты Бөкенбай батыр, одан Тіленші батыр (Пугачев көтерілісіне қатысқан), одан Жоламан батыр (Кенесары хан көтерілісіне қатысқан) және Еламан туған. Ал, Сатыпалдының кейінгі бір ұрпағы кешегі Ұлы Отан соғысында құралайды көзге атқан асқан мерген қыз, Совет Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған әкесі Нұрмағамбет екені анықталды. Бұл тарихи деректерді берген қазір көзі тірі, Кіші жүз-Жетіру Табынның шежіресін жазған сексен жеті жастағы Тілепберген Әбдіұлы дейтін білікті қария.

Әлі атамыздың ұрпағы Байқошқар Сұлтанкелдіұлы батырлығымен бірге қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін шешен де алғыр, қажет болса күш көрсете білетін қолы қатты, бірақ әділ би болыпты. Ескі сөздің білгірі Мәшһүр Жүсіптің айтуьнша, қаракесек Шаншар абыздың Келдібегі елден таңдап жүріп Байқошқардың қызы Тоқмейілге үйленген. Сол апамыздан бүкіл қазақты аузына қаратқан атақты қаз дауысты Қазыбек би туған.

Алаш көсемі Ә.Бөкейханов «Қарқаралы уезі» кітабында: «Тышқанбай... Дегелең болысындағы Тарақтылардың бәрінің басшысы, беделді қазақ» деп атап көрсетеді. Тышқанбай «Абай жолы» романында суреттелетін Қарамола съезінде Арғын мен Найман елдерінің арасындағы дау-шарды шешу үшін Абай Құнанбайұлына қосылып билік айтыпты деген сөз бар.

Алыбай батыр және оның інісі Нұрбай ХҮІІІ ғасырда қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауда көзге түскен. Алыбайдың немерелері Аққозы, Байқозы, Тойқозы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, Ақмола бекінісін алуда ерлік көрсеткен. Осыған байланысты өлеңмен жазылған шежіресінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ағамыз, төкпе ақын Ысқақ Ынтықбайұлы былай дейді:

 –Алыбай он жетісінде қалмақ шапқан,

Сөз емес жай айтылған текке мақтан.

Байқозы, Тойқозы мен Ақкозы да

Хан Кене жорығында қаза тапқан.

Байқозы Наймантайұлымен бірге жоңғар­ларға талай рет күйрете соққы берген Орынбай батырды және Абылай ханның қырғызга жасаған жорығында асқан ерлік көрсеткен Қабақ батырды да еске алып, солардың рухына бас иеміз. 

(Жалғасы  бар)

 

Сағат АРЫНҰЛЫ