ҚАРАУЫЛ, ҚАДІРБЕРДІ, БОТАХАН БАТЫРЛАР

d0b1d0b5d0b7d0b8d0bcd0b5d0bdd0b8-1

Жұман Ырысдаулетұлы «Қаратау қырандары» атты кітап. Алматы: «Нұрлы әлем», 2009 жыл.

             Қазақ халқы қай кезде болмасын батырлардан кенде болмаған. Қазақ жерін еш уақытта басқа елдің батырлары келіп қорғаған емес. Елі, жері үшін біздің бабаларымыз қан майданда жанын қиып, арпалысып өткен.

              Автор осы кітабында Бәйдібек бабамыздың ұрпағы Қаратау қойнауынан, Талас өңірінен шыққан елі үшін еңіреп Жоңғар шапқыншылығы кезінде түн ұйқысын төрт бөліп, ат белінен түспеген бабаларымыз жөнінде ой толғайды.

                Қазақ қашан да сыртқы жаулардан көп зардап шеккен ел – ұлан-ғайыр жері үшін, мыңыраған малы үшін қызыққандар дүркін-дүркін шабуылдап тұрған. Қырылып  өліп-тірілген елдің сол кездегі оқиғаларынан сыр шертіліп ел қорғау, жер қорғау қамында асыл ерлер опат болып отырса да бабаларымыз мойымаған. Олардың басынан өткен оқиғалар кітапта қызықты да тартымды баяндалады.

Табиғаттың ең байлығын елді қорғау мүддесіне өте ұтымды пайдалану арқасында жауын жеңе білді. Міне, осы оқиғалар желісі арқылы қазақ халқы данышпан, көреген, арыстандай айбарлы ел екенін дәлелдеген. Осы кітап желісінде осының бәрі баян етілген.

Кітапты оқып шыққан оқырман бағасын өзі айтар.

Ғалым Жайлыбай

 

Бұл тарихи дерек сонау ертеде, 1670 жылдары өмір сүрген, кешегі жер бетінде із қалдырған небір тарихтың бел ортасында жүрген ұлы Дешті Қыпшақ, ұлы Қаңлы, ұлы Үйсін мемлекеттерін құрған, сонау ұлы Қытай қорғанынан бергі даланы, батысы Еуропа жеріндегі мемлекеттерге дейін алып жатқан жердің қожасы, билеушісі болған халықтардың бел баласы, тікелей ұрпағы, 17-ғасырға қазақ болып жүзге бөлініп күші кеміп, қаһары кетіп жеткен қазақ еді. Осы заман кешегі көк түрік аталған, атқа ер салып, үзенгі байла,п өнеге жол көрсеткен халық бүгін бірлігі жоқ елсымақ күй кешіп, ұшан-теңіз даласы кең болса да соған малы симай жататын халықты бүгін жоңғар қалмақтары 100-200 адаммен келіп шауып әкетіп қызын күң, ұлын құл қылып, малын барымталап, айдап кетіп жатқан, өмірдің тәлкегін жеке-жеке, ру-ру болып көріп, тоз-тозы шығып тұрған нәубат заман болатын. Осы заманда төменгі және орта Шу, Талас, Сыр бойының халықтары, Бәйдібектің, оның ішінде Зеріп анадан  тараған Жалманбет ұрпақтары - Шапырашты, Ысты, Ошақты аталарының тікелей ұрпақтарының өмірінен сыр шертпекпіз. Біздің бұл тарихи шежіре келер ұрпаққа өнеге боларына, бір керегіне жарайтынына мән берілді. Келер жас ұрпақ бұны білуге тиіс. Қазақ «жеті атасын білмеген - жетесіз» дейді, бұнда терең шындық жатыр. Осылай ой толғар болсақ  Ысты Ойықтың Көкшекөз атасының бел баласы Қарауыл, одан екі бала Қадірберді, Тілеу. 1678 жылы Қарауыл үлкен ұлы Қадірбердіні үйлендіріп,  іргелі ел Ошақтымен құда болды. 1683 жылы Қарауыл кіші баласы Тілеуді үйлендірді. Бұл жолы құдалық Тілік атамен болды. Өмір осылай жайбарақат жалғасып, қазақтар өсіп-өніп жатар ма еді, егер жоңғар ханы Қалден Цереннің аш көзіне, арам пиғылына көршілес қазақтың ұлан-ғайыр жері мен сансыз мыңғырған малы түнде түсінен, күндіз есінен кетпей, бүйіріне шаншудай қадалып мазасын кетірді. Шауып алайын десе бұл қазақ та онша-мұнша қоқан-лоққыға бой бермесі аян. Өзі көп халық, батыры да көп, жылқысы алысқа шабады шаршамай, қазақ қаруды да өте шебер қолданады. Батырларының жебесі көбіне жоңғар сауытын тесіп өтеді. Терістіктен орыстар, шығыстан жоңғарлар, қытайлар, батыстан Еділ қыпшақтары сияқты көршілердің бәрі қазақты құртып жерін, суын, малын тартып алсақ деген дәмеде еді. Осы арам оймен Қалден Церен қазақ жеріне 1680 жылдардан бастап ауық-ауық қарақшылық шабуыл жасап тұрды, қазақтың ұл-қызы, сансыз малы оның ойын қазақ жеріне қарай тарта берді. Ендей кірген жоңғарлар Жетісу жеріне орнап алып, енді Шу-Талас өзендерінің бойындағы елдерге тиісіп, шауып кетіп жатқан мезгіл болатын. 1691 жылы 200 қолмен келген Шора Церен Шудан өтіп төменгі Таластағы ойықтардың жылқыларын айдап әкетті. Ортаға бір күн салып Қарауыл Қадірберді 120 адаммен  Шудың қалың қамысында айдап келген жылқыларын қалың тоғайға жайып демалып отырған жоңғарларды ойламаған жерден келіп шапты. Қазақтар қуып келеді деген ойларында жоқ бейқам қалмақтардың жайбарақаттығы Қарауылдың аз қолына пайдалы болды. Қарауыл 20 адаммен жылқы қайырып тұрған қалмақтармен соғыс бастады. Қалған 100 адамды Қадірберді бастап Шораның негізгі қолымен соғысты. Тұтқиылдан тиіскен Қарауыл жылқы қарап отырған отыз қалмақты жусатып салды. Жылқышылар ішінде 5 жігіт қазақ екен, Қарауыл жағына шығып кетті. Қос тігіп жатқан жоңғарлардың сыртынан айналдыра от қойып, жоңғарлар екі оттың ортасында қалып берекесі кетті. Оттан құтылып шыққандарды Қадірберді сарбаздары қағып тастап отырды, өрт бара бара күшейіп қалмақтар шулап күңіреніп кетті. Осындай бір мезетте ақ жалау ұстаған елші атып шықты өрт ортасынан.

 Қадірберді:

-Не айтады екен? –деді.

-Не айтасың? - дегенде елші:

–Жоңғар ханы Қалдан Цереннің ұлы Шора Церен қазақтар жекпе жекке шықсын, қорықса бағынсын, - деген сәлемдемесін жеткізді.

Қадірберді:

-Біз тыныш жатқан ел едік, соғыс салған сендер, сондықтан бағынатын сендерсіңдер. Шораңа айт, батыр болса жекпе–жекке шықсын. Немесе бәрің беріліңдер, - деді. Сөйтіп елшіні қайта от ортасына кіргізіп жіберді. Шулаған жоңғарлар ішінен үлкен ақ боз айғырға мінген зор  денелі, мойынымен басы біртұтас жоңғар батыры Шора Церен шыға келді.

–Мен Шора Церенмін маған қарсы тұрар кімің бар? Ей, қазақтар, бәрің қазір өлесіңдер! - деп күркіреген дауысы жер жарардай. Әрине, сұсы қаһарлы болып көрінді. Қадірберді ортаға торы бестімен шыға келіп:

–Мен Қадірберді Қарауыл ұлымын, - деді. Ортаға шықан екі батыр найза кезеп бір біріне қарама қарсы атой салды. Анау жоңғар Қадірбердіден екі есе ірі еді. Қазақтар Аллаға сыйынып «Аруақ! Аруақ! Жауатар! Жауатар» деп шулап тұр. Шораның найзасын қалқанмен қағып жіберген Қадірберді қасынан өте шықты. Бар күшімен найзасына сеніп келе жатқан Шора аттан ауып қала жаздады. Қайта құйғытып келе жатқан екі батыр  шайнамай жұтатын арыстандай күркіреп бірі біріне төніп келеді. Қадірберді қолындағы найзаны жерге қарай тастай берді. Шора «мына қазақ қорықты ма, неге найзасын жерге тастады» деп ойлап үлгергенше кезеніп келе жатқан жау найзасын Қадірберді тағы қалқанымен қағып жіберді де, қасына келіп қалған Шораны бар күшімен қол шоқпармен басынан ұрып өтті Шораның оң қолы найзада еді Қадірберді ұрған шоқпардың құлақ шекеге тиген күшімен басы жұлынып кетердей зырқ ете қалды. Көзі қарауытып аттан бар салмағымен ауып бара жатып жан далбасамен атының жалынан құшақтап қалды. Көзі ештеңе көрмейді. Қайта айналып келген Қадірберді ат жалын құшып есеңгірегеп тұрған Шораны қатарласа беріп көк желкеден тағы бір соғып өтті. Шора екінші тиген соқыға төтеп бере алмай кескен томардай атынан ауып бара жатты. Шораның сол қолын көкпар әдіспен тақымға қысып оң қолымен белдегі кемер белбеуден ұстап аттан аудара жұлып алып лақтай сүйрей шапты. Екі айналып келіп қазақ сарбаздарының алдына тастай берді. Екі жасар бұқашықтай зор денелі Шора жерге гүрс етіп құлап түсті. Шулап тұрған жоңғарлардың үні өшіп, тым-тырыс болып қалды. Осы кезде қуанған қазақтар «Жауатар! Жауатар!» деп шулап кетті. Тағы ақ жалау ұстап жоңғар елшісі көрінді. Қадірберді:

-Иә, не дейсің, тағы бағын деп кеп тұрсың ба, жоқ әлде Қалдан Церен жекпе жекке шақырып жатыр ма? – деді ызғарлы кекесінді үнімен.

–Сендер қазақтар жеңдіңдер. Бізге Шораның денесін беріңдер. Алған малымызды қайтарып біз кетеміз. Қадірберді қатты ашу үстінде оған:

–Қолдарыңда қанша қазақтың қызы мен ұлы бар, қанша жылқы бар? Тек шыныңды айтсаң аман жібереміз- деді. Елші мөнтең қағып:

–25 ұл, 17 қыз қосында отыр және 15 жылқышы 3700 жылқы бар, - деді.

-Осының бәрін қайтарып бересіңдер, бұл бір. Екінші, бар қаруларыңды тастайсыңдар және Шора Церенмен сен ант бересіңдер қайта қазақ жеріне келмеске. Осыны орындайсың. Мына Шораңа түсіндір. Елші:

–Ол тірі ме? - деп қуанғанын жасыра алмады.

–Әзірге тірі.

–Маған рұқсат беріңіз, қасына барайын.

–Біз қазақ кең халықпыз, рұқсат!

Шораның басын көтеріп бетіне жанторсығынан су бүрікті.Ыңырсып көзін ашып.

–Мен тірімін бе? - деді. - Қазақтар қайда? Елші көзі бақырайып сасқанынан тағзым етті патша алдында тұрғандай. Осы кезде:

-Мынау кім нағашысының үйінде жатқандай? –

 деген дауысқа жалт қараса әкесі Қарауыл екен келіп тұрған. Қадірберді асығыс:

–Бұл жатқан Шора Церен, ал қасындағы елші сауға сұрап келіп тұр. Шораны беріңдер деп тұр. Мен бұған қолдарыңдағы ұл, қызбен қоса жылқыларды түгел қару жарақпен қайтарасың деп тұрмын, әке - деді. - Сіз не дейсіз?

–Менің  қосарым, мына доңыздың есін жиғызып  ант алу керек. Осылай болсын. Бұл кезде Шора Церен де орынынан тұруға әрекет қылып жатты. Көзі аш қасқырдың көзіндей қанталап қазақтарға ызалы түрде алара қарайды. Қадірберді елшіге:

-Адамдарыңа айт, бері шығып аттан түсіп, бүкіл сауыт-сайманын шешіп бір жерге тастасын. Егер арам ойларың болса бәріңді де өлтіруге тура келеді. Елші Шораға түсіндіріп айтып еді, ол ыңыранып, ырсылдап көніңкіремей отырды. Елші тағы айтқаннан соң барып көнген белгісі болар, беліндегі семсерін, сауытын шешкізді, бірақ тұруға әлі жетпеді ме әлде айла қылды ма онысы белгісіз. Елші Қадірбердіге қарап мені жеңген батыр кім деп сұрап жатыр деді. Қадірберді әкесі Қарауылға қарады.

–Сені женген қазақтың батыры Қадірберді Қарауылұлы, бұл мырзалық қылып сені өлтірмей тұр Құдайға тәубә де. Сен Шора Церен деген кімсің?

Елші Шораға түсіндірген соң, ол аңтарыла қарап, түсін суытып, гүрілдеуге жағдайы келмесе де шамасы келгенше даусын көтере:

-Қалден Цереннің 5-ші баласымын, қытай қызынан туғанмын, - деді.

-Ал, елші, сен адамдарыңа бұйрық бер! - деді Қарауыл. Шора елшіге айт деп рұқсат етті. Елші орнын тұрып, «бері келіп қаруларыңды түгел қазақтарға өткізіңдер, сауытпен қоса» деді. «Бұл - Шораның бұйрығы. Ана қыздар мен ұлдардың да бәрін бері әкеліңдер» деді қосымша. Біртіндеп Шораның сарбаздары оттан бері өтіп, қарулары мен сауыттарын үйіп тастай берді «195 адам өтті, қалғандары қайда?» деді Қадірберді. 25 ұл мен 17 жас қызды айдап келді 5 жоңғар. Қаһарлы дауыспен «бәрінің қолын шеш!» деген Қадірбердінің қолы қылышының қынабына барып қалды. Әбден таяқ жеген ер балалар алды 20, арты 15 жас шамасында. Қарауыл шыдамай:

–Ей, Шора, сенің мына жастарда нең бар? Әке-шешелерін өлтіргенсің ғой шамасы? Сенің басыңды алсақ сен үшін жеңіл өлім болар. Ал, Шора Церен, мына сарбаздарыңның алдында ант бер құдай атымен. Енді қазақ жеріне аяқ баспаймын де.

 

(Жалғасы бар)

Жұман ЫРЫСДАУЛЕТҰЛЫ