«АҚ ЖОЛ» ОМБЫҒА ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯ АТТАНДЫРДЫ
2014 ж. 03 маусым
3895
0
Ежелден көршілік хақы сақталған іргеміздегі Омбы қаласының тарихы Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласымен қарқынды қарым-қатынаста болатын. Бүгінде еліміздің тәу етер тәуелсіздігіне ие болуына орай Омбыдағы қазақ диаспорасы да ұлттық-мәдени орталықтар құрып, өзара ынтымақты байланыстарын қайтадан жандандырып, жолға қоя бастады, барыс-келіс көбейіп, сауда-саттық ұлғайып келеді. Ойыңа ұйытқы болып санаңды қалғытпайтын руханият саласында да ұлтқа қажетті, жұртқа керекті бір-бірімізден үлгі алар игі шаралар да қомақты бола түсті.
Үстіміздегі жылдың 3 маусымында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Ресейдің ОМБЫ қаласына бір топ алаштанушы ғалымдардан жасақталған ғылыми экспедиция аттандырды. Экспедиция құрамында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани институтының директоры, ф.ғ.к. PhD Сұлтанхан Аққұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. профессор Зиябек Қабылдинов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, т.ғ.к Сұлушаш Құрманова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты Еркін Рахметуллин бар.
Аталмыш ғалымдармен 3-21 маусым аралығында Омбы қаласына жасалатын ғылыми экспедицияның негізгі мақсаты қазақ халқының тарихы үшін Ресей мұрағаттары, соның ішінде, елімізбен шекаралас облыс-өңірлерінің сирек кездесетін мұрағат қорларының деректері аса маңызды болып табылады. Ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарып ашу үшін құнды, қормалды айғақ-деректер бір кездегі қазақтың атамекені, бүгінгі Ресей Федерациясына қарайтын Омбы қаласында көптеп жинақталған.
Оған бірінші себеп, Омбы облысының байырғы қазақ жері екендігі, ХІХ ғасырда Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарын қамтыған Батыс-Сібір, кейінірек Дала генерал-губернаторлығының орталығы болғаны, сондай-ақ ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында «Дала облыстарының» қазағы үшін отарлық-әкімшілік, ірі рухани-мәдени және сауда-экономикалық орталық болғандығы талас тудырмайды. Омбы - Ресейдегі қала. Омбы облысының орталығы. Халқының саны жағынан (1172 мың) Новосібірден кейін 2-орын алатын Сібірдің ірі өнеркәсіп орталығы. Омбы бекінісін 1716 жылы Петр I патшаның бұйрығы бойынша Сібір генерал-губернаторы М.П.Гагарин салдырған. Яғни, Ресей империясының отарындағы алыс мекендерді бақылайтын осы сияқты бекіністер қазақ жерінде де көптеп орын тепкен. Кейбір ресми мәліметтер бойынша олардың жалпы саны 300-ден асып жығылады. Сонымен қатар, 1813 жылы қазақ жерлерін басқару мекемелеріне жергілікті жастарды даярлау мақсатында Омбыда Сібір әскери орыс-қазақ желілік училищесі де құрылды (кейіннен кадет корпусы). Бұл әскери оқу орнын қазақ ақсүйектерінің өкілдері Ш.Уәлиханов, М.Шорманов және т.б. оқып бітірген.
Екінші себеп, Алаш ұлт-азаттық қозғалысын ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақтың тарихында елеулі ұлттық қайта өрлеу құбылысы ретінде қарастырамыз (қазақ ренесансы). Сол тұстағы рухани-мәдени орталықтардың бірі болған Омбы қаласының айтулы оқу орындарында Алаш өкілдерінің жетекші тобы - көптеген белгілі қазақ қайраткерлері оқып, білім алған. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Қошке Кемеңгер және т.б. Сол себептен де, Алаш зиялыларының ғасыр басындағы қоғамдық қызметі бұл өңірмен тығыз байланыста өрбіген.
Жоғарыдағы мәліметтерді ескере отырып, ғылыми іс-сапар барысында Алаш қозғалысына қатысты деректер жинастыру, соның ішінде, Әлихан Бөкейханның 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі Батыс Сібір, Дала (Қазақ) және Түркістан өлкелері басылымдарда жарияланған материалдарын қарастыру, атап айтқанда – 1906-1907 жылдары Алаш көсемінің редакторлығымен шығып тұрған «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттерінің табылмаған сандарын іздестіру, сондай-ақ - қазақтың соңғы ханы Кенесарының өмірі мен көтерілісіне және қайғылы қазасына қатысты деректерді іздестіру (ұлттық тарихымыздағы қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесарының да ақырғы ізі осы Омбыға келіп жоғалатыны мәлім), ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында орын алған саяси науқандарда тәркілеуге, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтар туралы мұрағат деректерін алу көзделіп отыр.
Ғылыми зерттеу арқауына негізделген жұмыстардың елімізге қашанда игі шарапатын тигізіп, зор жетістіктерге жетелейтіні ақиқат. Осы тұрғыда ұлт руханиятын, тарихын да алға сүйрейтін, жауапкершілік жүгін де арқалайтын ғалымдар. Яғни, «Батыр болған бақырып болмайды, ісімен дәлелдейді»,-демекші ел мүддесі жолында сапарға шыққан ғалымдарымызға сәттілік жолдас болсын!
Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ
«Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының сарапшысы, алаштанушы