ХАЛЫҚҚА ҚАЛАММЕН ДЕ, ҚАРУМЕН ДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

d181d0bed0b3d18bd181

Қызылорда қаласының  іргесіндегі  «Қызылжарма»  ауылында  кеудесі алтын сандық Қасым Мәліков  деген қария тұрады. Ол биыл Алланың  берген күш-қуатының  арқасында тоқсанның  төбесіне шықты.  Жасы келіп,  кәрілік жеңген  соң ба, Қасым ата анда-мұнда  шыға бермейді.  Тек шақырған жерге табаны  тартса барады, әйтпесе,  пеш қуысында көзілдірігін киіп алып газет, кітап-журналдар оқып жатады да қояды. Ара-тұра теледидардан көкейіне қонатын тәуір хабарлар, сосын ескі кинолар болса, кешкісін немере- шөберелерімен бірге шай үстінде сығырайып отырып соны көреді. Жастар  жағы  «ата, оны  баяғыда көріп қойдық қой »  десе олармен салғыласып үлкендік істеп сақалын сатпайды. Тым-тырыс момақан қалпы жылы орнына бара қояды. Өмір деген  қызық қой, кейде іші  пысып, көшеге шығып, аяңдап, іштегі шерін тарқатайын десе, еңкейген мұнымен ешкімнің ісі жоқ.  Тек біреу-жарым кісі болмаса.  Қатарласының көбі демі таусылып, пәниден бақиға кетіп қалған. Содан  серуендеп, таза ауа жұтады да, үйге  қайтады. Ал мереке күні  әсіресе, Жеңіс мейрамы жақындаған кезде, ауылдағы мектеп оқушылары Қасым атаға тыныштық бермейді.

-Ата, соғыс туралы айтып беріңізші, - деп қиылып келеді де тұрады.

-Басқа кезде қайда қалдыңдар? -  деп тонын теріс айналдырайын десе ұят, баламен бала болуға бола ма? 

-Е, қарақтарым,  ел басына қатер төнген ауыр күндерді жұртпен бірге мен де көрдім. Аштықты да, соғысты да, атажұртым осы – Сыр елі. Бірақ әкем малдың жағдайымен жас кезінде  Торғай жаққа көшіп барады.  Сорымызға ол жер құтсыз болып, әкем кәмпескеге ұшырады. Кеңес үкіметінің  жандайшаптары  ұстап алып,  темір торға тоғытады.  Сол кеткенннен  мол кеткен...  Мен ол кезде 5 жаста едім.  Содан қалған ағайын-туған бәріміз Торғай жерінен жан сауғалап, қияндағы Қырғызстанға қарай көштік, ол елде мақта жинадық, жер жырттық, масақ тердік. Сөйтіп анама қолқанат болдым. Сабақты түнде сығырайған білте май шамның жарығымен  жұмыстан шаршап келіп оқитынбыз.  Сабақтан қалу деген болмайтын, - деп бір желпініп алады әңгімесін әрі қарай жалғай түсіп.

- Соғысқа сол Қырғызстаннан аттандым, майданда  Литва жерінде, Псковта болдым. Отан үшін  туған жер үшін жаумен жағаластық, шайқастық, атыстық, жараландық.  Атпайын десең олар сені атады. Сені өлтіреді. Сондықтан елім деп артта қалған  ата-анаң мен  шыбын жаның үшін қимылдайсың ғой.  Бойым кішкентай болса да,  немістерге  есемді жәберген жоқпын - деп те қояды сәл мақтаныңқырап. 

 - Сол немістер дегендер қандай адамдар? - дейді  кейбір оқушылар оны сөзге тартып

- Қандай болушы еді, олар да өзіміздей адамдар, оларда төрт қол, төрт көз жоқ, - дейді қысқа ғана.

- Соғыстан алған орден, медальдарыңыз көп пе? - дейді тағы бір оқушы омырауындағыларды көріп тұрса да.

- Ә, шырағым мен соғысқа орден, медаль үшін барды ғой дейсің бе? Командирлердің бергенін алдым, өздігімнен сұрағаным жоқ, - дейді костюміндегі «Қызыл жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы  ордендерін, сосын бірсыпыра  мерекелік медалдарын көрсетіп.

- Ата, сізді ақын, өлең жазады дейді. Неше кітабыңыз шықты? - деп сұрайды оқушылар тағы да қарап отырмай.

- Айтқандарың дұрыс, мен де жұрт қатарлы өлең жаздым. Бірақ елге танылған нағыз ақын емеспін, өлеңшімін  тек жақында жас  кезімдегілерді   жинастырып, құрастырып, балаларым «Қайда кетіп барамыз?» деген бір кітап шығарып берді.  Ет пен терінің арасындағы бірдеңелер ғой. Қай қазақ өлең жазбаған?

Қай қазақ ән салмаған? Домбыра шертпеген, қарақтарым?

Ал, енді осыған қосымша мынаны айтайын, - деп сөзін ары қарай сабақтайды.

-Жас уақытымда анама, әкеме, сосын әдемі сұлу қыздарға талай өлең арнадым, оның несін жасырайын. Қыз десе қай жігіт сезімін іркіп ұстаған дейсің? Сөйтіп біз де өлең жаздық қой, балалар-ау, олар әртүрлі басылымдарда ара-кідік шығып тұрды. Соғыста да, осындай өнерімнің  арқасын да жаман болмадым. Майдандық газеттерге   қаруластардың ерлігін жеткізіп тұрдым.  Қанды майданнан келген соң, жастайымнан өскен жерім Қырғызстанда аудандық «Ленин жолы» деген газетте жұмыс істедім.  Редактор болдым. Аудандық партия комитетінің  үгіт-насихат және ауыл-шаруашылығы бөлімдерін басқардым. Өйткені мен соғыста жүріп, партия қатарына өткенмін. Қырғыз тілінде мақалаларды  бұрқырататынмын. Басшыларды сынап, ара-тұра фельетонға да қалам тарттым. Ұлы ақын Абайдың   өлеңдерін қырғыз тіліне аудардым. Менің идеологиялық жұмыстың ойы мен қырына жүйріктігім, белсенділігім, сол кездегі Мәскеуден Қырғызстанға келген басшылардың көзіне ілігіпті. «Неге мына жігітті  партшколға жібермейсіңдер?» деп қырғыздарды бір сілкіп алыпты олар... Сосын оларда жан қала ма? Бір күні мені  жоғарғы партия мектебіне оқуға аттандырды.  Жасым ол кезде   35-тен өтіп кеткен болатын.  Сонда да жоғарыдан жарлық болған соң, жасыма қарамай, партия мектебіне қабылдады. Ол заманда бұл мектепте екінің бірі оқи бермейтін.

 - Содан кейін? - дейді тағы бір оқушы.

- Содан кейін қайда барайын? Партия мектебін бітірген соң, Мәскеудің дипломымен Қырғызстанның комсомол, партия және кеңес жұмысында түрлі қызмет атқардым,. 1967 жылы өзге елде  бұлай жүре бергенім болмас, не де болса, туған жеріме барайын. Бойымдағы барымды сонда жұмсайын деп, Қазақстанға көшіп келдім.  Оңтүстік Қазақстан облысында партия мектебінде, мамандығыма сай  аудандарда ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, бас агроном болып істедім, егінмен тілдестім, сырластым, зейнетке шыққанша осы кәсіптің шалғайынан ұстап, дәм-тұзын таттым, жаман болмадым. Кәсібіме, арыма қылау түсірмей еңбек еттім, соның арқасында қайда жүрсем да, қандай қызмет атқарсам да құрметке бөлендім.

Ата, неше балаңыз бар?

Құдайға шүкір, ұл да бар, қыз да бар.  Қазақ баланың санын айтпайды ғой, десе де сендер қиылып сұраған соң, айтпасам пендешілік болады.  кіндігімнен тараған он перзентімнен қырықтай балапандарым бар, қарақтарым – дейді ол.

Міне, қызылжармалық қарт, соғыс және еңбек ардагері Қасым Мәліков ардагеріміз осындай жан. Зайыбы  жалғаннан ертерек өтіп кетсе де, отбасының тізгінін ұстап, кіші баласымен бірге  өзгелердей «анауым жоқ, мынауым жоқ» деп басшылардың тынышын алмай,  құдайдың берген  несібесін немере-шөберемен бірге бөлісіп  жеп өмір сүріп жатыр. 

-Егемен елімнің  әр отбасында  мол бақ-дәулет болсын. Ұрпағымыз көбейсін!  Халқымыз соғыс көрмесін! - деп күн сайын Жаратқаннан тілек тілейді ол.

 

Ізмұрат Құттыбай